Баспахана саласының ардагері дүниеден өтті

Тоқсанбаев Сергей Әбдірахманұлы 1938 жылы 5 кыркүйекте дүниеге келген. Сергей Әбдірахманұлы 1956 жылы мектеп бітіргеннен кейін Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтқа оқуға түсті. 1961 жылы орыс тілі мен әдебиеті мұғалімі мамандығын меңгерді. 1962-1964 жылдары А.Жданов атындағы №36 орта мектепте мұғалім, 1964-1969 жылдары №210 орта мектептің директоры, 1969 жылы аудандық дене шынықтыру және спорт комитетіне төраға, 1979 жылы шаруашылық комитетінің бастығы болды. Ал 1980 жылы аудандық баспаханаға басшы ретінде бекітілді. Ардақты азамат зейнетке шыққанға дейін 21 жыл бойы аудандық баспахананы басқарды. Мұнда білікті басшы ретінде талай тірліктің басы-қасында болып, ауыртпалық жүгін көтерді. Сондай-ақ аудан халқына күні-түні басылымның уақытылы шығып, тарауына өзіндік үлесін қосты. Осы еңбегі үшін құрметті қария «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атанды. Ұстаздардың ұстазы атанған жары Зоя Алданқызымен баянды ғұмыр кешті. Ардақты жандар 3 қыз, 2 ұлды дүниеге әкеліп, тағылымды тәрбие берді.
Есімі Сыр жұртшылығына белгілі ақсақал, ел ағасы, абыз атанған ардақты азамат ел сыйлысына айналды. «Сыр медиа» ЖШС-і, Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы» газеті редакциясының ұжымы, сала ардагерлері, марқұмның ағайын-туыстарының, ұрпақтарының орны толмас қайғысына ортақтасып, көңіл айтады.
Ғибраты мол жанның жарқын бейнесі мен іскерлік үлгісі ұзақ жылдар бойы жадымызда сақталады. Бақұл болыңыз, арда азамат!
«Сыр медиа» ЖШС-і, Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы» газеті редакциясының ұжымы, сала ардагерлері