Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қайрат Бержанов, Сырдария аудандық сотының төрағасы: сот төрелігі – әділдік айнасы

Қайрат Бержанов, Сырдария аудандық сотының төрағасы: сот төрелігі – әділдік айнасы

24 маусым – республика аумағында заң үстемдігін қамтамасыз етіп, әділдік қағидатын орнықтыру жолында аянбай еңбек етіп жүрген судьялар мен сот қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Құқық пен тәртіптің сақталуына, әрбір азаматтың заңды мүддесі мен бостандығын қорғауға өлшеусіз үлес қоса білген сала мамандары – бар құрметке лайық. Сот – қоғамдағы әділдіктің айнасы, заңның салтанат құруына негіз болатын маңызды институт. Мемлекет пен қоғам арасындағы сенімнің нығаюы, азаматтардың құқығының қорғалуы, даулы мәселелердің заң аясында шешілуі – сот жүйесінің кәсіби біліктілігі мен жауапкершілігіне тікелей байланысты. Бұл ретте, аудандық соттың төрағасы Қайрат Бержановпен жыл көлемінде жасалған сала жұмысына байланысты сұхбаттастық.

– Қайрат Махамбетұлы, Сырдария аудандық соты­­ның ұжымы есепті мерзімде қандай жұмыс атқарды?

– Бүгінде елімізде сот жүйесін жаңғырту, оның ашықты­ғы мен қолжетімділігін арттыру бағытында ауқымды жұмыс атқарылуда. Сот төрелігінің сапасын көтеру, цифрландыру үдерісін енгізу, кез келген азаматтың сотқа деген сенімін нығайту – уақыт талабы. Мұндай маңызды міндеттің жүзеге асуы, ең алдымен, судьялар мен сот қызметкерлерінің біліміне, тәжірибесіне, еңбекқорлығы мен әділдігіне сүйенеді. Айта кетейік, 2026 жылдың алғашқы 5 айының қорытындысы бойынша соттың жұмысында бірқатар маңызды көрсеткіш қалыптасты. Есепті кезеңде сот төрелігін сапалы жүзеге асыру, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, істерді уақытылы және заң талаптарына сәйкес қарау бағытында жүйелі жұмыс жасалды. Қаралған қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істердің көрсеткіші сот жүктемесінің жоғары екенін аңғартса, дауларды бітімгершілікпен шешу, цифрлық форматты кеңінен қолдану, ашықтық пен қолжетімділікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстардың да нәтижелі жүргізілгенін байқауға болады. Ең алдымен, қылмыстық істерге тоқталсақ, 2026 жылдың 5 айында сотта 32 адамға қатысты 28 қылмыстық іс қаралды. Оның ішінде, 17 адамға қатысты 17 іс бойынша үкім шығарылды. Бұл – соттың қылмыстық істерді мәні бойынша қарап, заңды шешім қабылдау бағытындағы негізгі жұмысының нақты көрінісі. 4 адамға қатысты 4 қылмыстық іс тоқтатылды. Мұндай шешім заңда көзделген негіз болған жағдайда қабылданады. Ал 4 іс соттылығы бойынша жолданды, яғни аталған іс тиісті соттың қарауына жататындықтан, заң талабына сәйкес құзыретті сотқа жіберілді. Бұдан бөлек, 4 тұлғаға қатысты 2 іс прокуратураға кері қайтарылды, 3 жекеше қаулы қабылданды. Қылмыстық істерден бөлек, сотқа түскен материал бойынша белгілі бір жұмыс атқарылды. 2026 жылдың 5 айында 17 материал түсіп, оның 15-і қанағаттандырылды, ал 2 материал қанағаттандырудан бас тартылды.

Азаматтық істерге келсек, есепті кезеңде сотқа 471 талап қою арызы және 3 іс түсті. Жалпы алғанда, 382 азаматтық іс қаралды. Азаматтық істің мұндай көлемде қаралуы халықтың сот арқылы өз құқықтарын қорғауға жүгіну белсенділігінің артып отырғанын білдіреді. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда азаматтық істер бойынша өсім айқын байқалады. Атап айтқанда, талап қою мен істердің саны 211 іске немесе 125 пайызға көбейген. Қаралған іс саны 192 іске немесе 99 пайызға артқан.


Әкімшілік құқық бұзушылық істері бойынша да сотта ауқымды жұмыс жүргізілді. 2026 жылдың 5 айында сот өндірісіне 185 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс түсті. Оның ішінде, 11 іс біріктіріліп, 166 адамға қатысты іс қаралды. Қаралған әкімшілік істердің нәтижесінде 123 адамға әкімшілік жаза қолданылды. Ал 43 адамға қатысты іс тоқтатылды. Бұдан бөлек, есепті кезеңде 7 жекеше қаулы қабылданды.
– Сот саласындағы дауларды татуластыру және цифрландыру мен ашықтықты қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарға тоқ­талсаңыз...

– Сот жұмысының маңызды бағы­тының бірі – дауларды татуласу тәртібімен шешу. Тараптар ара­сындағы дауды сот шешімін күтпей-ақ өзара келісім арқылы аяқтауға мүм­кіндік беретін тиімді құқықтық құрал ретінде қарастырамыз. Есепті кезеңде 109 азаматтық іс, 27 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс және 1 қылмыстық іс татуласу, медиация тәрті­­бімен аяқталды. Бұл – медиация институтының тәжірибеде кеңінен қол­данылып келе жатқанын және азаматтардың дауды өзара келісім арқылы шешуге деген ұмтылысының бар екенін білдіреді. Татуласу рәсімі тараптың уақытын үнемдеп қана қоймай, әлеуметтік шиеленісті төмен­­­детуге, екі жақ арасындағы қаты­насты сақтауға да оң әсер етеді. Сот қызметіндегі тағы бір маңызды бағыт – цифрландыру мен ашықтықты қам­тамасыз ету. Осы ретте есепті кезеңде істердің 100 пайызы аудио-бейне жазба арқылы қаралғанын атап өткен жөн. Сот отырыстарының ашықтығын, процестің объективті өтуін қамтамасыз ететін маңызды тетік болып табылады. Аудио-бейне жазба қос тараптың құқығын қорғауға, сот отырысының барысын нақты тіркеуге және сот төрелігінің сапасын арттыруға қызмет етеді. Әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі істер мен қылмыстық істердің 100 пайызы электронды форматта түсіп, қаралған. Бұны сот жүйесіндегі цифрландыру үдерісінің нақты нәти­жесі деп айтуға болады. Электронды құжат айналымы сот жұмысының жеделдігін арттырып, құжатты қабыл­дау мен қарауды жеңілдетеді, азаматтар мен мемлекеттік органдар үшін де қолай­лылық туғызады. Жалпы алғанда, 2026 жылдың 5 айындағы көрсеткіш сот жұмысының барлық бағытта қар­қынды жүргізілгенін көр­сетеді. Қыл­мыстық, азаматтық және әкімшілік іс­тердің едәуір көлемде қаралуы, татуласу рәсімдерінің белсенді қол­данылуы, электронды фор­мат­тың толық енгізілуі, аудио-бейне жазбаның 100 пайыз қолданылуы – мұның бәрі сот төрелігінің сапасын арттыруға, азаматтардың сотқа деген сенімін нығайтуға бағытталған нақты қадам саналады. Алдағы уақытта да сот ұжымы заң үстемдігін қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен бос­тандықтарын қорғау, сот төрелігін сапалы әрі уақытылы жүзеге асыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыра береді. Басты мақсат – халыққа қол­жетімді, ашық, әділ және тиімді сот төрелігін қамтамасыз ету.

– Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің қабылдануы сот жүйе­сіне қаншалықты өзгеріс әкелді?

– 2021 жылдың 1 шілдесінен бас­тап Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі қолданысқа енгізілді. Биыл осы маңыз­ды құқықтық құжаттың күшіне енгеніне бес жыл толғаны мәлім. Жалпы, ӘРПК-нің қабылдануы – еліміздің құқықтық жүйесіндегі аса маңызды реформаның бірі болды деп айтуға толық негіз бар. Өйткені бұл кодекс азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтарын қорғау тетігін жетілдіруге, мемлекеттік органдар қызметінің ашық­­тығы мен жауапкершілігін арт­тыруға, сондай-ақ жария-құқықтық дауларды қараудың жаңа әрі тиімді үлгісін қалыптастыруға жол ашты. Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс ең алдымен азамат пен мемлекеттік орган арасындағы құқықтық қатынасты жаңа деңгейге көтерді. Бұған дейін мемлекеттік органның шешімімен немесе әрекетімен келіспеген азамат өз құқығын қорғауда белгілі бір қиындықтарға тап болып жататын. Ал ӘРПК қолданысқа енгеннен кейін жария-құқықтық дауларды қараудың нақты құқықтық тетігі қалыптасты. Кодекс әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыру тәртібін, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу қағидасын айқындап, азаматтардың бұзылған немесе дау­лы құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағыт­талған маңызды құралға айналды. Кодекстің басты ерекшелігінің бірі – әкімшілік әділет жүйесінде соттың белсенді рөлінің күшеюі. Яғни, әкім­шілік сот ісін жүргізуде судья тек тарап ұсынған дәлелмен ғана шектеліп қалмайды. Керісінше, істің мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтау үшін қажет деп санаған бар­лық жағдайды зерттеп, дәлелдеме жеткіліксіз болған жағдайда оларды жинауға да бастамашылық жасай алады. Бұл – азамат пен мемлекеттік орган арасындағы дауда тараптардың мүмкіндігі тең емес екенін ескеретін өте маңызды жаңашылдық. Себебі көп жағдайда мемлекеттік органның құқықтық және институционалдық мүмкіндігі әлдеқайда жоғары болады. Осындай жағдайда соттың белсенді рөлі азаматтың құқығын тиімді қор­ғауға нақты мүмкіндік береді. ӘРПК заңдылық, әділдік, құқықтарды, бос­тандық пен заңды мүддені қорғау, мөл­шерлестік, құқық басымдығы, сенім құқығын қорғау, анықтық презумпциясы, соттың белсенді рөлі, әкімшілік сот ісін жүргізудің ақылға қонымды мерзімі және сот актілерінің міндеттілігі сияқ­ты маңызды қағидатты бекітті. Тек сот қызметінде ғана емес, мемлекеттік органның шешім қабылдау үдерісінде де азаматтардың құқықтарын басты назарда ұстауға ықпал етті. Бес жыл ішінде Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс өзінің тиімділігін көрсетті деп нық сеніммен айтуға болады. Осы уақыт аралығын да әкімшілік соттар азаматтардың құқықтарын қорғаудың шынайы әрі пәрменді тетігіне айналды. Мемлекеттік органдардың ше­шім­дері мен әрекеттеріне қатысты көптеген даулар сот тәртібімен қара­лып, азаматтардың бұзылған құқық­тарын қалпына келтіруге жол ашылды. Бұл, өз кезегінде, заңдылық пен әділдіктің сақталуына ықпал етіп қана қоймай, мемлекеттік басқару сапасын арттыруға да оң әсерін тигізді. ӘРПК-нің енгізілуі халықтың сотқа деген сенімін нығайтты деуге болады. Өйткені азаматтар енді мемлекеттік органның кез келген заңсыз шешіміне немесе әрекетіне қатысты сотқа жүгініп, өз құқықтарын қорғаудың нақты әрі тиімді тетігіне ие болды. Құқықтық мемлекет қағидатының іс жүзінде жүзеге асуына, жария-құқықтық қатынастарда әділдік пен тепе-теңдіктің сақталуына ықпал етті. Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс – азамат пен мемлекет арасындағы дауларды өркениетті жолмен шешуге арналған маңызды құқықтық құрал.

– Елімізде үш бірдей тәуелсіз кассациялық соттың жұмысын бас­тауы сот жүйесіне қандай өзге­ріс әкеледі?

– «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға енгізіл­ген өзгерістерге сәйкес, 2025 жылдың 1 шілдесінен бастап Астана қаласында қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша үш дербес кассациялық соттың жұмысын бастауы болды. Бұл – сот жүйесіндегі ауқымды институцио­налдық өзгеріс қана емес, сот төрелігінің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыруға бағытталған ма­ңызды қадам. Жаңа кассациялық сот­тардың құрылуы, ең алдымен, қоғам сұранысынан туындағанын атап өткен жөн. Себебі бұған дейін тәжірибеде қолданылып келген «таңдап қарау кассациясы» азаматтар тарапынан жиі сынға ұшырап келді. Яғни, Жоғарғы Сотқа берілген шағымдардың барлығы бірдей мәні бойынша қаралмай, тек іріктелген бөлігі ғана кассациялық қарауға жіберілетін. Бұл, әрине, аза­маттардың сотқа қолжетімділігіне, олардың шағымының толық әрі жан-жақты қаралуына қатысты орынды сауалдар туғызды. Мемлекет басшысы да осы мәселеге назар аударып, 2023 жылғы 12 қыркүйекте отандық бизнес өкілдерімен кездесуде қылмыстық және азаматтық істердің небәрі 5 пайызы ғана кассациялық тәртіпте қаралатынын айтып, бұл көрсеткіштің өте төмен екенін атап өтті. Осыған байланысты дербес кассациялық инстанция құру қажеттігін көтеріп, құзырлы органдарға нақты тапсырма берген болатын. Осы бастаманың нәтижесінде бүгінгі таңда Астана қаласында үш бағыт бойынша дербес кассациялық соттар жұмысын бастап отыр. Бұл соттар қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істерді қарайды. Мұндағы бас­ты жаңалық – кассациялық сотының дербес сот ретінде бөлініп шығуы. Яғни, ендігі жерде кассациялық тәртіппен қаралатын істер Жоғарғы Соттың құрылымында емес, арнайы құрылған тәуелсіз кассациялық соттарда қаралады. Бұл, біріншіден, кас­сация­лық сатыдағы істерді қарау рәсімін неғұрлым ашық әрі қол­жетімді етеді. Екіншіден, Жоғарғы Сот­тың жүктемесін азайтып, оның негізгі қызметін сот прак­тикасының бір ізділігін қамтамасыз етуге бағыт­тауға мүмкіндік береді. Дербес кассациялық соттарды құру – құқықтық мемлекет қағидаттарын нығайту жолындағы маңызды қадам­ның бірі. Бұл жаңашылдық сот төрелі­гінің ашықтығын, әділдігін және қол­жетімділігін арттыруға оң ықпал ете­ді деп ойлаймын. Кассациялық соттардың дербес жұмыс істеуі сот сатылары арасындағы өкілеттіктердің аражігін нақтылап, әр сатының рөлін айқындай түседі. Нәтижесінде, аза­мат­тардың құқықтарын қорғау деңгейі күшейіп, сот актілерінің сапасы артып, құқық қолдану тәжірибесінің бірізділігі қамтамасыз етіледі.

– Сырдария аудандық соты­ның ұжымында қанша маман жұмыс істейді? Ұжымның жыл көлемінде қол жеткізген жетістігіне тоқ­талып өтсеңіз...

– Сырдария аудандық сотында бүгінде сот әкімшісінің басшысы, екі бас маман – сот отырысының хатшылары, бас маман, аға сот приставы, жетекші маман және іс жүргізу инспекторы қызмет атқарады. Сот ұжымы өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқарып, сот жүйесінің сапалы жұмыс істеуіне лайықты үлес қосып келеді. Жақында 2022-2026 жылдар аралығында аудандық соттың судьясы қызметін абыроймен атқарған Дәурен Еркінұлы Мемлекет басшысының 2026 жылғы 9 маусымдағы №1312 Жарлығына сәйкес Астана қаласы азаматтық істер жөніндегі аудан аралық сотының судьясы қызметіне тағайындалды. Әріптесімізге алдағы қызметіне сәттілік тілей отырып, ауданымызда атқарған жемісті жұмысы үшін шынайы алғысымды айтамын.Айта кетейік, сала мамандары кәсіби біліктілігімен, жауапкершілігімен жә­не еңбекке адалдығымен ерек­шеленіп, үздіктер қатарынан көрініп жүр. Ұжым тек қызмет барысында ғана емес, қоғамдық және спорттық іс-шараларда да белсенділік танытып келеді. Мереке аясында ұйымдастырылған облыстық спартакиада да өзге аудандық сот­тардың қызметкерлерімен бірлес­кен команда құрамында волейболдан І орын иеленуі – соның айқын дәлелі. Бұл жетістік ұжымның ұйымшылдығы мен ауызбіршілігін, ортақ мақсат жолындағы бірлігін көрсететін маңыз­ды жеңіс болды.

Сұхбаттасқан
Балтабай ОРДАБЕКОВ
23 маусым 2026 ж. 41 0