Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жерлесіміз облыстық соттың төрағасы болып тағайындалды

Жерлесіміз облыстық соттың төрағасы болып тағайындалды

Қызылорда облысының тумасы, Сырдария ауданына белгілі Адрановтар отбасының түлегі Қайрат Адранов Ұлытау облыстық сотының төрағасы болып тағайындалды.

Бүгін Жоғарғы Соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Нұрсерік Шәріпов Ұлытау облысының активіне облыстық соттың жаңа төрағасы Қайрат Адрановты таныстырды.

Іс-шараға өңір басшысы Берік Әбдіғалиұлы, құқық қорғау және мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.

«Сіздермен қазақ халқының бесігі болып саналатын Ұлытаудың қасиетті жерінде кездескеніме қуаныштымын. Бұл аймақта мен 3 жыл жұмыс істедім. Ауданмен жақсы таныспын, өйткені жұмыс сапарлары аясында әрбір елді мекенде болдым. Мұнда соттарда біз фронт-офистер ашып, сот қызметін жетілдіруге бағытталған көптеген идеяларды іске асырдық», - деп атап өтті өз сөзінде Н. Шәріпов.

Қ. Адранов еңбек жолын прокуратура органдарында бастаған. 30 жыл үздіксіз судьялық өтілі бар, оның ішінде 20 жыл басшылық лауазымдарда болған. Ол екі рет аудандық соттардың төрағасы, 4 рет облыстық соттардың сот алқаларын басқарған. Осы уақыт ішінде ол өзін сауатты басшы және білікті заңгер ретінде көрсете білді. Жұмысында бірде-бір рет ескерту алмаған.

Сондай-ақ, Нұрсерік Шәріпов сот алқаларының төрағалары Ж. Шортанбаев, Қ. Шағатаев, Қ. Шайқамалов; Жезқазған қаласы тергеу сотының төрағасы – Жанна Исаева, облыстық соттың судьялары – Ж. Егембердиева, Ж. Кенжин, Р. Мұқатаев, Е. Оспанов, С. Сағатов, Ж. Шөженов; судья ҚІМАС – Н. Кендірбаева, МАЭС судьялары – Ж. Агедилова, Е. Егановты ұжымға таныстырды.

Анықтама: Адранов Қайрат Төлепбергенұлы, 1966 жылы Қызылорда облысында туған. С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірген.

1990-1992 жылдары – Қызылорда қаласының прокуратура органдарында қызмет істеген.
1993-2002 жылдары – Сырдария аудандық сотының, Қызылорда облыстық сотының судьясы.
2002-2007 жылдары – мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың төрағасы.
2007-2010 жылдары – Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы.
2010-2012 жылдары – Қызылорда облыстық сотының кассациялық алқасының төрағасы.
2012-2017 жылдары - Қызылорда облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы.
2017 жылдан 2022 жылға дейін – Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы.
2022 жылғы қаңтардан бастап, осы тағайындауға дейін – Ақмола гарнизоны Әскери сотының төрағасы болып қызмет атқарған.

Білімі мен біліктілігі ұштасқан жерлесімізді жаңа қызметімен шын жүректен құттықтаймыз!

14 желтоқсан 2022 ж. 261 0