Адам шырағының шипагері
Сырдариялық көз дәрігері Сания Оразалиева «адам ақпараттың 90 пайызын көз арқылы қабылдайды» дейді. Маңызды дене мүшесі саналатын қос шырағың – көзді сақтау маңызды. Дәрігердің айтуынша, жүректің жабырқаулы жағдайы, қуаныш пен үрейді, сенім мен күдік секілді сезім көзімізден байқалады. Медицина қызметкерлері күні қарсаңында адам жанының айнасы – көз ауруларының алдын алу, күтімі туралы білікті дәрігер Сания Кеңесқызы айтып берді.Қазалы ауданының Ғани Мұратбаев атындағы ауылда дүниеге келген бойжеткен жүрек қалауымен ақ халатты абзал жан атану үшін Ақтөбе қаласындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік медицина университетінің емдеу ісі факультетіне оқуға түседі. Қиын да, жауапкершілігі зор мамандықты меңгеруге, білім алу жолына ден қояды. Адам жанының арашашы болу кез келген адамның қолынан келмейтіні анық. Ең бастысы шыдамдылық пен сабыр, еңбек пен адалдық қасиетін жоғары қойып, болашақ дәрігер 2013 жылы оқу орнын ойдағыдай аяқтайды.
– 2012 жылы Тереңөзекке, Ағыбаевтар отбасына келін болып түстім. Алғашқы еңбек жолымды «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен бастадым. Жас маман үшін тиімді жоба саналатын бұл бағдарлама мен секілді көптеген жасқа үлкен мүмкіндік берді. Дәрігер ретінде аудандағы шалғай елді мекен Іңкәрдария ауылына жалпы тәжірибелік дәрігер болып жұмысқа орналастым. Ауыл тұрғындарымен етене араласып, денсаулық сақтау жолында тәжірибе жинақтай бастадым. Ал «дәрігер болуға не себеп болды?» деген сұрағыңызға келсем, мамандық таңдауға түрткі болған бірден бір себеп, еміне шипа іздеген адамдарға көмек беру, туған жеріме, еліме адал қызмет көрсету, пайдамды тигізу арманым еді. Қызығы әрі қиыншылығы мол мамандығымды барынша игеруге, жан жақты қырын тануға күшімді салдым. Күндізгі, түнгі шақыртулар, ауыр науқастар, аудан, қала орталығына науқастарды тасымалдау осының бәрі маған мол тәжірибе жинауға өз көмегін тигізді, – дейді дәрігер Сания Кеңесқызы.
Медицина саласында біраз тәжірибе жиған жас дәрігер 2017 жылы қайта даярлау курсынан өтеді. Сол жылдары ауданда тапшы маман көз дәрігері болу туралы басшылық тарапынан айтылған ұсынысты қабылдап, саланың қыр-сырын меңгереді. Қазіргі кезде аудан халқына мамандығы бойынша аянбай қызмет етуде.
– Күнделікті дәрігер қабылдануына келетін науқастармен жұмыс жасаймын. Қазір көз ауруы жас талғамайтындай деңгейге жетті. Жалпы көз ауруының алдын алу мақсатында әрбір адам жылына бір немесе екі рет профилактикалық тексеруге келуі керек. Бұл глаукома, миопия, катаракта және т.б. аурудың алдын алу үшін аса маңызды. Жедел көз аурулары кезінде дер кезінде уақытылы келіп емін алмаса, асқынып, созылмалы ауруға ұласатынын ескеру қажет. Және қазіргі індеттің бірі – ұялы телефонды жастар тәулік бойы қарайды. Соның әсерінен де болатын ауру түрлері көп екенін ескеріп, қорғаныш көзілдірігін кию қажет деп айтамын. Бұл сақтық шараларына байланысты, – дейді өз саласының білікті дәрігері.
Иә, бүгінгі таңда көз ауруының машақатын тартып келе жатқан адамдар жетерлік. Сонымен қатар көз ауруларының түрі де жылдан жылға көбейіп келеді. Алыстан немесе жақыннан көрмеу, жас арналардың бітелуі, глаукома, көз қысымы, тағы басқалары. Мәселен, көзге ақ түсу, лейкома – көздің қасаң қабағының ауруы. Бұл ауру жарақаттанудан, қабынудан, көзге шыққан түрлі жарадан болады. Шешек, туберкулез, қызылша ауруларының асқынуынан қасаң қабаққа ақ дақ пайда болып, ол кейде беріштеніп бітуі мүмкін. Бұның себебінен көздің көруіне нұқсан келеді. Көздің көруі ақ қасаң қабақтың қай жеріне түскеніне, оның көлеміне байланысты. Егерде ақ қарашыққа түссе, адам көрмей қалады. Көзге түскен ақ дәріге жазылмаса, хирургиялық ота жасалады. Сонымен қатар түсті ажырата алмау, яғни дальтонизм жайлы естуіңіз бар ма? Бұл жайында дәрігер Сания Кеңесқызы былай деді:
– Дальтонизмге шалдыққандардың жасыл және қызыл түстерді сезінуі төмендейді және мүлде жойылады. Соның салдарынан айналадағы заттардың түрлі-түсті көріністерін теріс қабылдайды. Дальтонизм туа біткен және жүре пайда болады. Туа біткен дальтонизм ерлерде тұқым қуалайды. Ал, жүре пайда болатын дальтонизм көздің немесе орталық жүйке жүйесінің ауруға шалдығуынан болады. Сол себепті түсті ажырата алмау белгілері байқалған жағдайда дереу көз дәрігеріне қаралған жөн.
Бүгінде еңкейген қариядан еңбектеген балаға дейін көз ауруына жиі ұшырауда. Қазіргі таңда гаджеттер мен смартфонға телмірген балалардың көруі нашарлап бара жатқанын мамандар да растауда. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ақпаратынша, әлемде көзі нашар көретін 284 миллион адам болса, оның 19 миллионы балаларды құрайды. Әр минут сайын өсіп келе жатқан жас ағза үшін бірқалыпта қозғалмастан әрі ұзақ уақыт отыру өте қауіпті. Бұл тұста ата-аналарға ұялы телефонды қолдану уақытын шектеп, әрбір жарты сағат сайын дене жаттығуларын жасауды қадағалау ұсынылады.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде». Көз дәрігеріне алты айда бір, қалыпты жағдайда кемінде жылына бір мәрте тексеріліп тұру керек. Қос жанарыңыз сау болсын.
Бибісара ЖАНӘЛІ








