Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жанар Жұмабаева, Сырдария аудандық ауруханасының бас дәрігері: басты мақсатымыз – аудан тұрғындарына қолжетімді әрі сапалы медициналық көмек көрсету

Жанар Жұмабаева, Сырдария аудандық ауруханасының бас дәрігері: басты мақсатымыз – аудан тұрғындарына қолжетімді әрі сапалы медициналық көмек көрсету

«Денсаулық – адам өмірінің ең басты байлығы» десек, ұлт саулығы мемлекеттің дамуы мен өркендеуінің негізгі көрсеткішінің санатына жатады. Сондықтан денсаулық сақтау саласын дамыту, халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету әрқашан мемлекеттік саясаттың басым бағытының ажырамас бөлігі саналады. Бүгінде аудандық аурухананың ұжымы жергілікті халықтың денсаулығын жақсарту жолында жүйелі жұмыс атқаруда. Денсаулық сақтау саласы мамандарының кәсіби мерекесі аясында Сырдария аудандық ауруханасының бас дәрігері Жанар Жұмабаевамен арнайы сұхбаттастық.

– Жанар Әшімқызы, өзіңіз басқарып отырған саланың ау­қымы кең, жүгі ауыр екенін жақсы білеміз. Жалпы, ау­дан­­дық аурухананың бүгін­гі ахуа­лы қалай?

– Халық денсаулығын сақтау және сапалы медициналық қызмет көрсету – денсаулық сақтау саласының басты міндетінің бірі. Осы бағытта аурухана ұжымы аудан тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру мақсатында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Қазіргі уа­қытта аурухана құрамында 160 төсек-орындық тәуліктік стационар, 140 төсек-орындық күндізгі стационар, ауысымына 250 адам қабылдайтын аудандық емхана, 10 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік-акушерлік бекет және 1 медициналық бекет халық игілігі үшін қызмет атқаруда. Бұл құрылым ауданның барлық елді мекендерін қамтып, тұр­ғындарға алғашқы медициналық-са­ни­та­риялық көмектен бастап маман­дандырылған ем-шараға дейінгі қызметті үздіксіз ұсынуға мүмкіндік береді. Медицина сала­сында заманауи технологияны енгізу, материалдық-тех­никалық базаны нығайту және білікті кадрмен қамтамасыз ету бағытында тұрақты жұмыс жүр­гізілуде. Аурухана мамандары тұр­ғындардың денсаулығын ны­ғай­ту, аурулардың алдын алу, скринингтік тексерулерді сапалы ұйымдастыру және саламатты өмір салтын насихаттау бойынша ауқымды іс-шараны жүзеге асырып келеді. Аурухананың көп­салалы ұжымы өз кәсібіне адалдық танытып, әрбір тұр­ғынның денсаулығын сақтауға бар күш-жігерін жұмсауда. Ал­дағы уақытта да халыққа көр­сетілетін медициналық көмектің сапасын одан әрі жетілдіріп, заманауи талапқа сай қызмет көрсетуді жалғастырамыз. Тұр­ғындардың амандығы мен ден­саулығы – біздің ең басты құн­дылығымыз. Сондықтан аудан халқының сенімін ақтау жолында аянбай еңбек ете береміз. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Сырдария аудандық ауру­ханасы ұжымының жүйелі еңбегі мен денсаулық сақтау сала­сында жүргізілген кешенді жұмыс­тардың нәтижелі болғанын көрсетті. Басты мақсатымыз – аудан тұрғындарына қолжетімді әрі сапалы медициналық кө­мек көрсету болса, есепті кезең­­дегі көрсеткіштер осы бағыт­тағы жұмыстың тиімділігін ай­ғақ­тайды. Есепті мерзімде емхана желісінде барлығы 319 541 қабылдау жүргізілді. Бұл аудан тұрғындарының ме­дициналық қыз­метке деген сұранысының жо­ғары екенін және алғашқы ме­дициналық-санитариялық кө­мектің қолжетімділігін көр­сетеді. Әрбір қабылдау барысында тұрғындардың денсаулық жағдайы бақылауға алынып, қажетті ем-дом шаралары мен про­филактикалық жұмыс жасал­ды. Нәтижесінде, көптеген ауру­дың алдын алуға, оларды ерте кезеңде анықтауға және тиімді ем ұйымдастыруға мүмкіндік туды. Стационарлық көмектің сапасын арттыру бағытында да ауқымды жұмыс бар.

Аурухананың тәуліктік стационарында 4951 науқас ем қабылдап, қажетті медициналық көмек алды. Күндізгі стационарда 3213 тұрғын емделіп, денсаулығын жақсартуға мүмкіндік алды. Бұл көрсеткіштер стационарлық қызметтің тиімді ұйымдастырылғанын және тұрғындардың қажеттілігіне сай медициналық көмектің уақытылы көр­сетілгенін аңғартады. Ана мен бала денсаулығын қорғау – денсаулық сақтау саласының маңызды бағы­тының бірі. Есепті кезеңде аудан бойынша 568 нәресте дүниеге келіп, туу көрсеткішінің оң динамикасы сақталды. Бұл – аудан тұрғындарының әлеуметтік әл-ауқатының жақсарып келе жатқанын және ана мен бала денсаулығын қорғау бағытындағы жұмыстардың нәтижесін көрсететін маңызды көрсеткіш. «Перзентхана» бөлімшесінің мамандары әрбір ана мен нәрестенің қауіпсіздігі мен денсаулығын қамтамасыз ету жолында жауапкершілікпен еңбек етуде. Хирургиялық қызметтің даму көр­сеткіштері де көңіл қуантады. Өткен жылы аудандық ауруханада 265 сәтті ота жасалды. Оның ішінде, жоспарлы және шұғыл хирургиялық ота жүргізіліп, көптеген науқастың денсаулығын қалпына келтіруге мүмкіндік жасалды. Заманауи медициналық құрал-жабдықты пайдалану мен дәрігерлердің кәсіби біліктілігінің арқасында отаның сапасы артып, емдеу нәтижелері жақсаруда. Емхана базасында «Даму және ерте араласу орталығы» ашылып, ерекше күтімді қажет ететін балаларға ерте кезеңнен бас­тап кешенді медициналық және оңалту көмегін көрсету мүмкіндігі кеңейді. Қазақстан Республикасы Ден­саулық сақтау министрлігінің аку­шер­лік-гинекологиялық көмекті ұйым­дас­тыру стан­дартына сәйкес құрылған «Әйелдерге кеңес беру орталығы» өз жұ­мысын бастады. Орталықта әйелдердің репродуктивті денсаулығын нығайту, жүктілікті бақылау және ана мен бала ден­сау­лығын қорғау бағытында сапалы медициналық қызмет көрсетілуде. Бұл бастамалардың барлығы аудан тұрғын­дарының денсаулығын жақ­сартуға және медициналық көмектің қолжетімділігін арт­тыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады.

– Қазіргі уақытта аудан медици­насында қанша маман қызмет атқарады?

– Қазіргі таңда аудандық ауруханада барлығы 772 қызметкер еңбек етеді. Оның ішінде, 74 дәрігер, 431 орта буын медицина қызметкері, 136 кіші буын қызметкері және 131 өзге қызметкер өздерінің кәсіби міндеттерін абыроймен атқарып, аудан тұрғындарының ден­саулығын жақсарту жолында аянбай еңбек етуде. Медицина саласы – үлкен жауапкершілік пен адам өміріне деген ерекше жанашырлықты талап ететін сала. Сондықтан біздің ұжым әрбір па­циент­ке сапалы қызмет көрсетуді, олард­ың денсаулығын қалпына келтіруді және аурудың алдын алуды басты міндет санайды. Бүгінде аурухананың бар­лық маманы өз білімі мен тәжірибесін үнемі жетілдіріп, заманауи медицинаның талабына сай қызмет көрсетуге ұм­тылуда. Денсаулық сақтау жүйесіндегі жаңашылдықты енгізу, медициналық қызмет сапасын арттыру және халықтың өмір сүру сапасын жақсарту бағытындағы жұмыс алдағы уақытта да жал­ғасын табады.

– Мамандардың біліктілігін арт­­тыруға қаншалықты көңіл бөлінуде?

– Медицина саласының қарқынды дамуы мамандардан үздіксіз ізденіс пен кәсіби біліктілікті тұрақты жетілдіруді талап етеді. Осы бағытта аудан медицинасында мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде Атап айтқанда, өзім жақында Германия Фе­деративтік Республикасының Фрайбург қала­сындағы «Medical Center – University of Freiburg» клиникалық академиялық базасында «Денсаулық сақтаудағы менедж­мент» тақырыбы бойынша білік­тілік арттырдым. Сондай-ақ Түркия Рес­публикасының Измир қаласында өткен «Мейіргер ісіндегі заманауи менеджмент: халықаралық тәжірибе және озық үлгілер» тақырыбындағы мастер-классқа мейіргер Айкерім Тұрлығұлова қатысты. Нағи Ілиясов ауылындағы дәрі­герлік амбулаторияның мейіргері Гүлжан Жүсіпбаева «Өз кәсібінің үздігі» республикалық конкурсында «Үздік ауыл мейіргері» номи­нациясының жеңім­пазы атанды. Кадр тапшылығын азайту мақсатында өңірде жүйелі жұмыс жүр­гізілуде. Өткен жылы ауылдық жерлерге кемінде бес жыл мерзімге жұмысқа келген төрт аса тапшы медицина маманына 8,5 миллион теңге көлемінде бір­жолғы көтерме жәрдемақы берілді. Ал ағымдағы жылы 10 жас маман осындай мемлекеттік қолдауға ие болды.

– Медициналық материалдық ба­за­ны нығайту бағытында қандай жұмыс атқарылуда?

– Соңғы жылдары Сырдария ау­дандық ауруханасының мате­риал­дық-техникалық базасын ны­ғайту ба­ғытында ауқымды жұмыс атқарылып, ме­дициналық қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік беретін заманауи құрал-жаб­дықтармен қамтамасыз ету деңгейі едәуір жақсарды. Бұл өз кезегінде тұр­ғындарға көрсетілетін медициналық кө­мек­тің қолжетімділігі мен сапасын арттырып, ауруларды ерте кезеңде анықтау және тиімді ем жүргізу мүмкіндіктерін кеңейтуде. Аудан тұрғындары үшін маңызды оқиғалардың бірі – компью­терлік томография аппаратының халық игілігіне пайдалануға берілуі болды. Заманауи диагностикалық құрыл­ғының іске қосылуы арқылы бұрын облыс орталығына немесе өзге медициналық ұйымдарға жолданатын көптеген нау­қастарға қажетті зерттеу аудан көлемінде жүргізілуде. Компьютерлік томография түрлі ауруларды, соның ішінде инсульт, жарақаттар, онкологиялық және өкпе ауруларын ерте анықтауға мүмкіндік беріп, диагноз қою дәлдігін арттыруда. Нәтижесінде, науқастар уақытылы ем алып, медициналық көмектің тиімділігі жоғарылауда. Облыстық денсаулық сақ­тау бас­қармасының қолдауымен ауру­ханаға заманауи «AF-MAMMO» цифрлық маммограф аппараты сатып алынды. Бұл құрылғы әйелдер денсаулығын қорғау бағытындағы жұмысты жаңа деңгейге көтеріп, сүт безі ауруын, оның ішінде қатерлі ісікті ерте анықтауға мүмкіндік беруде. Ерте диагностиканың арқасында аурудың алдын алу және емдеу нәтижесін жақсарту бағытында нақты нәтижеге қол жеткізілуде. Медициналық мекеме портативті ультрадыбыстық зерт­теу аппаратымен де толықтырылды. Нәтижесінде диагноз қою уақыты қысқарып, емдеу шараларының жедел­дігі арта түсті. Ауруханаға заманауи жылжымалы рентген аппараты алынды. Бұл құрал ем қабылдап жатқан нау­қастар үшін аса маңызды. Себебі пациентті басқа бөлімге тасымалдамай-ақ қажетті рентгенологиялық зерт­теу­лерді жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл медициналық қызмет көрсету сапасын жақсартып қана қоймай, пациенттердің қауіп­сіздігін қамтамасыз етуге де оң әсерін тигізуде. Материалдық-техникалық базаны жаңарту жұмыстары мұнымен шектелмей, стационарлық бөлімдердің жағдайын жақсарту мақсатында 50 дана көпфункционалды төсек-орын сатып алынды. Заманауи төсек-орындар науқастардың жайлылығын қамтамасыз етіп қана қоймай, медициналық қыз­меткерлердің жұ­мысын жеңілдетуге мүм­кіндік береді. Әсіресе, ұзақ уақыт ем қабылдайтын және күтімді қажет ететін пациенттердің жағдайын жақсартуда олардың маңызы зор. Бұдан бөлек, «Ота жасау» бөлімшесіне арнайы хирургиялық жарық шамдары орнатылды. Жоғары сапалы жарықтандыру хирургиялық арала­сулардың қауіп­сіздігін арттырып, операция жасау кезінде дәрігерлердің жұмыс тиімділігін жақсартуға ықпал етуде. Бұл өз кезегінде күрделі ота­лардың сапалы орындалуына және пациенттердің тезірек сауығып шығуына оң әсерін ти­гізеді. Жалпы алғанда, ауру­хананың ма­териалдық-техникалық ба­засын ны­ғайтуға бағытталған бұл жұмыс меди­циналық қызмет сапасын арттыруға, диаг­ностикалық мүмкіндікті кеңейтуге және аудан тұрғындарының денсаулығын қорғау ісін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беріп отыр. Алдағы уақытта да халыққа сапалы әрі қолжетімді ме­дициналық көмек көрсету мақсатында заманауи технологияларды енгізу және медициналық инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасын табатын болады.

– Құрылыс жұмысы қарқын алғанын да білеміз...

– Облыс әкімінің, денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен аудандық аурухананың санитарлық автокөліктер паркі толықтай жаңар­тылды. Жаңа сани­тарлық көлік­тердің пайдалануға берілуі жедел меди­циналық көмектің уақытылы көрсетілуіне, науқастарды қауіпсіз тасымалдауға және шалғай елді мекендерге медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік берді. Әсіресе, шұғыл жағдайда науқас­тарды дер кезінде жеткізу мен медициналық көмек көрсету сапасы айтарлықтай жақсарды. Ауылдық денсаулық сақтау нысандарын жаң­ғырту бағытында да ауқымды жұмыс атқарылды. Атап айтқанда, Асқар Тоқмағамбетов, Қалжан ахун және Аманкелді ауылдарындағы емдеу меке­мелері күрделі жөндеуден өткізіліп, заманауи талаптарға сәйкестендірілді. Шаған ауылындағы дәрігерлік амбулатория ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, медициналық мекеменің материалдық-техникалық жағ­дайы едәуір жақсарды. Инженерлік инфрақұрылымды дамыту мақсатында жаңа су мұнарасының құрылысы аяқ­талып, пайдалануға берілді. Жалпы аудандық аурухана мен емханада медициналық қызмет көрсетудің тиім­ділігін арттыруға бағытталған заманауи технологияларды енгізу жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Цифрландыру жүйесін дамыту, жаңа медициналық құрал-жабдықтарды пай­далану және қызмет көрсету сапасын жетілдіру бағытындағы жұмыстар тұрғындарға көрсетілетін медициналық кө­мекті жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беруде. Аудандық аурухананың өз қара­жаты есебінен бірқатар маңызды жоба жүзеге асырылды. Атап айтқанда, «Терапия» бөлімшесі толықтай қайта жаңғыртылып, пайдалануға бе­рілді. Жаңартылған бөлімше заманауи талаптарға сай жабдықталып, пациент­тердің ем қабылдауына барынша қо­лайлы жағдай жасалды. Дәрілік заттарды сақтау мен таратудың заманауи талаптарына сәйкес «Госпитальдық фармация» бөлімшесі жаңартылды. Бұл дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесін жетілдіруге, медициналық ұйымның фармацевтикалық қызметін тиімді ұйым­дастыруға және пациенттердің сапалы дәрілік көмек алуына мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта аудандық аурухананың «Қабылдау» бөлімшесіне күрделі жөндеу жұмысы жүргізілуде. Бұл бөлімшенің жаңартылуы пациент­терді қабылдау процесін жетілдіруге, медициналық кө­мектің қолжетімділігін арттыруға және тұрғындарға жайлы жағдай жасауға бағытталған. Жөндеу жұмыстары аяқ­талғаннан кейін бөлімше заманауи стандарттарға толық сәйкес келетін болады. Жалпы алғанда, аудандық аурухана мен ауылдық медициналық нысандарда жүзеге асырылып жатқан жаңғырту жұмыстары денсаулық сақтау жүйесінің әлеуетін арттырып, халыққа көрсетілетін медициналық қызмет сапасын жақсартуға үлкен мүмкіндік беріп отыр. Алдағы уақытта да медициналық инфрақұрылымды дамыту, жаңа технологияларды енгізу және тұрғындардың денсаулығын нығайту бағытындағы жұ­мыс­тар жүйелі түрде жүргізіледі.

Сұхбаттасқан
Балтабай ОРДАБЕКОВ

20 маусым 2026 ж. 72 0