«Аңыз негізі – ақиқат» кітабы оқырманға жол тартты

Іс-шарада аудан әкімі Берік Сәрменбаев өлкенушының туындысы аудан тарихынан, осы топырақтан шыққан қайраткерлер туралы сыр шертетінін атап көрсетті.
– Кітапта қасиетті топырақтан шыққан қайраткер тұлғалардың, батыр бабаларымыздың ел дамуы жолындағы еңбегі, қайраткерлік үлесі жақсы баяндалған. Мұның бәрі – келешек ұрпақ білуі тиіс құндылықтар. Өлкетанушы туған өлкенің тарихын түгендеп, кейінгі ұрпаққа шежірелі туындыны тарту етуде. Саналы ғұмырын аудан тарихын таразылауға арнап, құнды қазынаны жарыққа шығарған кітап авторы Жәнібек Маханбеттің еңбегін жоғары бағалап, ризашылығымді білдіремін, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Мұнан соң аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, «Құрмет» орденінің иегері, мәдениет саласының ардагері Алма Бақтиярова, еңбек ардагері Бәрзубек Жылқыбаев сөз сөйлеп, жаңа кітаптың құнды екенін атап, құттықтау лебіздерін жеткізді.
Өз кезегінде Ж.Маханбет кітаптың шығуына атсалысқан азаматтарға шынайы алғысын білдірді.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі