Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қуанышымызда шек болмады

Қуанышымызда шек болмады

Тәуелсіздік деген сөз адамға еркіндік, күш-жігер, батылдық беретін ұғым. Ең алғаш еліміздің Тәуелсіздік алғанын қызмет орнында отырып естідім. Ол жылдары ауданда АХАЖ бөлімінде меңгеруші болып жұмыс істейтінмін. Адам өмірге келгеннен бас­тап, өмірден өткенге дейінгі кезеңі құжатпен байланысты екені белгілі. Міне, сол аса жауапты қызметті атқарып жүрген бізге ең бірінші тәуелсіздік – құжат­тарды қазақ тілінде жазуға мүмкіндік беруімен құнды болды.

Дегенмен көңілде үрей мен сенімсіздік те болды. «Апырай, кеңес өкіметі құлады, енді қалай болар екен» деген күдік басым еді. Қай кезде де бір қоғамнан басқа бір қоғамға ауысу қиын жағдай. Міне, еліміздің жаңа мемлекет болып құрылып, барлығын жаңадан бастап, аяққа тұрып кетуі оңай еместігін білдік. Қарапайым тұтынатын азық-түліктен бастап, адам өміріне ең қажетті деген су, жарық, жылу деген болмады. Жалақы мен зейнетақы берілмеді. Жаңа мемлекетті құру кезеңі барлық салаға ауыр тиді.

Дегенмен ең қуаныштысы біздің қолымыздан өтетін құжаттарды рәсімдеу қазақ тілінде жүргізіле бастағаны. Кеңес өкіметінен бері қалыптасқан адамның тегін жазу өзгертілді. Туу туралы куәліктерге тегіне -ов, -ова, -ев, -ева жалғаулары жазылмады, қазақшаланды. Бұл Тәуелсіздіктің жемісі еді. Барлық адам бұдан былай өз әкесін тегі етіп жазуына мүмкіндік алғаны қуантты.

Тағы бір жетістігіміз – Жамбыл дегенді бұрын Джамбул деп жаздық. Енді қазақшалап Жамбыл дедік. Бірақ, бұл өзгеріс кейін зейнеткерлікке шыққанда кедергісін тигізді. Себебі Джамбул деп еңбек кітапшасына жазылған тегі мен қолындағы төл құжатындағы Жамбыл екі бөлек адам еместігін дәлелдеу керек болды. Міне, осындай қиыншылықтардан өтіп, қазір бұл жүйе бірқалыпқа түсті.

Тәуелсіздіктің жемісі – төл теңгеміз дүниеге келді, мемлекеттік рәміздер, Ата Заңымыз қабылданды. Қазақ тілінің мерейі үстем болып, өмір бойы аңсаған азаттыққа қол жеткіздік. Бұдан асқан қандай бақыт болуы мүмкін.

Тәуелсіз мемлекетімізді әлем халықтары білді. Жастарымыз шетелге барып білім алып, мемлекетімізді дамытудың тетігін іздеп, ғылымға атсалысуда. Шағын ауданымыздың өзінде халықтың тұрмысы үшін жағдай жасалып, әлеуметтік мәселелер шешімін табуда. Жарық, су, жылу тәулік бойы берілуде. Жалақы мен зейнетақыда кідіріс жоқ. Қандай керемет. Алғашқыдағы «тәуелсіздік алдық енді не болады» деген қорқыныштан арылдық. Ендігі мақсат – ұлттық құндылықтарды дәріптеп, Жаңа Қазақстанды құру жолында ауызбірлік таныту.

Барша сырдариялықтарды Тәуелсіздіктің 32 жылдығымен құттықтаймын. Мемлекетіміздің тұғыры мәңгі берік болсын!

Әсия Масилова,
еңбек ардагері
16 желтоқсан 2023 ж. 148 0