Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№100 газет

21 желтоқсан 2024 ж.

№ 99 газет

14 желтоқсан 2024 ж.

№ 98 газет

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Адал еңбегімен абыройға кенелген

Адал еңбегімен абыройға кенелген

Бүгін менің қолыма көп құжаттың арасында «метірке» деп аталатын түсі жасыл құжат түсті. Ондағы көк түсті сия­мен жазылған әдемі жазу ерекше екен. Анық әрі көркем жазылған жазу – сол жылдары АХАЖ бөлімін басқарған Әсия Масилованың қолтаңбасы. Көп уақыт оздырмай сол жылдары өмірге келген әрбір тұрғынға құжат берген жанды іздеп тауып, әңгімелесудің сәті түсті.

Адамның дүниеге келген күннен бастап, дүниеден өткенге дейінгі өмірімен байланыс­ты жағдайды тіркеп отыратын АХАЖ-дың 100 жылдық тарихы бар. АХАЖ органы ал­ғаш 1921 жылы Қаз КСР кеңес халықтары ко­митетінің декреті негізінде азаматтардың хал актілерін жазу органы ретінде құрылған. Ауданда осы қызметті іске асырған алғашқы қызметкердің бірі – Әсия Масилова екенін көпшілік жақсы біледі.

Дүние дидарын 1946 жылы Тереңөзекте ашқан Әсия Нұрылдәқызы – отбасының тұң­ғышы. Ата-анасының мәпелеп өсірген қы­зы өзінен кейінгі інісі Серікбай мен сіңлісі Әсимаға қамқор болып ер жетеді. Оқуда озат, мектепті Күміс медальмен бітірген қа­зақтың алғыр қызы бір сыныпта елімізге танымал ақын-жазушылар Қайырбек Асанов, Келдібай Уайсов, Асқар Кіребаев, Серік Әлімбетовпен бірге оқиды.

– Аудандағы №35 мектепте бізге көбі­не ер кісілер сабақ берді. Арасында бір-екі әйел мұғалімдер болды. Қазақ тілі мен әде­биетінен сабақ берген Зерхан Сақта­ғанова, тарихшы Қасымхан Смайлов, орыс тілінің мұғалімі Осахан Мақтымқұлов, химия пәнінен Мырқайдар Мәмбетов, физикадан Нұрділдә Әбдірасилов, математикадан Берікбол Ермаханов, географиядан Кәдір Бердәлиев, директорымыз Әділбек Маханбетов мықты педагогтер еді. Арасында география сабағынан Дәнеш Мамытбаева сабақ беретін. Әлі есімде Дәнеш апайымыз бізге «Әлем картасын біліңдер, қай мемлекет қай жерде орналасқанын, олардың астанасын біліңдер, сонда сендер мықты боласыңдар» дейтін. Мұғалімдердің сабағына бар ынта-ықыласымызбен қатысатынбыз. Тіл ма­манының ұмытылмас сабақтарын әлі күн­ге еске аламын. Зерхан апайымыздың арқасында қазақ әдебиетін сүйіп оқыдық. Арамыздан ақын-жазушылардың көптеп шығуы осы ұстазымыздың арқасы деп ойлай­мын. Мектепте жақсы оқуға тырыстық. Қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып, комсомол комитетінің жетекшісі болдым. Қа­зір ойласам мектепте алған білі­мімнің ар­қасында маған жауапты қызмет сеніп тап­сырылған екен, – дейді өткен күндеріне көз тастаған Әсия Нұрылдәқызы.

Белсенді жас мектеп қабырғасына 11 жылдық білім алған соң, жүрек қалауымен Қы­зыл­орда педагогикалық институтқа оқу­ға түседі. Институттың екінші курсын­да тұрмысқа шығып, әрі қарай оқуын жал­ғастыруға мүмкіндігі болмайды. Жиырма жасында ауданның бірінші басшысы Қ.Қазантаевтың қабылдауында болып, секретарь-машинисткаға үміткер 3 қыз­дың арасынан өзінің сауаттылығымен ерек­шеленіп, қызметке қабылданады. Атқар­ған жұмысына тиянақты, құжат толтыруда қа­те жібермейтіндігімен ерекшеленіп, жазуы мақтаулы маман 3 жыл бойы аудандық пар­тия комитетінде тәжірибе жинайды. 1968 жылы Қ.Қазантаевтың бұйрығымен ау­дандық АХАЖ бөліміне меңгеруші болып таға­йындалады. Осы салада табан аудармас­тан 17 жыл қызмет атқарған жылдары туралы Әсия Масилова:

– Аудандық АХАЖ бөлімі құжаттарды тір­­­кеумен айналасады. Ол кезде барлығы қолмен жазылатын. Құжатты сауатты, әрі әдемі етіп жазуға дағдыландым. Қате жазылса, ол құжатта өмір бойы өшпестей таңба болып қалады. Сондықтан жауапкершілікпен атқару, уақытпен санаспау міндетін мінсіз атқару керек. Әрине, қазір өткенді ойласам көп жағдай орын алды. Есімнен кетпейтін бір оқиға болды. Бірде Шаған ауылынан бір әйел келді. Ол өлді деп танылған қызына кейін аман-есен табылғандықтан, құжат сұрап келіпті. Мұндай жағдайды аудан түгел республика шеше алмайды. Сот шешімімен қайта рәсімделуі керек. Ол көп уақытты қа­жет етеді. Сондықтан алдыма келген ананың жұмысын бітіріп бере алмағаныма қапа­ландым, қолымнан ештеңе келмеді. Кейін білдім, ол отбасы ауылдан көшіп кетіпті. Әрі қарай не болғанын білмеймін. Міне, адам тағдыры құжатқа байланысты екенін тағы бір мәрте дәлелдейтін жағдай, – деді.

Қызметтте жүріп Талдықорғанда заң­гер­лік оқу оқып, өз қызметін жауап­керші­лік­пен ұзақ жыл бойы атқарған Ә.Масилова 24 жасында «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталады. Ал 50 жасында «Еңбек ар­дагері» медалін алды. Ал «Сырдария ау­данының 90 жылдығы» мерекелік медалі ау­данның дамуына қосқан үлесі үшін бе­рілген марапат деп біледі майталман маман.

Адал еңбегінің зейнетіне шыққан Әсия апай бір зейнетақыға қарап, қол қусырып отыруды жаны қаламады. Узтоп елді-мекенінен жеке қожалық ашып, мал ұстап, бала-шағасының қамын жасады. Өмірлік серігі Төлен Әлиевпен бірге 3 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсірді. Қазір үлкені Рүстеммен мал шаруашылығын өркендетіп, жылқы, сиыр ұстап, еңбектен қол үзген емес. Жәнібек пен Дәурен, Алма да бір-бір шаңырақтың иесі. Аналарын алақандарына салып, немере-шөбере сүйгізді. Күнделікті тіршілігіне бі­лек сыбана кірісетін ақ жаулықты ананың қазір жасы 76-да. Аудан өмірінен бір күнге де алыстаған емес. Кентте бастауыш арда­герлер ұймының төрайымы, ардагерлер ұйымының алқа мүшесі, кітапхананың, аудандық газеттің тұрақты оқырманы.

– Бұрыннан қалыптасқан әдетіммен ең алды­мен аудандық газетті оқимын. Газеттің келетін уақытын күтіп отырамын. Сәл ке­шіксе, дереу редакцияға хабарласып, мән-жайды білемін. Ауданның айнасы – қатталып жатқан тарих. Жақсы жаңалықтар мен елдегі жағдайдан хабардар етіп отырады. Қолым қалт етсе, аудандық кітапханаға барамын. Іс-шараларға шақырады. Немерелерімді де кітап оқуға үйретімін. Ақылдың кені – кі­тапта. Қазір немерелерімнің ішінде Анар әде­биетке жақын, көркем сөз оқиды. Әмина да үздік оқушы. Жақында тағы бір немерем Думан өмірге келді. Көзқуанышымыз үлкен азамат болып өсе берсін. 7 немерем мен 5 шөберемнің қызығына тоймай жүрген жайым бар, – дейді өмірде де, қоғамдық қызметте де белсенді Әсия апа.

Үнемі қозғалыста жүретін Әсия апаның қимылы шалт, өмір сүру дағдысын саламатты өмірге, дұрыс тамақтануға бағыттаған. Жасы үлкейген сайын адамға қажетті қозғалыс пен дұрыс тамақ екенін жақсы біледі және осындай салтқа дағдыланған. Жаяу жүруді әдетке айналдырып, ауырмаудың жолын іздейді.
Жақсы ұстаздан тәлім-тәрбие алып, ата-ана жолын жалғаған Әсия Масилова адал еңбек етіп, халықтан алғыс алды. Өзінен кейінгі жылдарда Зинахан Әбілдаева, Алтын Есболғанова, Жұлдызай Дүзімбетованың қыз­­метіне қамқорлық көрсетіп, ақыл-кеңесін бе­руді аянып қалмады. Сала ардагері ретінде әріптестері де құрмет көрсетіп, төрден орын береді.

Өнегелі өмір сүріп, АХАЖ саласының ар­дагері атанып, үлкендіктің жолында келе жат­қан Әсия апайға ұзақ өмір тілейміз.





Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ
07 маусым 2022 ж. 441 0