Оқыс оқиға орын алмасын десек...
Жаз мезгілінің келуімен жергілікті халықтың өзен-көл мен су айдыны жағасында демалуға деген қызығушылығы артады. Әсіресе, мектеп оқушыларының жазғы демалысқа шығуы, ауа температурасының жоғарылауы суға шомылушылар санының күрт өсуіне әсер етеді. Алайда демалыстың қызығына беріліп, қауіпсіздік талаптарын елемеу кей жағдайда орны толмас қайғылы жағдайға алып келуі мүмкін.Бұл ретте, Сырдария аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің келтірген статистикалық мәліметіне сүйенсек, 2026 жылдың басынан бастап Қызылорда облысының су айдынында түрлі себептермен 6 адам қаза болған. Оның ішінде 2 бала бар. Төтенше жағдай ретінде тіркелген 2 оқиға орын алған. Бұл көрсеткіш тұрғындардың қауіпсіздік талабын сақтауының маңыздылығын тағы бір мәрте дәлелдейді. Төтеншеліктердің айтуынша, Сырдария ауданында ағымдағы жылдың басынан бері суға кету оқиғасы тіркелмеген. Дегенмен бұл жағдай қауіптің толық сейілгенін білдірмейді. Себебі аудан аумағындағы өзен мен канал, суару жүйесі және басқа да су айдыны тұрғындардың ерекше сақ болуын аңғартады.
– Судағы қайғылы жағдайдың негізгі себебі көбіне адамның өз қауіпсіздігіне немқұрайлы қарауынан туындайды. Атап айтқанда, балық аулау кезінде қауіпсіздік ережесін сақтамау, спирттік ішімдік ішкен күйде суға түсу, белгіленбеген орында шомылу, судағы қауіп-қатерді бағаламау және баланы үлкендердің қарауынсыз қалдыру адам өліміне әкелетін негізгі фактор болып отыр. Осыған байланысты облыс әкімдігі мен төтенше жағдайлар органдары азаматтардың судағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында кешенді жұмысты жүйелі түрде жүргізуде. Облыс әкімдігінің 2025-2027 жылдарға арналған іс-шара жоспарына сәйкес су айдынындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша нақты міндет белгіленіп, тиісті жұмыс атқарылуда. Тұрғындардың қауіпсіз демалуына жағдай жасау мақсатында Тереңөзек кентіндегі «Қалғандария» демалыс аймағында коммуналық жағажай жұмыс істейді. Аталған жағажай облыс әкімдігінің қаулысына сәйкес белгіленіп, азаматтардың қауіпсіз шомылуына қажетті жағдай қарастырылған. Мұндай арнайы жабдықталған орын тұрғындардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған маңызды нысанның бірі болып табылады. Шомылуға рұқсат етілмеген және қауіпті аймақты тұрғындарға ескерту мақсатында аудан көлемінде ақпараттық белгілер орнатылған. Қазіргі таңда су айдындарының жағалауында 39 ескерту тақтайшасы, 10 трафареттік жазу және 14 билборд орналастырылған. Бұл ескерту белгілерінде судағы қауіпсіздік талаптары мен шомылуға тыйым салынған орындар туралы ақпарат көрсетілген, – дейді аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Ш.Ермекбаев.
Айта кетейік, ҚР Төтенше жағдайлар министрінің 2026 жылдың 3 наурыздағы №123 және Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының 2026 жылғы 6 сәуірдегі №71 бұйрығын басшылыққа ала отырып, аудан аумағындағы су айдынында тұрақты түрде рейдтік жұмыс жүргізілуде. Рейдтік іс-шараға аудандық төтенше жағдайлар бөлімі, аудандық полиция бөлімі, жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері және еріктілер жұмылдырылған. Күн сайын сағат 12.00-ден 20.00-ге дейін жүргізілетін рейдтердің негізгі мақсаты – азаматтарға қауіпсіздік талаптарын түсіндіру, балалардың қараусыз су айдынына баруының алдын алу және заң талабының орындалуын бақылау. Мұндай іс-шара тұрғындар арасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға және құқық бұзушылықтың алдын алуға мүмкіндік береді.
Сала мамандары түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде, осы күнге дейін 150-ден астам тұрғынға ақпарат берді. Оның ішінде, 80-ге жуық жасөспірімге судағы қауіпсіздік ережесі түсіндірілді. Тұрғындарға арнайы жадынама мен ақпараттық парақшасы таратылып, суға түсу кезінде сақталуы тиіс негізгі талап жан-жақты қарастырылды.
– Балалардың қауіпсіздігі – басты назардағы мәселе. Осы мақсатта аудандық білім бөлімімен бірлескен жұмыстар тұрақты түрде ұйымдастырылуда. 2026 жылғы қаңтар-мамыр айларына арналған арнайы жоспарға сәйкес аудан мектептерінде төтенше жағдайлардың алдын алу бағытында түрлі іс-шаралар өткізілді. Білім беру ұйымдарында «Өрт қауіпсіздігі талаптары», «Төтенше жағдайлар кезіндегі қорғану әдістері», «Өрт – тілсіз жау», «Жаз мезгіліндегі қауіпсіздік талаптары» тақырыптарында сынып сағаттары мен түсіндіру сабақтары ұйымдастырылды. Бұл сабақтардың басты мақсаты – жас ұрпақтың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру және төтенше жағдайлар кезінде дұрыс әрекет ету дағдыларын үйрету. Аудандық прокуратура, аудандық білім бөлімі және төтенше жағдайлар саласы мамандарының қатысуымен №35 және №37, №126, №135 білім ошағында ата-аналарға арналған кездесу, ашық сабақ пен тәрбие сағаты өткізілді. Кездесу барысында балалардың қауіпсіздігі үшін ата-аналардың жауапкершілігі кеңінен айтылып, жазғы демалыс кезінде балаларды бақылаусыз қалдырмау қажеттігі айтылды. Қазіргі уақытта әлеуметтік желі мен мессенджердің мүмкіндігі де тиімді пайдаланылуда. WhatsApp топтары арқылы тұрғындарға қауіпсіздікке қатысты бейнеролик, жадынама мен ақпараттық хабарлама тұрақты түрде жолдануда. Бұл бастама көпшілікке қауіпсіздік талаптары жөніндегі ақпараттануын арттыруға мүмкіндік беруде, – дейді бөлім басшысы.
Заң талабын орындамаған азаматтарға қатысты тиісті шаралар қолданылып келеді. Мәселен, 2026 жылғы 25 мамырда жергілікті екі тұрғынға Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 412-бабына сәйкес су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік айыппұл салынды. Бұл шара әрбір тұрғынның жауапкершілігін арттырып, құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған.
Сырдария ауданында азаматтардың судағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі тұрақты бақылауда. Алдағы уақытта да профилактикалық, түсіндіру және бақылау жұмысы жалғасып, тұрғындардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған шаралар жүйелі түрде жүзеге асырыла бермек.
Балтабай АЯБЕКҰЛЫ











