Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Кальцийленген сода өндіру зауыты құрылысына қатысты мәселелер талқыланды

Кальцийленген сода өндіру зауыты құрылысына қатысты мәселелер талқыланды

Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев «Аралтұз» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Дәурен Мұқашевпен кездесті. Кездесуде Арал ауданында кальцийленген сода өндіру зауыты құрылысын салу мәселелері талқыланды.

Аймақ басшысы «Аралтұз» отандық тұз өндіру саласындағы жетекші кәсіпорындардың бірі екенін атап өтіп, жобаның өңір экономикасы үшін маңыздылығына тоқталды.

Мемлекет басшысы 2019 жылы Қызылорда облысына жұмыс сапарында Арал қаласында кальцийленген сода өндіру зауытын салу бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырған болатын. Бүгінде аталған жобаны Индустрияландырудың бірыңғай картасы шеңберінде «Арал сода» серіктестігі жүзеге асыруда.

Өндіріс орнында жылына 330 мың тонна кальцийленген сода өндіріледі, іске қосылған кезде 699 жаңа жұмыс орны ашылады. Қазір «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы қаржыландыру рәсімінен өтуде. Биылғы 20 наурызда қаржыландырудың бірінші кезеңіне қажетті құжаттар тапсырылып, жоба мақұлданған. Қаңтар айында зауыт құрылысын салатын мердігерді анықтау үшін өткізілген тендердің қорытындысымен қытайлық China Tianchen Engineering Corporation компаниясы жеңімпаз болып танылған. Бүгінде тараптар келісімшарт жасап жатыр.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
12 маусым 2026 ж. 53 0