Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№97 газет

20 желтоқсан 2025 ж.

№96 газет

16 желтоқсан 2025 ж.

№95 газет

13 желтоқсан 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031 
» » Кәсіпкерлер жеңілдетілген несиеге ие

Кәсіпкерлер жеңілдетілген несиеге ие

Қазіргі уақытта бизнес бастаймын деген адамға мүмкіндік мол. Нарықтық заманда жұмыссыз жүрген жандар мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған нақты қолдауды сезіне алады. Елімізде шағын және орта бизнесті өркендетуге бағытталған мемлекеттік бағдарламалар жеткілікті. Біз жұмыс барысымен ауданға қарасты елді мекендерді аралау кезінде бизнесті қолдауға арналған кешенді іс-шаралардың игілігін көріп отырған азаматтармен жолықтық.

Кәсібін жолға қоямын деген жергілікті кәсіпкерлер өз жобасын әзірлеп, мемлекеттік бағдарламалардың қатысушысы атана алады. Бизнес-жоспарға аудан аумағында сұранысқа ие, кезек күттірмейтін кәсіп түрлерін енгізу мүмкіндігі қарастырылған. Айта кетейік, биылғы 11 айда Сырдария ауданында мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында жалпы құны 5,2 млрд теңгені құрайтын 186 жобаға қаржылай қолдау көрсетілді. Оның ішінде құны 5 млрд теңгенің 57 жобасы несие болса, 202,8 млн теңгенің 129 жобасы грант қаражаты есебінен қаржыландырылған.

Аграрлық несие корпорациясы арқылы «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша құны 3,7 млрд теңгенің 15 жобасы, «Іскер» бағ­дарламасы аясында құны 20,5 млн теңгенің 3 жобасы және «Агробизнес» бағ­дарламасы шеңберінде құны 12,6 млн теңгенің 3 жобасы қаржыландырылды. Ал «Байқоңыр» әлеу­­меттік-кәсіпкерлік корпорациясы ар­қы­­лы жүзеге асырылатын «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында құны 136,5 млн теңгенің 15 жобасы қолдауға ие болды. «Өңірлік инвестициялық орталығы» микро­қаржы ұйымы арқылы құны 32,5 млн теңгенің 5 жобасы қаржыландырылды.

Бұдан бөлек, «ҚазАгроҚаржы» және «Технолизинг» АҚ-ның Қызылорда филиалы арқылы жалпы құны 1 121,0 млн теңгеге 16 ауыл шаруашылығы техникасы мен құрал-жаб­дығы алынды. Сондай-ақ «Ұлттық жоба» шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыру мақсатында 129 адамға әрқайсысы 1 572 800 теңгеден, жалпы сомасы 202,8 млн теңге болатын мемлекеттік қайтарымсыз грант берілді.

– Кәсіпкерлік – ел экономикасының тұрақты дамуына серпін беретін маңызды сала. Қазіргі таңда кәсіпкерлік тек табыс табудың жолы ғана емес, қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді шешудің тиімді тетігіне айналып отыр. Кәсіпкер өз ісін бас­тау арқылы жаңа жұмыс орындарын ашып, халықты еңбекпен қамтуға және өңірлік экономиканың нығаюына үлес қосады. Мемлекет тарапынан шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған бағдарламалардың жүзеге асуы кәсіпкерліктің дамуына кең мүмкіндік беруде. Жеңілдетілген несиелер, қайтарымсыз гранттар, оқыту және кеңес беру қызметтері іскер азаматтардың белсенділігін арттырып, жастарды кәсіпкерлікке баулуда. Әсіресе ауыл кәсіпкерлігін дамыту – жергілікті халықтың тұрмыс сапасын жақсартудың тиімді жолы. Кәсіпкерлікпен айналысу адамнан табандылықты, жауапкершілікті және жаңашылдықты талап етеді. Нарық талабына бейімделіп, сұранысқа сай өнім немесе қызмет ұсыну – табысты кәсіптің басты кепілі. Өз кәсібін дөңгелеткен әрбір азамат ел қазынасының толығуына, отандық өнімнің көбеюіне және экономикалық тәуелсіздіктің нығаюына үлес қосады. Шын мәнінде, жоғарыда аталған мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде көптеген кәсіпкер өз бизнесіне серпін беріп отыр, – деді аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Алмат Сәдуақасов.

Шағын және орта бизнесті дамытудың негізгі тетіктерінің бірі – жергілікті кәсіпкерлерге қайтарымсыз гранттар беру. Мемлекеттік бағдарламалар аясында бизнес иелері өз жобаларына инвестиция тартып, кәсіптерін кеңейтуге мүмкіндік алуда. Мұндай жобалардың басым бөлігі ауыл шаруашылығы саласын өркендетуге бағытталған. Бүгінде ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуға арналған жобалардың игілігін аудан шаруалары көріп отыр.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
Фото: ашық дереккөз

20 желтоқсан 2025 ж. 19 0