Егемендік декларациясы: 4 маусым – рәміздер күні
4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күні. Көк байрағымыз аңсап жеткен азаттық пен еңселі егемендігіміздің символы болса, елтаңба мен гимніміз – мемлекетіміздің айбары. Рәміздерде халықтың сан ғасырлық таным-түйсігі, арман-мұраты, дәстүр-салты көрініс тапқан. Ашық аспан, алтын күн, қалықтаған қыран құс бедерленген Туымыздың, тарихтан сыр шертетін Елтаңбамыздың, сөзі жүректі шымырлатып, әнімен үйлесім тапқан Әнұранымыздың көзге ыстық көрініп, жүректі шымырлататыны да содан.
Ел Тәуелсіздігін білдіретін ең басты белгі – мемлекеттік рәміздер. Себебі, әлемде азаттыққа қолы жетпей, шекарасын бекітіп, туын желбірете алмай, гимнін кеудесіне қойып, қастер тұтып шырқай алмай жүрген ұлттар жетерлік. Мемлекеттің басты құжаты болған рәміздерді егемендік декларациясы деуіміздің себебі де осы.
Тарихқа ден қойсақ, 1990 жылы 25 қазанда Қазақ ССР Жоғарғы советінің қаулысымен «Қазақ Советтік Социалистік республикасының Мемлекеттік егемендігі туралы декларациясы» қабылданып, тарихи құжатқа қол қойылды. 17 тармақтан құрылып, мемлекеттің негізгі нышаны мен заңдылықтарын айқындап берген құжаттың 16-тармағында «Қазақ ССР мемлекеттік егемендігінің символдары – герб, жалау, гимн – қасиетті болып табылады және оларды қорлаудың қандайы болса да заңмен жазаланады» деп бекітілді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде Тәуелсіздік нышандары бірауыздан мақұлданып, қабылданды. 4 маусымда Жоғарғы кеңестің мәжілісінде Мемлекеттік Ту мен Елтаңбаға қатысты депутаттар тарапынан әрқилы пікір орын алған талқылау өтті. Сонда Елтаңба бойынша екінші дауыс беру қорытындысы бойынша 238 депутат жақтап дауыс беріп, Елтаңбамыз қабылданса, мемлекеттік Ту да солай бірауыздан мақұлданып, ресми қолданысқа енді. Ал бұл кезде Әнұранның сөзі мен әні нақты қабылданбаған еді. Жоғарғы Кеңестің депутаттары Әнұранның сөзіне байланысты конкурс жалғасатынын айтып, келісімге келген. Қаулы ресми түрде күшіне енгеннен кейін 6 маусым күні Алматы қаласындағы Абай атындағы опера және балет театрының үлкен залында тәуелсіз еліміздің тұңғыш мемлекеттік рәміздерінің тұсаукесері салтанатты түрде өткізіліп, рәміз авторлары бұл жиынға қатысқан. ҚР Қорғаныс министрінің бұйрығымен Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі тәуелсіз мемлекеттің жаңа символдарын қабылдап, Президент резиденциясының Жоғарғы Кеңес үйінің төбелеріне мемлекеттік Туды көтерген сәтте 21 рет зеңбірек оғы атылып, мереке соңы отшашуға ұласқан. Ал мемлекеттік Әнұранның сөзі мен әнін нақтылау үшін арнайы құрылған топ үздіксіз жұмыс жасаған. Қанша нұсқа сарапқа салынып, 11 желтоқсан күні «ҚР мемлекеттік Гимні туралы» заңға қол қойылған. Ал 2006 жылы қазіргі Әнұран «Менің Қазақстаным» әні Парламентте бекітіліп, гимннің жаңа нұсқасы қолданысқа енді.
Бұның бәрін не үшін айтып отырмыз? Ең алдымен, оқырманға нақты тарихи ақпарат беріп, мемлекеттік рәміздердің қалай қабылданғаны жөнінде қысқаша ақпарат беріп өтуді жөн санадық. Сондай-ақ жас ұрпаққа, келешек буынға ұлттық құндылығымызды дәріптеуді мақсат еттік. Қарап тұрсаңыз, ел егемендігінен хабар беретін мемлекеттік рәміздерге жету де, оны қабылдау да оңай жұмыс болмағаны анық. Соншалық еңбекпен қол жеткен елдік туын, елдіктің асқақ өлеңін қастерлеу, құрметтеу – бүгінгі күннің ғана емес, әр кезеңнің нақты талабы екенін айтып өту орынды.
Бүгінгі таңда кейбір жағдайға қарап «Рәміздерімізге лайықты құрмет көрсетіліп жүр ме? деген ойға қаламыз. Байрақты бәсекелерде Әнұранның қате қойылып, ел азаматтарының мәтінді жатқа білмей жатуы мен көк Туымыздың басбұзарлардың қорлығына қалып, мазақ болған жағдай да кездесіп жатты. Тәуелсіздігіміздің нышанын қорлатып қоюға жол жоқ. Әрбір ел азаматы Тәуелсіздігімізді қастерлеп, ұлттық құндылығымызды көзінің қарашығындай сақтауға міндетті.
Тағы бір айта кететін жайт, жаңа Қазақстанның жаңа Елтаңбасы жайы. Бұл туралы мәселені Мемлекет басшысы биыл Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда сөз еткен болатын. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Елтаңбаны өзгерту идеясын «Amanat» партиясының депутаттары қолдады. Олар жаңа Елтаңбаны талқылау үшін алаң құрып, орақ пен балғаның орнына Мемлекеттік рәмізге «шаңырақ» қоюды ұсынды. Алайда елдегі жағдайларға орай бұл іс кейінге қалдырылды. Не десек те, тарихи маңызды шешім ел мен халық пікіріне сүйене отырып қабылданатын болады. Бұл – уақыттың еншісіндегі шаруа. Ал бабаларымыз бағдар тұтқан азаттыққа адалдық таныту – кешегі күннің, бүгін мен болашақтың парызы.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
Фото: qazaqstan.tv