Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тұрғындар мәселесі тысқары қалмайды

Тұрғындар мәселесі тысқары қалмайды

Өткен аптада аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың жергілікті халықпен есепті кездесуі Нағи Ілиясов, Шаған, Іңкәрдария, Ақжарма ауы­лында жалғасын тапты. Кездесуге облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов, аудандық мәслихат депутаттары Дархан Ералиев пен Марат Бисенов, ҚР Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Бектемір Жұмағұлов дербес бөлім және сала басшылары қатысты.

Ең алдымен, ауыл әкімдері елді мекендерде атқарылған жұмыстар туралы аудан басшысына баяндап, бүгінгі күнге дейін жүзеге асқан бірқатар жоба мен алдағы жоспарға тоқталды. Жиын барысында аудан басшысы өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталып, халықтың өмір сүру сапасын арттыру, инженерлік-инфра­құрылымдық жүйелерді жаң­ғырту жә­не елді мекендерді абаттандыру бағы­тындағы жобалардың кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

Аудан көлемінде елді мекендердің инженерлік және коммуналдық инфра­құрылымын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, Нағи Ілиясов ауылдық округіндегі жеке тұрғын үйлер орналасқан аумақтарға инженерлік-коммуникациялық инфра­құрылым жүргізу және тас жол салу жобасы жүзеге асырылмақ. Жаңа тұрғын үйлер бой көтерген аймақтарға қажетті инфрақұрылым тартылып, жол құрылысы жүргізіледі. Сонымен қатар 2026 жылға аудандық бюджет есебінен Шаған елді мекенінің көшелеріне жол салу жобасына 114 млн теңге қаржы бөлінген. Қазіргі таңда жалпы ұзындығы 3,5 шақырымнан асатын Мұратбаев, Тұйғынов, Омаров, Адаев және Аябек көшелеріне бірінші кезең бойынша қиыршық тас төсеу жұмыстары жүргізілуде. Мердігер мекеме – «Ақтоған» ЖШС болып табылады. Бұдан бөлек, Қызылорда облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты «Арна» мекемесінің қолдауымен «Жи­де­лі­арық» арнасын қазу және тазалау жұмыстары жүргізілуде.

Іңкәрдария және Ақжарма елді мекеніндегі кездесуде ауыл әкімдері атқарылған жұмыстарға тоқталып, елді мекендерде жүзеге асқан жобалар мен алдағы кезеңге жоспарланған бастамалар туралы баяндады.

– Халықтың тұрмыс сапасын арттыру, ауылдардың инженерлік инфра­құрылымын жаңғырту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Басты мақсат – тұрғындарға қолайлы орта қалыптастырып, елді мекендердің әлеуетін арттыру. Барлық ұсыныс-пікір назарға алынып, тиісті жұмыстар атқарылады, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Бүгінде Ақжарма ауылында жалпы құны 1,8 млрд теңгені құрайтын газдандыру жобасы жүзеге асуда. Құрылыс жұмыстарын «Алия Сервис» ЖШС жүргізуде. Қазіргі таңда газ құбырларын тарту және арнайы белгілерін орнату жұмыстары қарқынды жүргізіліп, жоба 95 пайызға аяқталған. Айта кетейік, аталған жоба елді мекен тұрғындарын табиғи газбен қамтамасыз етіп, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға мүмкіндік бермек.

Келелі кездесуде тұрғындар тарапынан ұсыныстар мен сауалдар қойылып, аудан әкімі көтерілген мәсе­лелер кезең-кезеңімен шешімін табатынын жеткізді. Сондай-ақ елді мекен­дердің инфрақұрылымын жақ­сарту және халыққа қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.

Б.ЖАНӘЛІ
26 мамыр 2026 ж. 41 0