Мереке мезіретін сезінген мамандар
Жақында облыстық денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен Нартай Бекежанов атындағы драма театрында «12 мамыр – халықаралық мейіргерлер күніне» арналған салтанатты іс-шара өткізілген болатын. Ақ халатты абзал жандардың еңбегін ұлықтауға арналған мерекелік кеште медицина саласының дамуына үлес қосып жүрген аудан бойынша бірқатар мейіргер марапат төрінен көрінді.Айта кетейік, кәсіби мереке аясында мейіргерлер арасында жүзеге асқан облыстық байқаудың қорытындысы шыққан еді. Аталған байқауда Сырдария аудандық ауруханасының мамандары қатысып, бақ сынады. Үздіктер сынға түскен байқауда Нағи Ілиясов елді мекеніндегі дәрігерлік амбулаторияның мейіргері Гүлжан Жүсіпбаева «Үздік ауыл мейіргері» номинациясын жеңіп алды. Бұл – кәсіби маманның ауыл медицинасының дамуына қосқан еселі еңбегі мен кәсіби біліктілігінің нәтижесі деп білеміз. Бұл ретте, сала маманы талай жылғы еңбегінің ақталғанын тілге тиек етіп, ауылдастарының қолдауын ерекше сезінгенін айтты.
– «Үздік ауыл мейіргері» номинациясын иелену – мен үшін үлкен қуаныш әрі зор мәртебе. Бұл марапат – менің көп жылғы еңбегіме берілген баға ғана емес, ауыл медицинасы саласында аянбай еңбек етіп жүрген барша әріптестерімнің ортақ жетістігі деп білемін. Ауыл тұрғындарының денсаулығын сақтау жолында қызмет ету – үлкен жауапкершілік. Сондықтан әрбір науқасқа жанашырлықпен қарап, кәсібіме адал болуды басты парызым санаймын. Ауыл медицинасында еңбек ету төзімділікті, мейірімділік пен сабырлылықты талап етеді. Кейде күн мен түнге қарамай халықтың жанынан табылып, алғашқы көмек көрсетуге тура келеді. Осындай сәтте тұрғындардың ақ батасы мен шынайы алғысы бізге ерекше күш-қуат сыйлайды. Сондықтан бұл жетістік – маған сенім артқан ауыл тұрғындарының, әріптестерімнің және отбасымның қолдауының жемісі. Медицина саласы – үздіксіз ізденісті қажет ететін маңызды мамандық. Алдағы уақытта да өз білімім мен тәжірибемді жетілдіріп, ауыл халқына сапалы медициналық көмек көрсету жолында аянбай еңбек ете беремін. Осындай құрметке лайық деп таныған ұйымдастырушыларға, қолдау білдірген әріптестеріме және ауыл тұрғындарына шынайы ризашылығымды білдіремін. Халықтың алғысы – біз үшін ең үлкен марапат, – деді Гүлжан Жүсіпбаева.
Салтанатты іс-шарада Қызылорда облысы бойынша мейіргер ісі мамандарының ассоциациясы қоғамдық бірлестігі тарапынан «Мейіргер ісінің дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен «Күндізгі стационар» бөлімшесінің аға мейіргері Ләззат Әлімбетова марапатталды. Ал облыс әкімінің Алғыс хаты «Жан сақтау» бөлімшесінің мейіргері Гүлзира Айтуарға табысталды.
Айта кету керек, мейіргер мамандығы – үлкен жауапкершілік пен төзімділікті талап ететін аса маңызды сала. Науқастың жанынан табылып, алғашқы медициналық көмекті көрсетіп, мейірім мен жанашырлық сыйлайтын да – осы мейіргерлер қауымы. Сондықтан олардың еңбегі әрдайым құрметке лайық.
Кәсіби мереке аясында жоғары марапатқа қол жеткізген әріптестерін бас дәрігер Жанар Жұмабаева арнайы құттықтап, ақжарма тілегін жеткізді.
– Мейіргер – медицина саласының жүрегі десек, артық айтқандық емес. Себебі қандай жағдайда болмасын науқасқа бірінші болып көмек көрсетіп, оның жағдайына алаңдайтын – мейіргерлер. Бұл мамандық үлкен төзімділікті, мейірімділік пен кәсіби біліктілікті талап етеді. Бүгін марапат алып отырған әріптестеріміздің барлығы – өз ісіне адал, халық денсаулығы жолында аянбай еңбек етіп жүрген білікті мамандар. Олардың жетістігі – тек жеке марапат емес, бұл бүкіл аудан медицинасының абыройы. Әріптестеріміздің еңбегі әрдайым бағаланып, халықтың алғысына бөлене берсін. Барша мейіргерлер қауымын кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге толағай табыс тілеймін, – деді бас дәрігер.
Б.ҚАРАМАНТЕГІ











