Мейірім шырағы
Кеше аудандық емхананың мәжіліс залында «Мейіргер – мейірім шырағы» тақырыбында салтанатты іс-шара өткізілді. «12 мамыр – халықаралық мейіргерлер» күні аясында жүзеге асқан мерекелік іс-шара жоғарғы деңгейде ұйымдастырылды. Оған аудандық аурухананың бас дәрігері Жанар Жұмабаева, салалық орынбасарлар мен орта буын мамандары қатысты. Мерекелік кешті ашқан бас дәрігер Жанар Әшімқызы орта буын мамандарының жергілікті халықтың денсаулығын жақсартуға бағытталған еңбегін атап өтіп, атаулы күнмен құттықтады.
– Сіздерді 12 мамыр – Халықаралық мейіргерлер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – адам жанына араша болып, науқасқа үміт пен жылу сыйлайтын мейірімді жандардың кәсіби мерекесі. Мейіргер мамандығы – үлкен жауапкершілік пен табандылықты, төзімділік пен шынайы жанашырлықты талап ететін аса қадірлі кәсіптің бірі. Сіздер күн сайын адам өмірі мен денсаулығы үшін күресіп, халыққа адал қызмет етіп келесіздер. Мейіргер маманы – дәрігер мен науқас арасындағы алтын көпір. Науқастың жағдайын жіті бақылап, дер кезінде көмек көрсетіп, оның сауығуына рухани демеу болатын да – сіздер. Әрбір жылы сөздеріңіз бен қамқорлыққа толы қарым-қатынастарыңыз талай жанның өмірге деген сенімін арттырып келеді. Сондықтан да мейіргер мамандығы қашанда ерекше құрмет пен зор сенімге ие. Аудандық ауруханаға қарасты барлық емдеу мекемесінде еңбек етіп жүрген барлық мейіргердің еңбегі өлшеусіз. Әсіресе, шалғай ауылдарда халық денсаулығын сақтап жүрген мамандардың қызметі зор алғысқа лайық. Қандай ауа райы болмасын, тәуліктің қай мезгілі болса да, ауыл тұрғындарының жанынан табылып, алғашқы медициналық көмек көрсетіп жүрген сіздердің еңбектеріңіз – нағыз жанкештіліктің үлгісі, – деді бас дәрігер.
Дәстүрлі түрде кәсіби мерекеде жүзеге асатын іс-шарада бірқатар сала маманы марапат төрінен көрінді. Анығын айтқанда, бірнеше сала маманына облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының, аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың, «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы Қызылорда облысы бойынша филиалының, «Алғыс хаты» табысталды. Ал бас дәрігер мен аурухана жанындағы медицина қызметкерлері кәсіподағы төрағасының жоғарғы марапатына біліктілігімен танылған мейіргерлер қол жеткізді.Жалпы алғанда, Сырдария аудандық ауруханасында 500-ге жуық орта буын медицина қызметкерлері жұмыс жасаса оның 400-ден астамы дертіне шипа, жанына дауа іздеген жандардың сырласына, қамқоршысына айналған мейіргерлер екенін айта кетейік. Осыдан бірнеше күн бұрын облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының тікелей тапсырмасы негізінде кәсіби мереке қарсаңында арнайы апталық өткізілген болатын. Апталық аясында үздік нәтиже көрсетіп, сан түрлі іс-шара ұйымдастыра білген бөлімшілер жекелеген номинацияларға ие болды.
Көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлаған салтанатты іс-шарада «Телемедицина» саласында қырық жылға жуық қызмет атқарған оператор-маман Гүлбану Майлықожа мен Аманкелді дәрігерлік амбулаториясының білікті маманы Шолпан Ахметованы әріптестері құрметті зейнет демалысына шығарып салды. Өз кезегінде зейнет демалысына шығып, еңбектің жемісін көруге бекінген сала ардагерлері ұжымдастарына шынайы алғысын жеткізді. Іс-шара барысында сала мамандары әуелете ән шырқады.
Б.ОРДАБЕКОВ











