12 мамыр - Халықаралық мейіргер күні
Бүгінде өңірдің барлық медициналық ұйымдарында 13 мыңға жуық орта буын медицина қызметкері еңбек етеді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында белгілі болды. 12 мамыр - Халықаралық мейіргер күніне арналған баспасөз конференциясында облыстағы мейіргерлік қызметті дамыту, кадр даярлау және халықаралық тәжірибе алмасу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар баяндалды.Баспасөз конференциясына облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының емдеу-алдын алу жұмыстары жөніндегі орынбасары Абубакирова Жаңыл Исақызы мен басқарманың бас маманы Жеңіскүл Жолдыбайқызы қатысты.
Спикерлердің айтуынша, өңірде мейіргер ісін жаңғырту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Қазіргі таңда Қызылорда облысының 2025–2027 жылдарға арналған мейіргер ісін дамыту жоспары жүзеге асырылып жатыр. Сонымен қатар, еліміздегі 2025–2030 жылдарға арналған мейіргерлік істі дамыту тұжырымдамасы аясындағы міндеттер кезең-кезеңімен орындалуда.
- Бүгінде өңірдің барлық медициналық ұйымдарында 13 мыңға жуық орта буын медицина қызметкері еңбек етеді. Оның 4142-сі алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарында қызмет атқарады. Соңғы жылдары мейіргерлердің білім деңгейін арттыруға басымдық беріліп, жоғары медициналық колледжде «Мейіргер ісінің қолданбалы бакалавры» бағдарламасы бойынша 858 маман даярланған. Денсаулық сақтау жүйесінде 1470 мейіргер жоғары және орта білімнен кейінгі білімге ие. Оның ішінде қолданбалы және академиялық бакалавриат түлектері, сондай-ақ магистр дәрежесін алған мамандар бар. Бұл өңірдегі мейіргерлік қызмет сапасын арттыруға ықпал етеді, – Жаңыл Исақызы.
Брифинг барысында кеңейтілген тәжірибелі мейіргерлер институтын дамыту мәселесі де сөз болды. 2026 жылдың алғашқы тоқсанында мұндай мамандар саны 12-ден 90-ға дейін өскен. Оларды даярлау үшін Қызылорда медициналық колледжі базасында арнайы курстар ұйымдастырылып, дәлелді мейіргерлік практика мен дербес қабылдау жүргізу бағытында оқыту өткізілген.
Медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Соңғы екі жылда 23 мейіргер Беларусь, Түркия және Ресейде тәжірибе жинақтап қайтқан. Ал биыл жергілікті бюджет есебінен жүздеген орта буын медицина қызметкерін оқыту жоспарланып отыр. Сондай-ақ өңірде халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар ұйымдастырылып, шетелдік сарапшылармен тәжірибе алмасу жолға қойылған. Халықаралық ынтымақтастық аясында студенттер Латвия мен Түркия клиникаларында білім алып, тәжірибеден өтуде. 2025 жылы Қызылорда медициналық колледжі жанынан ашылған «Мейірім» күтім орталығында созылмалы ауруы бар науқастардың туыстарына үй жағдайында күтім жасау дағдылары үйретіліп келеді, - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы Жеңіскүл Жолдыбайқызы.
Өңірде орта буын медицина қызметкерлері арасында кәсіби шеберлікті арттыру және үздік мамандарды анықтау мақсатында жыл сайын өңірлік кәсіби байқаулар өткізіледі.
Байқау жеңімпаздары «Үздік стационар мейіргері», «Үздік медициналық-санитариялық алғашқы көмек мейіргері», «Үздік ауыл мейіргері», «Үздік акушер», «Үздік фельдшер» номинациялары бойынша республикалық кезеңге жолдама алады.
Өңірлік Коммуникациялар Қызметі










