Ауданда инклюзивті саясатты іске асыру мәселелері қаралды
Бүгін аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың төрағалығымен «Инклюзивті саясатты іске асыру шаралары туралы» мәжіліс өтті. Жиынға тиісті бөлім, мекеме басшылары және сала мамандары қатысты.Аудан басшысы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, әрбір мүгедектігі бар азаматтың қоғам өміріне толыққанды қатысуы үшін барлық қажетті жағдайлар жасалуы тиіс екенін жеткізді.
– Инклюзивті саясат – бұл тек әлеуметтік қолдау ғана емес, қоғамның әрбір мүшесіне тең мүмкіндік беру қағидаты. Қазіргі таңда ауданда мүгедектігі бар 1454 адам тіркелген, оның 60-ы — 18 жасқа дейінгі балалар. Оларды әлеуметтік оңалтумен қатар, инклюзивті біліммен қамту, тұрғын үй жағдайын жақсарту, мәдени-спорттық шараларға қатысуына жағдай жасау және кедергісіз орта қалыптастыру бағыттарына ерекше назар аударылуда. Биыл ауданымызда 7 нысанды бейімдеу жоспарланса, бүгінгі күні 5 нысан толық дайын болып, қолжетімділіктің интерактивті картасына енгізілді. Қалған 2 нысанның жұмыстары екінші тоқсанда аяқталады. Сонымен қатар, мүгедектігі бар 95 баланы үйде оқыту шығындарын өтеуге 9 млн 407 мың теңге қаралып, бірінші тоқсанда 71 баланың ата-анасына тиісті төлемдер тағайындалды. Жеке оңалту бағдарламасы бойынша түскен 820 өтініштің 629-ы орындалды. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты бақылауда, — деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Жиын қорытындысы бойынша сала басшыларына инклюзивті ортаны дамытуға бағытталған бірқатар нақты тапсырмалар жүктелді.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі











