Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Инклюзивті білім беру: тиімді оқыту

Инклюзивті білім беру: тиімді оқыту

Бүгінгі таңда әлем жұртшылығының назарын аударып отырған мәселе – балалардың жеке сұраныстары мен ерекшеліктеріне ортаның, от­басының қатысуымен білім беру үрдісіне толық қосуды қарастыратын инклюзивті білім беру.
Инклюзивті білім беру – барлық баланы, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі балаларды жалпы білім үрдісіне толық енгізу және әлеуметтік бейімдеу. Жынысына, шығу тегіне, дініне, жағдайына қарамай, бала­ларды айыратын кедергілерді жоюға, ата-аналарын белсенділікке шақыруға, баланың түзеу-педагогикалық және әлеуметтік мұқ­таж­дықтарын арнайы қолдау. Яғни жалпы білім беру сапасы сақталған тиімді оқытуға бағытталған білім.
Бұған қатысты аудандық білім бөлімінің бас маманы Л.Мығымбаева:
– Елімізде инклюзивті білімнің дамуы Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылға арналған мемлекеттік білім бағдарламасында си­пат­талып, оның жоспарлы дамуына әсер ететін қауіп-қатер ретінде елімізде мүм­кіндігі шектеулі балалар мен мүгедек балалардың көбеюі атап көрсетілді және екі кезеңге белгіленген инклюзивті бі­лімді жүзеге асырудың мақсаттары мен міндеттері айқындалды. Бағдарламаны іске асыру нәтижесінде елімізде 2019 жылы инклюзивті білім беруге жағдай жасау 30%, 2020 жылға қарай 70% ұлғайту көзделген, – дейді.
Аудан бойынша психологиялық-меди­циналық, педагогикалық кеңес есебіне сәйкес даму мүмкіндігі шектеулі 213 бала тіркелген. Балалар білім бөлімі тара­пынан тіркеуге алынып, тиімді оқытуға бағыт­талған біліммен қамтылуда.
Аталған мемлекеттік бағдарлама жүзе­ге асырыла басталған уақыттан бері аудандағы 14 мектепке арнайы педагог-дефектолог, логопед мамандары алынып, аудан бойын­ша инклюзивті біліммен қамту 82%-ті құрады. Биылғы жылдан бастап об­лыстық бюджет есебінен 2 мектепте арнайы кабинет ашылып, қазіргі таңда кабинетті жабдықтау бойынша жұмыс басталған.
Аудандық білім бөлімінің мәліметінше, білім беру ұйымдарында ерекше қажетті­ліктері бар балаларға білім беру қызметі, оқыту бағдарламасы жайлы «Ерекше қа­жеттіліктері бар балаларға білім беру қыз­меті», «Инклюзивті білім беру – өмір қажеттілігі» тақырыбында семинар-тренинг өткен.
Ерекше қажеттіліктері бар балалар да білім алуға құқылы. Және бұл мәселе мем­лекет үшін де негізгі міндеттердің бірі болып саналады. Сондықтан әр балаға оның қажеттілігіне қарай қоғамға пайда келтіруге және оның толыққанды мүшесі болуына мүмкіндік беру – инклюзивті білім берудің негізгі мақсаты. Осы бағытта ауданда нақты жұмыстар атқарылуда.

Б.ЖАНӘЛІ 
18 ақпан 2020 ж. 5 508 0