Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бесарықта үшем дүниеге келді

Бесарықта үшем дүниеге келді

Жақында Бесарық ауылында ерекше жаңалық орын алды. Араға 16 жыл салып, берекесі тасыған ауылда үшем дүниеге келді. Өсіп-өнген, қазақы ғұрыпты ұстанып, ауыл өмірінен бір сәтке ажырымаған Баймановтар әулетінде үш кестетігер жан басын толықтыруда. Дәрігерлердің айтуынша, ата-анасының көз қуанышына айналған Хадия, Дария, Жәния Берікболдың жағдайы жақсы, оларға тиісті медициналық көмек көрсетілуде.

Үшемнің ата-анасы Нұрсұлтан Байманов пен Мөлдір Бекбаулы осыдан 9 жыл бұрын отау құрған. Олардың бүгінде 5 перзенті бар. Сәбилерден бөлек, 1 ұл, 1 қызды тәрбиелеп отыр­ған бақытты отбасы.

– Бұл қуанышты сөзбен айтып жеткізу оңай емес. Әке атану – әр азамат үшін үлкен бақыт болса, бір күнде үш бірдей қыздың ата-анасы болу – Алла Тағаланың бізге берген ерекше сыйы деп білемін. Мұндай сәтті бастан кешіремін деп ойламаппын. Қуанышымызда шек жоқ, жүрегімізді мақтаныш пен жауапкершілік сезімі қатар кернеп тұр. Ең алдымен, сәбилердің аман-есен дүниеге келуіне себепкер болған ақ халатты абзал жандарға алғысымды білдіремін. Дәрігерлердің біліктілігі мен қамқорлығының арқасында зайыбым да, қыздарымыз да өздерін жақсы сезінуде. Анасының сабыры мен төзіміне де ризамын. Осындай ауыр да жауапты сәтті абыроймен өткерді. Бұған дейін ауылдасымыз Мырзағали аға мен Роза апаның шаңырығында 3 ер бар дүниеге келгені белгілі. Бүгінде Мәделі, Марғұлан, Мағауия ер жетіп келеді. Алдағы уақытта біздің қыздарымыз да оқуда озат атанып, еліміздің болашағына бей-жай қарамайтын жандар болғанын қалаймыз, – деді Нұрсұлтан Байманов.

Осы күні сәбилер «Ана мен бала» орталығында дәрігерлердің жіті бақылауында. Әрқайсысының денсаулық жағдайын ақ халатты абзал жандар күнделікті саралап, олардың отбасымен қауышуына барын салуда.

– Бесарық елді мекенінде үшемнің дүниеге келуі – барша ауыл тұрғыны үшін үлкен қуаныш әрі айтулы оқиға. Мұндай сүйінші жаңалық әрбіріміздің жүрегімізге жылулық сыйлап, елдің ертеңіне деген сенімімізді арттыра түседі. Сәбилердің аман-есен өмірге келуі – ең алдымен, ата-анасының бақыты. Бұл – ауылымыздың да мерейін өсіретін игі жаңалық. Жас отбасына алдағы уақытта үлкен жауапкершілік жүктелетіні белгілі. Дегенмен, ауыл халқы болып мұндай қуанышқа әрдайым ортақпыз. Қажет болған жағдайда қолдау көрсетуге дайынбыз. Өйткені, әрбір дүниеге келген сәби – еліміздің болашағы, ұлтымыздың жалғасы. Жас ата-анаға мықты денсаулық, отбасына амандық, ал жаңа туған сәбилерге ұзақ ғұмыр, жарқын болашақ тілеймін. Қыздарымыз елдің мақтанышына айналып, ата-анасының ғана емес, тұтас ауылдың қуанышы болып өссін, – деді ауыл әкімі Дәулет Сәрсенбаев.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
Фото: ашық дереккөз

18 сәуір 2026 ж. 89 0