Облыстық жазба ақындар мүшәйрасына қатысты

Темірбек Жүргенов – Қазақстан мен Орта Азия елдеріндегі оқу-ағарту, мәдениет және әдебиет саласының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан қайраткер тұлға. Ол саналы ғұмырын барлық адам тең құқыққа ие болатын жаңа өмір мен жаңа әлемді құруға арнады.
Т.Жүргенов елге қызмет етіп, бірқатар білім ошақтарының ашылуына мұрындық болды. Атап айтқанда, қазақ кен-металлургия институты (қазіргі Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті), ветеринарлық институт және С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) ашылуына еңбек етті. Ағарту мәселелерімен қатар ол қазақ өнерінің қанат жаюына қыруар тер төкті.
Жыр мүшәйрасында С.Аңсат мемлекет және қоғам қайраткері — үш елдің халық ағарту комиссары болған жалғыз қазақ екенін айтып, халық үшін атқарған қызметтеріне тоқталды. Жыр мүшәйрасына қатысушы талапкерлерге сәттілік тіледі.
Қазақ тарихында есімі алтын әріппен жазылған еңселі тұлғаның 125 жылдығына арналған іс-шараға өңірден 12 жас ақын қатысты. Олар ұлтжанды азаматтың сан қырлы қайраткерлік, тұлғалық болмысын жан-жақты ашып, тағдырлы ғұмырын өздерінің отты жырларына қосты.
Жыр мүшәйрасының қорытындысында үздік шыққандар арнайы диплом және сыйлықтармен марапатталды.