Миллионер оқушы
Нұрислам Айбекұлын ауылдастары «Миллионер оқушы» деп атайды. Себебі ол өзінің білімі мен ізденімпаздығының арқасында 1 миллион теңгені ауқымды байқауда жеңіп алды. Өткен жылдың соңында ауыл-аймақты дүр сілкіндірген жаңалыққа қуанбаған жан қалмады. Әсіресе, ұстаздар қауымының мерейі үстем болды.Осы аптаның басында редакцияға оқушы бала ерткен шағандық ұстаз Гүлнұр Досбай келді. Жанындағы оқушысын таныстырған ұстаз: «Менің оқушым – Нұрислам Айбекұлы – өте дарынды бала. Оқушының жетістігін айтып тауысу мүмкін емес. Нұрислам бір миллион ұтқан бала» деп қуанышты көңіл-күйін байқатты. Шын мәнінде, Нұрислам туралы бізде естіп, газет бетінде оның жетістігі туралы жазғанбыз. Дегенмен талантты баламен бет-бет жүздесіп, әңгімелесудің сәті түскеніне біз де қуандық.
Жанымызға жайғасқан 12 жастағы баланың тұла бойынан тектіліктің иісі аңқығандай болды. Сұрай келе, Нұрислам ұстаздар әулетінің ұрпағы екенін білдік. Жеткіншек ауыл балаларына ұзақ жыл білім мен тәрбие берген, туған жері Шаған ауылындағы білім ошағында басшы болған Нұрлан Алдабергенов пен ардақты ұстаз Баян Жәлімбетованың немересі екен. Отбасында бес ұлдың ортаншысы болып өсіп келе жатқан дарынды баланың да ата-анасы – ауылға белгілі азаматтар. Әкесі Айбек Нұрланұлы – мұғалім, анасы Ләйла Жукеева – дәрігер. Балаларының дамуына, қызығушылығына кішкентайынан ден қойып, барынша жағдайын жасауға ұмтылатын ата-ана Айбек пен Ләйла Нұрисламның да бойынан ерекше қабілетін байқап, баласының талантын шыңдауға аянып қалмайды. Қажетті техника мен құрал жабдықтарын алып беріп, қызығушылығын дамытуға жағдайын жасайды.
Қазақта «Талант деп өнері мен ақылын іске асыра алатындарды айта аламыз» деген тәмсіл бар. Бұл сөз шын мәнінде Нұрисламға қарата айтылғандай. Ауыл мектебінде оқып, ұстаздарынан білім мен тәрбие алған оқушы бастауыш сыныпта оқығанда-ақ өнерге жақын болады. Оның әдемі дауысы, тамылжыта ән салуы талай байқауларда топ жаруына септігін тигізеді. Алдымен аудандық деңгейде танылып, кейін облыстық, республикалық байқауларға жолдама алып, шет тілінде ән шырқаған өнерпаз сахнада шарықтай түседі. Өнердегі жолын кино әлемімен ұштастыруды мақсат етіп, қиялына қанат бітіреді. Киноиндустрия саласын бағындыру үшін ізденеді. Өткен жылы «KAZ PFODUCTION» киностудиясында «Актерлік оқу-әдістемесі, актерлік шеберлік» және «Сахна мәдениеті» тақырыбында арнайы білім алды. Бұл талантты баланың өнерді бағындырудағы тың ізденісі болды. Нәтижесі де көп күттірмеді. Бір емес, бірден екі киноға түсіп, өнердің тағы бір саласында өзін байқатты.
Қазіргі уақытта өнер мен шығармашылығын шыңдап, ІТ саласына ден қойған талапты оқушы жаңа бағдарлама ойлап тауып, осы оқу жылында Қызылордада өткен «Inno Fest Qyzylorda» инновациялық IT жобалар сайысында «Software Dev» бағытында топ жарып, 1 миллион теңге сыйақыға ие болады. Аудан абыройын асқақтатқан Нұрислам жобасын сәтті қорғап, қазылар алқасының жоғары бағасын алды.
– Нұрислам – өте дарынды оқушы. Ол информатика, ағылшын және физика пәндерін ерекше ұнады. Өнерден де құр алақан емес. Ағылшын, француз тілінде ән айтқаны керемет. Болашағынан зор үміт күттіретін оқушы біздің мақтанышымыз, – дейді дарынды баланың ұстазы Гүлнұр Досбай.
Қолынан ұялы телефоны мен ноутбугы түспейтін жасөспірім шақтағы өнертапқыш өз сөзінде ұялы телефонға арналған қауіпсіз операция жүйесін шығарғанын айтты. Бұл жобаға 7 ай уақытын жұмсап, «Android» пен iOS-қа қарағанда мықты әрі қауіпсіз жүйе деп танылған. Арнайы бағдарлама телефонды хакерлік шабуылдардан қорғап, байланыс құралының жұмысын жылдамдатуға мүмкіндік береді. Жас өнертапқыш ұялы телефонға арналған жүйені «Extrnos» деп атаған. Бұл идеясын жетекшісі, №37 мектеп-лицейдің информатика пәнінің мұғалімі Гүлзат Ыбыраймен бірге жүзеге асырған. Оқушысының талабын ұштаған мұғалімі оның ынтасын арттырып, пән олимпиадалары мен түрлі байқауларға қатысуына ықпал етеді. Кейіннен Қызылорда стартаптар мен ІТ өңірлік хабының жетекшісі Жанарыс Түбекбаевтан сабақ алып, жаңа технологияның қыр-сырына қанығады.
– Мен алдымен ағылшын программисі Терри Дэвистің 64-биттік операциялық жүйесін зерттеп, қадағаладым. Соған ұқсас жүйе ойлап тапқым келді. Нәтижесінде, «Extrnos» атты жоба дүниеге келді, оған 7 ай уақыт жұмсадым. Бұл – ұялы телефонға арналған, Android пен iOS-қа қарағанда мықты әрі қауіпсіз жүйе. Телефонды хакерлік шабуылдардан қорғауға, байланыс құралының жылдам қозғалуына, яғни қатып қалмауына мүмкіндік береді, – деді Нұрислам Айбекұлы өзі қатысқан ауқымды жоба туралы.
Небәрі 12 жасында шығармашылық ізденістен талмай, шаршамай одан әрі дамытуды мақсат еткен жас талант иесі бос уақытын өнер мектебінде өткізеді. Аудан орталығындағы өнер мектебіне келіп, ұстазы Гүлжан Досбаевадан дәріс алады. Ауылдағы музыка жетекшісі Гүлшат Боранбаева ашқан талантын кәсіби тұрғыда меңгеруге шындап кіріскен. Осы күні қоржынында талай байқаудың жүлдесі бар талантты оқушы алдағы уақытта да шығармашылықтан қол үзбей ІТ саласында биік белесті бағындыруға бел буған. Оның әрбір қадамы мен қолға алған жобасы сәтті болуына тілектеспіз. Ағылшын тілін еркін меңгерген шағандық оқушы болашақта мықты бағдарламашы болуды армандайды.
Бибісара ЖАНӘЛІ











