Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Рухани тәрбие – сарбаз сапасының негізі

Рухани тәрбие – сарбаз сапасының негізі

Қазіргі заманғы әскери қызмет тек жауынгерлік дайындықпен ғана өлшенбейді. Ел қауіпсіздігін қамтамасыз ететін әскери қызметшінің кәсіби шеберлігімен қатар, оның рухани-адамгершілік болмысы, мәдени деңгейі және азаматтық ұстанымы да ерекше маңызға ие. Осы тұрғыдан алғанда, әскери ортада тәрбие мен білімді ұштастыру – уақыт талабы.

Осы бағытта 5547 әскери бөлімінде сарбаздардың бос уақытын мазмұнды ұйымдастыруға, олардың рухани дамуына және ой-өрісін кеңейтуге бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соның ішінде кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға ерекше мән берілген.

Бөлімде сарбаздар үшін арнайы кітап оқу сағаттары ұйымдастырылып, олар тұрақты түрде көркем әдебиетпен, тарихи-танымдық еңбектермен және патриоттық мазмұндағы шығармалармен танысу мүмкіндігіне ие. Бұл бастама олардың бос уақытын тиімді өткізуімен қатар, рухани әлемін байытуға қызмет етеді.

Қатардағы Бекмұратов Диастың айтуынша кітап – адамды ойлануға, талдауға, өзін-өзі тануға жетелейтін маңызды құрал. Әсіресе әскери ортада кітап оқу сарбаздың тәртіп, сабыр, жауапкершілік сияқты қасиеттерін нығайтып, тұлғалық дамуына ықпал етеді.

Әскери бөлімде ұсынылатын әдебиеттердің басым бөлігі ұлттық тарих, ел тәуелсіздігі, батырлар ерлігі мен отансүйгіштік тақырыптарына арналған. Мұндай шығармалар жас сарбаздардың бойында елге деген құрмет пен сүйіспеншілікті арттырып, тарихи санасын қалыптастыруға ықпал етеді.

Сарбаздар қазақ халқының өткені мен бүгінін танып, ел қорғау миссиясының мәнін тереңірек түсіне бастайды. Бұл олардың әскери қызметке деген жауапкершілігін күшейтеді.

Кітап оқу тек жеке процесс ретінде қалмай, ұжымдық талқылаумен жалғасады. Бөлімде оқылған шығармалар бойынша пікір алмасу, әдеби талқылаулар мен шағын кездесулер өткізіліп тұрады.

Мұндай іс-шаралар сарбаздардың өз ойын еркін жеткізуіне, логикалық және сыни ойлау қабілетін дамытуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ұжым ішіндегі өзара түсіністік пен мәдени байланысты нығайтады.

Аталған жұмыстардың жүйелі түрде ұйымдастырылуына кітапханашы Шаринова Тұрсынай Сабырқызының еңбегі зор. Оның бастамасымен кітап қоры толықтырылып, сарбаздардың қызығушылығын арттыратын түрлі әдеби-танымдық шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді.

Кітапхана – тек кітап сақтайтын орын емес, ол сарбаздың ой-санасын дамытатын, рухын көтеретін маңызды орталыққа айналған.

Жалпы алғанда, рухани бай, білімді әрі жан-жақты дамыған сарбаз – ел қауіпсіздігінің сенімді тірегі. 5547 әскери бөлімінде жүзеге асып жатқан кітап оқу мәдениетін дамыту жұмыстары – осы бағыттағы маңызды әрі үлгі боларлық бастама.

Бұл тәжірибе әскери қызметтің мазмұнын тереңдетіп қана қоймай, жас сарбаздардың тұлғалық қалыптасуына да зор ықпал ететіні сөзсіз.


Фатима МАРАТОВА 
Тәрбие және әлеуметтік-құқықтық
жұмыстар бөлімше бастығының
(мемлекеттік тіл бойынша)
аға көмекшісі
10 сәуір 2026 ж. 44 0