Антқа адалдық – елге адалдық
Қызылорда қаласында орналасқан 5547 әскери бөлімінде жас сарбаздардың салтанатты ант қабылдау рәсімі өтті. Бұл – әскери қызметке қадам басқан әрбір жас жауынгердің өміріндегі ең маңызды әрі толғанысты сәттердің бірі.Салтанатты шараға әскери бөлімнің басшылығы, ардагерлер, сарбаздардың ата-аналары мен жақындары қатысты. Әскери сапқа тізілген жас жауынгерлер Мемлекеттік Ту алдында Қазақстан Республикасына адал қызмет етуге, елдің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын қорғауға, әскери жарғы талаптарын қатаң сақтауға ант берді. Әнұранның асқақ үні шараның айбынын арттыра түсті.
5547 әскери бөлімінің командирі Жасұлан Беркенов жас сарбаздарды құттықтап, ант қабылдау – Отан алдындағы үлкен жауапкершілікті сезінудің бастауы екенін атап өтті. Ол әскери тәртіп пен табандылық, батылдық пен отансүйгіштік қасиеттер әрбір жауынгердің басты ұстанымы болуы тиіс екенін айтты. Сондай-ақ сарбаздардың ата-аналарына алғыс білдіріп, олардың ұлдары ел сенімін ақтайтынына сенім білдірді.
Рәсім барысында ата-аналарға бөлімнің тыныс-тіршілігі таныстырылып, сарбаздардың тұрмыс жағдайы мен жауынгерлік даярлығы көрсетілді. Қонақтар әскери қызметтің тәртіп пен жауапкершілікке негізделгенін көріп, жас сарбаздарға қолдау білдірді.
Саптық көрсетіліммен жалғасқан шара патриоттық рухтағы әндермен қорытындыланды. Бұл күн жас жауынгерлер үшін Отан алдындағы қасиетті борышты адал атқаруға берілген серттің айқын көрінісіне айналды.
Әскери ант – сөз жүзіндегі уәде ғана емес, жүрекпен қабылданатын жауапкершілік. Қызылордадағы 5547 әскери бөлімінің сарбаздары да ел тыныштығы мен қауіпсіздігін күзетуде абырой биігінен көрінетініне сенім мол.
Фатима МАРАТОВА,
Тәрбие және әлеуметтік-құқықтық
жұмыстар бөлімшесі бастығының
(мемлекеттік тілді енгізу жөніндегі)
аға көмекшісі









