Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тарихқа тағзым - елге қызметтің бір көрінісі

Тарихқа тағзым - елге қызметтің бір көрінісі

5547 әскери бөлімінің сарбаздары Қызылорда облыстық өлкетану музейіне барып, өңір тарихымен және мәдени мұрасымен кеңінен танысты. Танымдық экскурсия әскери қызметшілердің рухани-мәдени деңгейін арттыру, отансүйгіштік қасиеттерін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылды.

Іс-шара барысында сарбаздар музейдің бірнеше залын аралап, Сыр өңірінің көне дәуірден бүгінгі күнге дейінгі тарихын қамтитын бірегей экспозицияларды тамашалады. Әсіресе археологиялық қазбалардан табылған құнды жәдігерлер, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін бейнелейтін этнографиялық бұйымдар, ұлттық киімдер мен қару-жарақ үлгілері әскери қызметшілердің қызығушылығын тудырды.
Музей қызметкерлері сарбаздарға аймақтың тарихи кезеңдері, Қызылорда қаласының қалыптасу тарихы, ел тәуелсіздігі жолындағы маңызды оқиғалар туралы мазмұнды ақпарат берді. Сондай-ақ Сыр өңірінен шыққан белгілі тұлғалардың өмірі мен еңбектері жайлы деректер ұсынылды.

Әскери бөлім басшылығының айтуынша, мұндай мәдени-танымдық шаралар сарбаздардың тарихи санасын қалыптастырып, елге, жерге деген сүйіспеншілігін арттыруда маңызды рөл атқарады. Тарихты білу – Отанды қорғауға дайын нағыз азамат тәрбиелеудің бір бөлігі екенін атап өтті.

Экскурсияға қатысқан сарбаздар да алған әсерлерімен бөлісіп, музейде жинақталған тарихи мұралардың маңыздылығын ерекше атап өтті. Олардың айтуынша, туған өлкенің бай тарихымен танысу әскери борышты абыроймен атқаруға қосымша рух берді.

Айта кетейік, 5547 әскери бөлімінде жеке құрамның әскери даярлығымен қатар рухани-адамгершілік және патриоттық тәрбиесіне ерекше көңіл бөлінеді. Осындай мазмұнды іс-шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде ұйымдастырылмақ.

Фатима Маратова
Тәрбие және әлеуметтік-құқықтық
жұмыстар бөлімшесі бастығының
(мемлекеттік тілді енгізу жөніндегі)
аға көмекшісі

26 қаңтар 2026 ж. 61 0