Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Шынайылық пен төзімділік иесі

Шынайылық пен төзімділік иесі

Биыл Қазақстан тергеу ісіне 58 жыл толады. Осы уақыттың ішінде еліміздің тергеушілері қаншама қан­дықол қарақшы мен қылмыскерді құрықтап, айғақсыз боп көрінген небір сұмдық қылмысты әшкерелеп, қызмет жолына адалдық танытып келеді.

Өзінің саналы ғұмырын осынау қиын да, жауапкершілігі зор мамандыққа ар­на­ған Әлібек Қасымхановтың есімі ау­данның ғана емес облыстың, респуб­ли­каның құқық қорғау саласына белгілі. Ол осыдан 29 жыл бұрын республика бо­йынша «Үздік тергеуші» атағын Елбасы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың қолынан алған болатын. Бүгінде доғарыстағы подполковник соңғы 17 жылдан бері Қы­­зылорда облыстық адвокаттар алқа­сында қорғаушы қызметін атқарып ке­леді.

Тереңөзектің тумасы Әлібек Қасым­ханов – Ұлы Отан соғысының ардагері, ардақты ұстаз болған Қасымхан Ысмай­л­овтың баласы. Аудан тарихында өзін­дік қолтаңбасын қалдырған ардақты азамат­тың балаларының арасында құ­қық қорғау қызметін таңдаған Әлібек аға ғана. Аудандағы №35 орта мектепті бітіргеннен соң сол жылдардағы талап бойынша ПМК-15-те жұмыс істеді. Әскер қатарында азаматтық борышын өтегеннен кейін әкенің ізгі жолымен мұғалімдік мамандықты таңдап, Қы­зылорда қаласындағы педагогикалық инс­титутқа оқуға түсті. Тіл маманы атан­ған азамат аудандық партия және комсомол комитетінде нұсқаушы болып еңбек жолын жалғастырды.

1979 жылы партия комитетінің жолдамасымен Сырдария аудандық ішкі істер бөлімінің жасөспірімдер инспекциясы бөлімшесінің бастығы болып тағайындалды. Ішкі істер органында қыз­мет ете жүріп, Алматы қаласындағы Қазақ Мемлекеттік университетке заң факультетіне оқуға түседі. Жоғарғы оқу орнын қызыл дипломмен бітіріп, 1983 жылы аудандық ішкі істер бөлімінің тергеу бөлімшесіне қызметке ауысады. Осын­да аға тергеуші, тергеу бөлімшесінің бастығы және тергеу жөніндегі ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары қызметін абыроймен атқарады.

– Тергеуші болу үшін адамға ең алдымен төзімділік пен шынайылық қасиет керек. Біліктілік – айғақтардың ақ пен қарасын ажыратуға, тергеуді Қылмыстық кодекстің баптарына сәйкес жүргізу үшін қажет. Алдыңдағы істі тыңғылықты зерттеуге жауапкершілікпен қарамау – бұл адам тағдырына бей-жайлылық танытқанмен бірдей. Сондықтан салмағы басым жүкті алып жүруге ең алдымен адалдық қасиетке ие болған жөн.

Әлі есімде 1992 жылы тергеу қызметіне келгеніме он жылдай уақыт болғанда республика көлемінде 3 мыңға жуық тергеушілердің арасынан облыста ең үздік атанып, «Үздік тергеуші» деген награданы Елбасы Н.Назарбаевтың қолынан алғаным. Сол кезде бойымда жауапкершілік жүгі одан сайын нығайа түскені есімде.

Көршілес жатқан үш ауданға ортақ тергеу комитеті құрылып, Жалағаш, Қармақшы, Сырдария аудандарындағы тергеу бөлімшелерін басқардым. Тергеу комитеті 1998 жылы тарады. Сонан соң аудандағы ішкі істер бөлімі бастығының тергеу жөніндегі орынбасары болып та­ғайындалып, уақытпен санаспай қыз­­мет етіп, жақсы нәтижеге жеттік, – дейді қырық жылға жуық қызметін тергеу саласына арнаған полиция ардагері Әлібек Қасымханұлы.

Қоғам тыныштығының сақшысы, тергеуші Әлібек аға қызметінің ыстығы мен суығын бірдей көрген тәжірибелі маман. Оның алдынан түрлі деңгейдегі қылмыстық іс келгенде жүйелі, әрі тиянақты зерттеп, істің соңғы нүктесін қояды.

Майталман маман осыдан 30 жыл бұрынғы қанды оқиғаны былайша ес­ке алады: – Қылмыс жасаумен аты шыққан ауданға танымал екі азаматтың әрқайсысы темір тордың арғы жағында бес-алты реттен отырып келген. И.есімді адам абақтыдан оралған соң досының үйіне барады. Дастархан басында И-дың назары досының әйеліне ауады. Нәпсіқұмарлыққа салынған И. әйелдің қарсылығына қарамастан оны зорлау әрекетіне кіріседі. Сол сәтте әйелдің жұбайы С. үстінен түсіп, қолына қалай балта ұстағанын байқамай қалады. Балта И-дың басын шауып түседі, сонан соң дене мүшелерін қапқа салып өзенге лақтырып жібереді. Қапқа салынған мәйіт бір ай өзеннің үстінде жүзіп жүргенде сол маңдағы малшының көзіне шалынады. Аудандық ішкі істер бөліміне хабар жеткен соң жедел топ оқиға орнына барып, қапты ашқанда, қолы сыммен байланған адам мәйіті табылады. Жүргізілген зерттеу нәтиже бере қоймайды. Дегенмен, мәйітті мұқият тексергенде сол қолында И. деген жазудың барын анықтадық. Тексеру барысында есепте тұратын қылмыскерлерді сараптамадан өткіздік. Ауыл тұрғындарының көмегімен мән-жайды анықтадық. С-ның үйіне тінту жүргізгенде балта қолға түсті. Балтадағы қан дағы қылмысты ашуға негіз болды. Айғақты дәлелдер толық жиналып, іс сотқа өтті. Алғашында әккі қылмыскер өз қылмысын мойындамады. Алайда қол таңбасы мен қан дақтары оны бұлтартпады. Осылайша тынымсыз тіршіліктің нәтижесінде тағы бір қылмыс ашылды. Мұндай оқиғалар ол кезде көп айтыла бермейтін, – дейді бұрынғы тергеуші.

Иә, бұл бір ғана мысал арқылы қылмыскердің жасаған қылмысын ашу оңай еместігін, яғни кінәліні анықтау кезінде тәжірибе мен біліктілік қажет екені анық. Осындай аса маңызды қызметтің басы-қасында қызмет еткен байырғы тергеушінің ізбасарлары да қызметті қатар атқарды. Солардың бірі Әлібек Қасымханұлының қарамағында қызмет еткен бүгінде полиция полковнигі Әбдібек Жаназаров облыстық полиция департаментінде тергеу басқармасының бастығы болып қызмет етеді. Сонымен қатар полиция полковнигі Н.Әбілдаев қазіргі таңда Қарағанды облыстық полиция департаментінде басқарма бастығы қызметін абыроймен атқарып келеді. Сондай-ақ бұрын тергеуші қызметін атқарған содан кейін Қазалы ауданында сот төрағасы болған Нармағанбет Әбдіхалықов, тергеу саласында бір­ге қызмет атқарған С.Маликов, Ғ.Сақтағанов, Б.Алматов, Т.Ахметов өз мамандықтарының шын мақтанышына айналды.

Тегеурінді тергеуші қызмет еткен жылдары ішкі істер органында үздіксіз қызмет атқарғаны үшін екі мәрте 10 жылдық және 15 жылдық медальмен наградталды. Қазақстан Рес­публикасы Ішкі істер министрлігінің және облыстық полиция департаменті бастығының марапатына ие болды. «Үздік тергеуші», «Үздік қызметі үшін» берілген төсбелгілері оның кәсіби білігі үшін берілген марапат.

Бүгінде Әлібек аға мен Баян апаның отбасында ұлдары Нұрболат пен Жанболат әке жолымен келеді. Полиция бөлімінде қызмет ететін үлкен ұлы майор шенінде қазір учаскелік полиция қызметкері. Кенже ұлы Жанболат заңгерлік мамандығын меңгерген. Ол аудандық санитариялық-эпиде­мио­ло­гия­лық қадағалау басқар­масында маман­дығы бойынша қызмет етеді. Адал қызмет иесіне байырғы әріптестері үлкен құрмет көрсетіп келеді.

Бибісара ЖАНӘЛІ 
06 сәуір 2021 ж. 685 0