Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстанда Astana Hub және Exponential Cluster базасында инновациялық экономиканың жаңа моделі қалыптасуда

Қазақстанда Astana Hub және Exponential Cluster базасында инновациялық экономиканың жаңа моделі қалыптасуда

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жаңа Конституцияда еліміздің даму болашағын айқындайтын аса маңызды стратегиялық бағдар ретінде бектілген инновацияларды дамыту мәселесі қаралды.

Онда Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев институционалдық базаны қамтамасыз ету, ғылымға инвестиция тарту және отандық әзірлемелерді өндіріске енгізу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Сондай-ақ «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «Қазақстан темір жолы» компанияларының басшылары, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарының әкімдері баяндама жасады.

Жаслан Мәдиевтің айтуынша, Жасанды интеллект жəне цифрлық даму министрлігі салалық инновацияларды дамыту аясында төрт негізгі бағыт бойынша үйлестіру жұмыстарын жағдайлар қалыптастыруда. Олар – өнімді инновацияларды ынталандыру, жер қойнауын пайдалану саласына инновациялық шешімдерді енгізу, Astana Hub платформасы арқылы инновациялық экожүйені дамыту және инновацияларды тарту орталығы ретінде экспоненциалды кластерді қалыптастыру.

«2025 жылы «Өнімді инновацияларды ынталандыру» жобасы табысты аяқталды. Жобаны жүзеге асырудың жиынтық экономикалық əсері 53 миллиард теңгеден асты.  Бұл қарыз қаражатының əрбір теңгесіне екі есе қайтарым алуға мүмкіндік берді. Жоба аясында 90-нан астам инновациялық жоба қаржыландырылды. Технологияларды коммерцияландыру көлемі 35 миллиард теңгеден асты. Tumar Ventures венчурлік қоры құрылды. Жобаны жүзеге асыру қорытындысы бойынша: 9 миллиард теңгеден астам жеке инвестиция тартылды, 600-ден астам жаңа жұмыс орны ашылды, бюджетке елеулі көлемде салық түсімдері түсті», — деді ол.

Жоба аясында экономикалық қайтарымы жоғары бастамалар қолдау тапқан. Соның бірі – өсімдіктерді қорғауға арналған отандық биопрепараттар өндіретін EcoSave жобасы. Жоба өнімділікті 15%-ға арттыруға жəне пестицидтерді қолдануды азайтуға мүмкіндік берген. Сонымен қатар өндіріс көлемі 760 мың литр өнімге дейін ұлғайтылды. 110 миллион теңге көлеміндегі мемлекеттік грант есебінен 1,8 миллиард теңге көлемінде экономикалық əсерге қол жеткізілді. 

Тағы бір табысты мысал – Asia Trafo жобасы. Ол мониторинг жүйесімен жабдықталған 500 киловольттық кернеулі шунттаушы реакторды əзірлеуге бағытталған. Жоба импорттық баламаларды алмастырып, 23 реакторды қолданысқа енгізуге мүмкіндік берді. 319 миллион теңге көлеміндегі грант нəтижесінде 16 миллиард теңге көлемінде экономикалық əсерге қол жеткізілді.

Сондай-ақ стартаптарды қолдаудың маңызды құралдарының бірі ретінде Tumar Ventures венчурлік қоры құрылды. Қордың жалпы көлемі 8,9 миллиард теңгені құрайды, оның ішінде: 4,2 миллиарды – мемлекеттің үлесі; 4,7 миллиарды – жеке инвестициялар. Бұл инновацияларды дамытуға жеке капиталды тартуды қамтамасыз етеді. Қазіргі таңда Қор 22 теңгерімді стартапты қаржыландырды. Бұл ретте портфельдік компаниялардың бастапқы бағалануы $215 млн құраса, қазіргі бағалануы $457 млн-ға жетті.  Яғни 2 еседен астам өсім көрсетуде. Нақты мысалдар осы серпінді растайды. Айта кетсек, JobEscape жобасы $3 млн-нан $32 млн-ға дейін, ал zypl.ai $10 млн-нан $80 млн-ға дейін өсті.

«Мемлекеттік шараларының қолдау ашықтығы мен тиімділігін арттыру мақсатында astanahub.com платформасы негізінде Ұлттық инновациялық жүйенің бірыңғай терезесі іске қосылды. Қазақстанда алғаш рет ғылыми инфрақұрылым деректері цифрландырылды.  Олардың қатарында жабдықтар, зертханалар, оларды сатып алу жəне ғылыми-зерттеу институттарының паспорттары туралы мəліметтер бар. Қазір платформада 2000-нан астам IT-компания, 100-ден астам өнеркəсіп кəсіпорны, 900-ден астам ғылыми ұйым мен зертхана біріктірілген. 2025 жылы порталға 1,7 миллион пайдаланушы кірді, ал жалпы қаралым саны 35 миллионнан асты», — деді вице-премьер.

Жер қойнауын пайдаланушылардың 1% аударымдары есебінен цифрлық жобаларды қаржыландыру тетігі тұрақты жолға қойылып келеді. Бүгінгі таңда жер қойнауын пайдалану саласындағы 120-дан астам кəсіпорын қамтылды. Өндірістік процесстердің тиімділігін арттыруға жəне технологиялық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған 250-ден астам цифрлық жоба жүзеге асырылуда. Сонымен қатар жобаларды жүзеге асыруға 280-ге жуық отандық IT-компания жеткізуші ретінде тартылды.  Бұл өз кезегінде еліміздің IT-индустриясының дамуына серпін берді. Жүзеге асырылған жобалардың жиынтық көлемі 32 миллиард теңгені құрады.

«Мысалы, Қызылорда облысында «Цифрлық кен орны» жобасы іске қосылды. Абай облысында персоналды позициялау жүйесі енгізілді. Бұл өнеркəсіптік қауіпсіздік деңгейін көтеруге жəне өндірістік үдерістерді жедел басқаруға мүмкіндік береді.

Цифрлық жобаларды тұрақты қаржыландыру тетігі өз тиімділігін дəлелдеді. Оны одан əрі кеңейтуге негіз қаланды. Осыған байланысты ғылыми-зерттеу жəне тəжірибелік-конструкторлық жұмыстар мен цифрландыруды қаржыландырудың жаңартылған тетігі пысықталды.  Ол келесі үлесті көздейді: 0,5%-ы Astana Hub арқылы цифрландыруға, 0,5%-ы Ғылым жəне жоғары білім министрлігінің тетігі арқылы ғылыми-зерттеу жұмыстарына жұмсалады. Барлық процесстердің ашықтығы Ұлттық инновациялық жүйенің бірыңғай терезесі арқылы онлайн режимде қамтамасыз етіледі. Алдағы кезеңде мониторинг жасанды интеллект құралдары арқылы күшейтіледі. Ол тиімділікті арттырып, ашық бəсекелестікті қамтамасыз етеді. Қазіргі кезде қолданыстағы заңнамаға тиісті түзетулер енгізу бойынша жұмыс жүргізілуде», — деді Жаслан Мәдиев.

Astana Hub инновациялық жəне технологиялық кəсіпкерлікті дамытуда негізгі институт болып қала береді. Бұл бағыттағы маңызды құралдардың бірі – акселерациялық бағдарламалар. Жасанды интеллект саласындағы стартаптарды идеядан бастап MVP əзірлеуге жəне алғашқы инвестицияларды тартуға дейін қолдауға бағытталған AI’preneurs бағдарламасы табысты жүзеге асырылуда. Бағдарлама 2024 жылғы қыркүйектен бері жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ішінде 3 лек өткізіліп, жасанды интеллект саласында 35 ЖИ-стартап құрылды.
Астана қаласының əкімдігімен бірлесіп Astana Innovations Accelerator бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарлама стартаптарды қалалық ортада пилоттық түрде енгізуге жəне оларды кейін коммерциялық келісімшарттарға шығаруға бағытталған. Іріктеу қорытындысы бойынша 8 стартап қаржыландыру алды.

«Инновациялық инфрақұрылымды дамытудың келесі маңызды кезеңі – EXPO аумағын заманауи технологиялық кластер – Exponential Cluster-ге айналдыру. Exponential Cluster – ғылым, технологиялық стартаптар мен индустрия біртұтас экожүйе аясында тоғысатын үлгілі инновациялық алаң. Қазіргі уақытта кластер аясында мамандандырылған орталықтар желісі қалыптасуда. Мысалы: Robotics, DroneTech, GameDev, Cybersecurity, MedTech, AgriTech, Industry 4.0 жəне Cybersport. Атап айтқанда, Робототехника орталығында гуманоид роботтар зертханасы іске қосылды, қашықтан басқару жəне AlemLLM жүйесімен интеграция жүзеге асырылды, қолданбалы əзірлемелер жүргізілуде. Сонымен қатар Дрондар орталығында Phygital-арена мен дрон операторларын даярлауға арналған инфрақұрылым құру аяқталуға жақын. Қалған бағыттар бойынша индустриялық серіктестермен бірлескен пилоттық жобалар пысықталуда. Жалпы, барлық орталықтарды іске қосуды ағымдағы жылы аяқтау жоспарланып отыр», — деді ол.

Ұшқышсыз технологияларды дамытуға ерекше назар аударылуда. Қазақстанда халықаралық технологиялық компаниялардың қатысуымен ұшқышсыз автомобильдер бойынша эксперименттік жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Жобаны жүзеге асыру мерзімі – 2026 жылдың ІІ тоқсаны. Бұдан бөлек, жеке бастама аясында дрон арқылы жеткізу қызметін енгізу жөніндегі пилоттық жоба жүзеге асырылуда. Аталған бастамалар қалалық мобильділік пен логистиканың жаңа модельдерін сынақтан өткізуге мүмкіндік береді.



31 наурыз 2026 ж. 53 0