Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Кітапхана – рухани қазынаның қайнар көзі

Кітапхана – рухани қазынаның қайнар көзі

Кітап – адам өміріндегі таусылмас асыл қазынасы, ғылым-білімнің қайнар көзі, өнер мен тәрбие құралы, өмір күресінің ең мықты қаруы болатын ақылшы дос. Кітап – адам баласының ақыл-ойынан туған рухани байлықты сақтап қалатын, оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отыратын құрал. Кітап – көп ақылдың құйылған көлі, ол – ортақ мүлік, халық қазынасы, сарқылмас білім бұлағы.

Ата-бабамыз «Күш – білімде, білім – кітапта», «Кітап – ғажайып дос» деп бекер айтпаған. Кітап – шебер ұстаз, тілсіз мұғалім. Барлық білім кітапта. Кітап адамды қамқор­лыққа, адалдыққа, әділдікке үйретеді. «Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік» деген Ғабит Мүсірепов.

Ауданнан шалғайда жатқан Бесарық ауылын­дағы №147 орта мектеп жанындағы кітапханаға 30 жылдық тәжірибесі бар кітап­ханашы Гаухар Смағұлова жетекішілік етеді. Рухани мол қазынаның, қайнар көзінің шам­шырағы болған кітапханашы мектеп ұстаз­дарымен, оқушылармен тығыз байланыс жасайды. Іші кең, жарық, оқырман үшін қолайлы жағдай жасалған жайлы кітапхана «Оқуға құштар мектеп», «Балалар кітапханасы» жобасы, «Жаңа кітап сыр шертеді», «100 кітап оқы», «Менің елім – Қазақстан», «Ана тілі – жүрек үні», «Көркем әдебиеттегі көрікті ой әр сабақта» бойынша қызықты әрі мазмұнды іс-шара өткізеді, буккроссинг – кітап айналымы бойынша да жүйелі жұмыс үйлестірілген.

Бүгінде кітапхананың 650 оқырманы бар. Ондағы кітап қоры – 24312, электронды оқулық саны – 684.

«Кітап таңдап оқи білу – әр адамның білімін айқындайтын алғышарттың бірі. «Артық білім кітапта, ерінбе оқып көруге» деп Абай атамыз айтқандай, «Білімнің қайнар бұлағы – кітап». Кітап арқылы баланың дүниетанымы кеңейіп, еңбекке деген саналы көзқарас сабаққа деген ынтасы артады» дейді білікті маман.

– Білімнің мөлдір бұлағындай шәкірттерді сусындатып, олардың рухани дүниесін молайтып отырған кітапхананың басты міндетінің бірі – мектеп ұжымының барлық мүшесіне оқулық бағдарламаларын, кітаптарды және басқа бағдарламаларды ұсынады. Мектеп кітапханасы оқушыларға берілген тақырыпқа қа­тыс­ты талдау жасай білуге үйретеді. Кітапха­на негізгі ақпаратты жүйелеу мақсатындағы дағдыларын қалыптастыруды, тапқан ақпа­рат­тарын сабақ барысында тиімді қолдана білуді үйретіп, оқырмандық қызығушылығын кеңейтуге және мұғалімдерге кәсіби өсуіне көмек­теседі. «Балалар кітапханасы» жобасы аясын­да оқушылармен, сынып жетекшілермен көптеген іс-шара өткіземіз, әртүрлі тақырып­та көрме, библиографиялық шолу ұйым­дастырамыз. Кітапхана жыл сайын жаңа оқулық­тармен, электронды оқулықтармен, көр­кем әдебиеттермен қамтылып отыр, – дейді кітап­хана меңгерушісі Гаухар Смағұлова.

Кітапхана – ғасырлар бойы келе жатқан биік парасаттылық пен білімділіктің киелі ордасы. «Кітап – білім бұлағы, білім – өмір шырағы» демекші, мектеп кітапханасы кішкен­тай болғанымен, оның білім беруде алар орны ерекше.

Кітапхана – қашанда ғажайып қазына. Осы қазынадан нәр алып, оны бойына сіңіре білетін жас ұрпақ Отанымыздың ертеңгі тірегі болмақ.

Бибісара ЖАНӘЛІ
26 қараша 2024 ж. 56 0