Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№22 газет

28 наурыз 2026 ж.

№ 23 газет

23 наурыз 2026 ж.

№ 20 газет

17 наурыз 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Оқырманға жаңа кітап жол тартты

Оқырманға жаңа кітап жол тартты

«AMANAT» партиясының «Кітап-AMANAT» партиялық жобасы аясында «Еңбектегі ерлігі үшін» медалінің иегері, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Нұрпейіс Сағиұлының авторлық кітабының тұсаукесер рәсімі мен таныстырылымы ұйымдастырылды.

Тағылымы мол іс-шараға «AMANAT» партиясы Сырдария аудандық филиа­лының Атқарушы хатшысы, аудандық мәслихат депутаты Ақтөре Ибрагимұлы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Мұса Келдібаев бастаған зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Анар Қалдыбаева, аудандық кітапхана қызметкерлері қатысты.

Кітап авторы, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалінің иегері, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Нұрпейіс Сағиұлы жинал­ғандарға кітап шығару идеясы, оны жүзеге асыру жолындағы ізденістер, Назар бабаның тарихы, атқарған қызметтері туралы кеңінен айтып өтті.
– Аллаға мың да бір шүкір, қазір жасым тоқсанға таяп қалды. Ұл-­қыз өсіріп, ұр­пақ өрбітіп, немере-шөбе­релерімнің қызығына кенеліп, ағайын-­туыстың орта­сында құрметке ие болып отырмын. Өмір – адамға бір-­ақ рет берілетін үлкен сый, баға жетпес құндылық. «Осы өмірді қалай өткіздім?» деген сұраққа үңіліп, әрі Назар бабам туралы жазайын деп қолыма қалам алдым. Өмірім, ата­-бабамыздың ата­қонысы болған қасиетті Бидайкөл, ба­лалық шағым, жастық кезеңім, азамат болып қалыптасқаным, еңбекке ара­ласқаным, алғашқы жетістіктерім мен бағындырған белестерім көз алдымнан киноның лентасындай сырғып өтті. Жақсы да болған, қиындықпен де бетпе­-бет келген кездер баршылық, әрине. Түрлі оқиғаларға, бақытты сәттерге толы шақтар да көп екен. Сондықтан тоқ­сан жылға жуық өмірімнің бір өрнегі, тағдырымның тағылымы, ғұмырымның ғибраты болсын деп осы кітапта бәрін кеңінен баяндап жазуды жөн көрдім. Кітапта негізінен Назар бабамыз бен ұрпақтары туралы жазылған және ауданның тарихы да қамтылған. Кітап көпшілік қауымға арналады, – деді Нұрпейіс Сағиұлы.
Өз кезегінде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, «Сырдария ауда­нының Құрметті азаматы» Мұса Келдібаев, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Анар Қалдыбаева сөз сөйлеп, тарихи-танымдық мәні зор, тағылымы мол туындыны жоғары бағалап, аудандық кітапхана арқылы кітапты оқырман қауымға насихаттау жұмыстары жүргізілетінін жеткізді. Ел ағалары Ғалым Уәлиев пен Уәлихан Ахметов пікір білдіріп, бабалар аманаты өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге екенін айтты.

– Ауыл шаруашылығы саласында қажырлы еңбегімен танылған Нұрпейіс Сағиұлы биыл 87 жасқа келгенін жақсы білеміз. Ауданның ауыл шаруашылығы саласын дамытуда өзіндік орны қалып­тасқан, бірнеше мекемені абыройлы басқара білген ел ағасы зейнет демалысына шыққанға дейін аудан көлемінде өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Табан­дылығының арқасында еңбек майданында шыңдалды, шынықты. Бүгінде Алматы қаласында тұратын ардақты азамат туған жердегі ағайынмен байланысын үзген емес. Үш бөлімнен тұратын кітаптың оқыр­манға берері мол. Алдағы уақытта аудандық кітапхана ұжымы қаламгер шығармашылығын оқырманға кеңінен насихаттайтын болады, – деді аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Анар Қалдыбаева.

Кітаптың тұсаукесер рәсімі мен таныс­тырылымы өткізілгеннен кейін өткеннің бүгінге, бүгіннің болашаққа аманат сөзін арқалаған туынды кітапхана ұжымына, оқырман қауымға ұсынылды. Ел аға­лары ақ батасын беріп, тектілік, адал еңбек, бірлік, ынтымақ секілді ұлттық құндылықтарымыз жөнінде орнықты ойлар мен пайымды пікірлер ортаға салынды.

Балтабай ОРДАБЕКОВ

28 наурыз 2026 ж. 40 0