Робот сот орындаушысы – уақыт пен қаржыны үнемдейтін тиімді тетік
2024 жылдың 19 маусымында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев несие беру кезінде тәуекелдерді азайтуға және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіруге бағытталған заңға қол қойды. Аталған өзгерістердің нәтижесінде, республика көлемінде «Оңайлатылған іс жүргізу» қызметі іске қосылып, «Робот сот орындаушысы» жобасы енгізілді.Жаңа тәртіпке сәйкес, 20 айлық есептік көрсеткішке дейінгі әкімшілік айыппұл белгіленген мерзімде төленбеген жағдайда атқарушылық іс жүргізу автоматты түрде қозғалады. Азаматтарға бұл туралы 1414 нөмірінен SMS-хабарлама және «eGov Mobile» қосымшасы арқылы push-хабарлама жолданады. Аталған жүйе жеке сот орындаушысының қызметіне төленетін 25 пайыздық қосымша шығыннан босатып, барлық рәсімдерді онлайн форматта жүргізуге мүмкіндік береді.
2025 жылы облыс бойынша жалпы сомасы 1,15 млрд теңгені құрайтын 48 236 атқарушылық іс қозғалған. Мысалы, белгілі бір азаматқа полиция органдары тарапынан әкімшілік бұзушылық жасауына байланысты айыппұл салынады. Заңда көрсетілген мерзімде айыппұлды төлемеген жағдайда заң талабына сәйкес, әкімшілік хаттама полиция органдарынан автоматты түрде сот орындаушысына мәжбүрлі түрде өндіріп алу үшін жолданады.
Жаңа тәртіп бойынша алдымен «робот сот орындаушы» жүйесі іске қосылып, азаматтың банктік шотында айыппұлды өтеуге жетерліктей қаражаты болса, берешек сомасы автоматты түрде өндіріліп алынады да, атқарушылық іс қысқартылып, азаматтың шоты қайта ашылады.
Ал шотында қаражат жеткіліксіз болған жағдайда, іс заңға сәйкес отыз күн күнтізбелік кешіктірмей жеке сот орындаушысына жолданады. Бұдан әрі берешекті өндіру шаралары қолданыстағы заңнама аясында жүргізіледі.
Осылайша, жүйе азаматтардың уақытын үнемдеп, рәсімдерді жеңілдетуге және атқарушылық іс жүргізудің тиімділігін арттыруға бағытталған ақпараттық механизм болып табылады.
Қазіргі уақытта әділет органдары цифрлық сервистерді одан әрі жетілдіру жұмысы жалғастыруда. Оның ішінде, жасанды интеллект негізінде «Әйтеке» көмекшісін іске қосу жоспарлануда. Аталған чат-бот азаматтарға қарапайым құқықтық кеңес беріп, құжаттарды рәсімдеуге жәрдемдесетін болады. Сонымен қатар робот сот орындаушысының құзыретін кеңейту мәселесі де қарастырылуда. Яғни, берешек шегі 20 айлық есептік көрсеткіштен 40 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылмақ.
«Заң мен тәртіп» қағидасы аясында қабылданып жатқан іс-шаралар құқықтық сауаттылықты арттыруға, мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі мен ашықтығын қамтамасыз ету баса назарға алынған. Нәтижесінде, азаматтардың уақыты мен қаржысын үнемдеп, заң көмегін алу үдерісі барынша жеңілдетуге бағытталған.
К.НҰРЫМОВ,
Қызылорда облысы бойынша
Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі департаментінің бас маманы










