Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аймақ басшысы Наурыз мерекесімен құттықтады

Аймақ басшысы Наурыз мерекесімен құттықтады

Құрметті жерлестер!
Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Әз-Наурыз – жаңашылдық пен жасампаз рухтың жаршысы. Ізгілік пен қайырымдылықтың, мейірім мен жанашырлықтың мерекесі. Жер-ана қайта түлеп, тіршілік атаулы түгел жанданады. Халқымыздың терең танымы мен тағылымды тарихында Наурыз жаңғыру мен жаңа өмірге ұмтылудың нышаны болып есептеледі.

Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Наурыз – ұлтына, дініне қарамастан, барша жұртты ұйыстыратын жалпыұлттық мейрам. Бұл мереке халқымызды береке-бірлік пен ортақ мүддеге жұмылдырады», деген болатын.

Еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің мерекесінде ұлттық дәстүрлеріміз бен әдет-ғұрыптарымыз жаңғыртылып, жалпыадамзаттық құндылықтар дәріптеліп келеді. Халқымыз жыл басын ізгі ниетпен, үкілі үмітпен, ақжарма тілекпен күтеді. Осы күндері әр үйде ақ дастархан жайылады. Ел-жұрт бір-бірімен арқа-жарқа болып қауышады. Айналаны тазалап, көшет отырғызады, мұқтаждарға қамқорлық көрсетеді.

Биылғы Наурызнама онкүндігінде Тәуелсіз еліміз ұлт жылнамасындағы жаңа кезеңге қадам басуда. Азаматтарымыз таңдаған жаңа халықтық Конституция – қуатты, күшті, бәсекеге қабілетті Қазақстанның жаңа Жарғысы.

Сыр өңірі жұртшылығы Ұлыстың ұлы күнін жақсы жаңалықтармен, толайым табыстармен қарсы алуда. Аймақ экономикасы өркендеп, негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша республикада алдыңғы қатардамыз.

Ұлтымыздың мерейін өсіріп, бар болмысымызды айшықтайтын Ұлыстың ұлы күні елімізге, әрбір отбасына ауызбірлік пен қуаныш, құт-береке, бақыт пен молшылық әкелсін!

Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!

22 наурыз 2026 ж. 52 0