Шаңырақ шаттығы үйлесім тапқан...
Наурызнама онкүндігі аясында 17 наурыз – шаңырақ күні ретінде белгіленген. Осыған орай дүниеге екі рет егізден сәби әкелген, бүгінде бес баланың ата-анасы болып отырған Шыңғыс Үсенов пен Гүлшат Төкенованың отбасы туралы айтпақшымыз.Шаңырақ шаттығы ынтымағы жарасқан, татулығы мен бірлігі бекем отбасында болады. Айдарлы ауылының тұрғыны Шыңғыс Үсенов осыдан 22 жыл бұрын Іңкәрдария ауылының тумасы Гүлшат Төкенованы жар етеді. Көп ұзамай жас отбасының шаңырағында сәбидің үні естіліп, егіз ұл дүниеге келеді. Есімдерін Берікбол мен Серікбол деп қойған ұлдарды бір-бірінен ажырату ата-ана үшін қиын болмайды. Бірі сары реңді болса, екіншісі қараторы болып келеді. Үлкендермен бір шаңырақтың астында тұрып, бес-алты жылдан кейін еншілерін алған жас отбасында араға бес жыл салып тағы да егіз, қос ұл Ақтілеу мен Нұртілеу өмірге келеді. Бұл айдарлылық отбасы үшін ғана емес, бүкіл ауыл үшін қуанышты жағдай болады.
– Негізінен ана болу қыз бала тұрмысқа шыққанда басына бұйыратын бақыт емес пе?! Менің тұңғыштарым егіз болғанда таңғалмадым. Себебі өз әулетімде егіз көптеп болған. Әкемнің ағасында, інісінде, әпкесінде де егіздер болған. Міне, енді өзімнің шаңырағымда да бірінен соң бірі егіздердің өмірге келуі нағыз Алланың берген сыйы деп қабылдадым. Әрине, егіздерді өсіру оңай емес. Бірі ауырса, екіншісі де ауырады. Біреуі жыласа, екіншісі оянады. Үлкендерім бір-біріне онша ұқсамады. Ал екіншілерімді ажырату қиын болды. Тіпті анасы мен де кейде шатастыратынмын. Қосымша тамақты бөтелкемен беретінмін. Сондай сәтте ажырата алмай қалғаным болуы керек бір балама екі рет тамақ беріп қойыппын, – дейді жастық шағындағы қызықты әңгімелерінен сыр шерткен қос егіздің анасы.
Әрине, ана үшін сәбилерінің дені сау, шымыр болып өскенінен артық бақыт жоқ. Ал Гүлшат Бекентайқызы осы қиындықтың бәрін жеңіп, өмірлік қосағымен ұлдарын ержеткізіп, ешкімнен кем қылмай қатарға қосты. Үлкен азамат болып өскен үлкен ұлдары бүгінде әскер қатарында болып, еңбекке араласып кетті. Кіші егіздері – колледж студенттері. Олардың әрқайсысы спортқа жақын болып өсті. Үлкендері волейболды шебер ойнаса, кішілері еркін күресте талай жарыста жамбасы жерге тимеген боз кілемнің шеберлері атанып келеді.
Үсеновтердің отбасында қос егіздің орны ерекше болса, сүт кенжесі қыз бала Тұмардың орны бір төбе. Балалар әке мен ана мейіріміне қанып өсіп келеді. Ата-ана ретінде Шыңғыс пен Гүлшат үшін бала – өмірдің сәні мен мәні. Қазақта «балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар» деген нақыл бар. Мұның астарында үлкен мән жатыр. Бала – артыңда қалар ұрпағың, атыңның жалғасы, елінің болашағы.
– Баланың тәрбиелі болып өсуіне отбасының әсері мол. Қарапайым отбасында тәрбиеленіп, шаңырақ көтергенімізге 22 жылдай болды. Ұлттық дәстүрге сай қарашаңырақта қайным қалды. Қазір отағасы ауылда су шаруашылығында жұмыс істейді. Өзім «Нұр-сәби» бөбекжай бақшасында тәрбиешімін. Балалардың мінез-құлқы құбылмалы келеді. Баламен балаша сөйлесіп, олардың саналы да тәрбиелі болып өсуіне атсалысып жатқанымызға қуаныштымыз. Өз балаларым қазір ер жетті, кішкентай қызым бес жаста. Ұрпақ тәрбиесіне, отбасы құндылығына дана халқымыз ерекше назар аударған. «Шаңырақ ұйытқысы – әйел» деп білген. Үлкенге ізет көрсету, кішіге қамқор болу – қазақ тәрбиесінің алтын діңгегі, – дейді айдарлылық көпбалалы ана Гүлшат Бекентайқызы.
Шаңырақ – қасиетті, өте қажетті, басқа еш нәрсемен алмастыруға болмайтын бақыт мекені. Оның алтын тіреу діңгегі бала екені рас. «Ата – асқар тау, ана – бауырындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» деген ата-бабамыз. Сыйластық пен қамқорлық үйлесім тапқан шаңырақ бүгінде адамзатқа аса қажетті әрі қасиетті алтын бесікке айналған. Сондықтан бұл отбасында шаңырақ шаттығы, шуағы тарқамасын демекпіз.
Бибісара ЖАНӘЛІ










