Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » КӨКТЕМ ШУАҒЫНДАҒЫ СӘБИ ҒҰМЫР

КӨКТЕМ ШУАҒЫНДАҒЫ СӘБИ ҒҰМЫР

Қыр гүліндей құлпырған қазақ қызының бойында асқан нәзіктік жатыр. Айналасын шуаққа бөлеген әйел затының әсемділігі ғажайып дүние. Осындай көр­кем мінезімен жұртшылықты тәнті еткен әйелдер мерекесі күні аудандық перзентханада жұмыс тоқтаусыз жүріп жатқан болатын. Күндізгі ауысымда жұмыс жасайтын ақ халаттылар жүкті әйелдердің күтімін жасап, бақылауға алған. Мерекеде қай шаңырақ­тың қуанышы еселенетіні барлығына беймәлім еді.
Түстен кейін 15.00 шамасы. Бесарық ауылының тұрғыны Айжан Отарбаеваның толғағы басталып, дереу босану залына әкелінеді. Араға көп уақыт салмай босандыруға жауапты ақ халаттылар ана мен баланың денсаулығын қадағалап, жауапты процеске кіреседі. Осылайша нәзік жандылар мерекесінде қыз бала дүниеге келеді.
Айжанның Бесарық ауылына келін болып түскеніне 3 жыл болған. Отағасы екеуінің Нұрәли есімді ұлы бар. Алматылық қыз ауыл өміріне үйренісіп, осы күні ибалы келін атанып жүр.
Наурыз айында Шаған ауылының тұр­ғын­­дарының қа­тарына екі сұлу бойжеткен қосылды. 6 наурыз күні ауыл тұрғыны Мөлдір Омарова Айқаракөз есімді сұлу қызды өмір­ге әкелді. Жарымен отасқанына 9 жыл болған. Отасқаннан кейін жеті жыл перзент сүюді армандады. Үміті үзілмеген жұптың 2 жыл бұрын Жансерік есімді тұңғышы өмірге келгенде қуанышында шек болмайды. Бұл дегеніміз ұзақ жылғы үміттің ақталғаны, арманның шындыққа айналғаны. Шаңырақта сәби үні естілгені ерекше қуаныш. Міне, қуаныштары еселеніп, Мөлдір осы күні Айқаракөз есімді қыздың анасы атанды.
Мерекелік күннің қарбалас сәті толас­тамаған. Кешкілік Шаған ауылының тұрғыны Жұлдызай Шәпиқызы босанып, өмірге қыз бала келді. Мерекеде босанған Жұлдызайдың бесінші перезенті. Бұған дейін екі қыз екі ұл тәрбиелеген отбасында қыздар қатары көбейді. Жарымен 14 жылдан аса уақыт отасып, балаларының қызығын көруде.
Осылай мереке күндері босанған аналарды аудан әкімінің орынбасары Д.Байдушев арнайы барып, құттықтап, сый-құрмет көрсетті. Ақжарма тілегін жеткізіп, ана мен балаға зор денсауылық тіледі.

Б.ОРДАБЕКОВ

12 наурыз 2019 ж. 1 356 0