Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 33 газет

06 мамыр 2025 ж.

№ 32 газет

03 мамыр 2025 ж.

№ 31 газет

29 сәуір 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
» » Әр сарбаз – ел мақтанышы

Әр сарбаз – ел мақтанышы

Отан алдындағы борышын абыроймен өтеп, аман-есен туған жеріне оралған әрбір сарбаз – елдің тірегі, ертеңнің кепілі. Солардың бірі – Асқар Ержанұлы жақында ғана әскер қатарынан оралып, ауылына, отбасы мен достарына зор қуаныш сыйлады.

Асқар Есназаров Қазақстан Рес­публи­касының Қарулы Күштері қа­тарында бір жыл қызмет етіп, әскери тәртіп пен жауапкершіліктің не екенін терең түсініп қайтты. Ол Маңғыстау облысы Бейнеу ауданындағы №99116 бар­лау әскери бөлімінде сап түзеп, түрлі әскери дайындықтан өтті. Қызығы мен қиындығы қатар жүретін әскери борышта болу әрбір қазақ азаматының міндеті. Осы жауапкершілікке мойымай, түрлі оқу-жаттығудан басын тік көтеріп өтетін сарбаз көп емес.

– 2024 жылы сәуір айының 6-да әскерге аттандым. Қазақстанның бар­лық қаласынан 115 бала жиналдық. Ант қабылдау рәсіміне дейін тез тіл табысып, араласып кеттік. Әскери Антты мамыр айының 18-і күні қабылдап, ата-анамызбен кездесуге екі күн уақыт берген болатын. Сосын бізді әр түрлі ротаға бөліп тастады. Мен №1 Арнайы мақсаттағы барлау ротасында болдым. Ротада 30 сарбаз борышын өтеді. Жақын достар тауып, бір нанды бөлісіп жедік. Бір жылдық әскери өмір маған уақыт пен ата-ананың қадірін ұғындырды, – дейді жас сарбаз.

Он екі ай бойы туып өскен үйінен жырақта жүріп, ел алдындағы жауап­кершілігін өтеу кез келген Қазақстан аза­матының абыройы. «Әскери жо­рық­тағы офицер, сержанттарымыз өте жақсы адамдар болды. Бір жылымыз қалай өте шыққанын байқамай да қалдық» дейді Асқар. Ауданға қарасты О.Мәлібаев ауы­лында 2005 жылдың ақпанында дүниеге келген Асқар Ержанұлы – ата-анасының тұңғышы. Мектепті жақсы оқу үлгерімімен бітірген бозбала қазір шыңдалған сарбаз. Борышын өтеуде жақсы көз­ге түсіп, жазғы және қысқы оқу-жаттығу­ға белсене қатысқан. Полигонда бір айлық дала жаттығуында болып, әскери тәжірибе жинады. Саптық дайын­дық пен қатар физикалық жат­ты­ғу мен тактикалық машықтар бойынша үздіктер қатарынан көріне білген.

– Ротамыз №1 Арнайы мақсаттағы барлау болғандықтан бізде көптеген барлау жұмыстарымен тәжірибе жүр­­гі­зілді. Соның бірі «жолда кетіп бара жатқан жауды барлай отырып, тұтқынға түсіру» тәжірибесі өтті. Оқу жаттығуда жауды тұтқынға түсіріп, барлаудың қыр-сырын үйрене білдік. Барлығымыз қызығып қатысқандықтан ба, уақытымыз тез өте шыққан болатын, – дейді абыройлы сарбаз.

Асқар Ержанұлы туған жеріне биыл сәуір айының 8-і күні келген. Отбасы мен достарын аман-есен оралуымен қуантқан азамат қазір әскердегі кезеңдерін күліп еске алады. Отан алдындағы міндетін адал атқарған әр сарбаз – ел мақтанышы. Жаңа Қазақстанның дамуына әрбір жас сарбаз өз үлесін қосуы шарт. Олардың бейбіт өмірді күзетіп, ел амандығы жолында атқарған қызметі әрдайым құрметке лайық.

Гүлсезім ЖАНСЕРІКҚЫЗЫ

06 мамыр 2025 ж. 66 0