Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » "Үкім кесілетін түн": Қасиетті Қадір түні жайлы не білеміз?

"Үкім кесілетін түн": Қасиетті Қадір түні жайлы не білеміз?

Ағымдағы жылы қасиетті Қадір түні 31 мамырдан 1 маусымға ауған түнге түсіп отыр. Рамазан айының соңғы 10 күнінің бірінде болатын қасиетті түнге қатысты жиі қойылатын сұрақтар мен олардың жауабын Sputnik Қазақстан ұсынып отыр.

Рамазан айының соңғы күндеріне дәлме дәл келетін қасиетті түнге қатысты жиі қойылатын сұрақтар:
"Қадір" сөзі нені білдіреді?
  • Біріншіден, "Қадір" сөзі "үкім кесілетін түн" дегенді білдіреді. Бұл жайлы Құран Кәрімде "Ол кеште барлық хикметті істер айырылады" деп бұйырылады. Осыған орай, Қадір түнінде Алланың тағдырды үкім ететін мезгілі, яғни әуелгі тағдырдың (ләухул-махфуз) паш етілуі меңзелген.
  • Екіншіден, "Қадір" сөзі "абырой, ұлылық, орасан зор" мағынасын береді. Себебі, Қадір түні – ұлық және аса қасиетті кеш болып саналады.
  • Үшіншіден, "Қадір" сөзі "сығылысу, нығыздалу" мағынасын береді. Өйткені, бұл түні бүкіл періштелер жер бетіне түскенде жер жүзі тарлық етіп, олар сыймағандықтан бір-біріне сығылысады.
Қадір түні – Рамазан айындағы ең қасиетті мүбәрак түн. Бұл түні жасалған ғибадат 83 жылдық сауапқа пара-пар.

Қадір түні не істеу керек?

Бұл қасиетті түнді Аллаға құлшылық жасап, намаз оқып, Құран Кәрім оқып, үйреніп, үйретіп, Пайғамбарымызға (с.ғ.с)  салауат айтып, уағыз-насихат тыңдап, Алладан кешірім тілеп, жақсы-жаман істерге есеп беріп, жиі-жиі дұға жасап өткізген абзал.

Қадір кешінің уақыты күн батқаннан сәресіге дейін жалғасады. Бұл түннің ғибадаттарын мұсылмандар мешіттерде де, өз үйлерінде де атқара алады.

Кейбір мұсылмандар Қадір түнінде түні бойы дастарқан жайып қойып, қол қусырып отырумен шектеледі. Не болмаса, теледидар қарап, әңгіме айтумен өткізеді.

Түні бойы көз ілмей шықсақ жеткілікті деп есептейді. Бұл да – қате. Қадір түнін өткізуде түні бойы дастарқан жайып қою шарт емес.

Сондай-ақ, бұл түнді шариғат үйреніп, тәсбіх тартып, діни кітаптар оқып, діни фильмдер көріп өткізу керек.
Қадір түні қандай дұға оқу керек?

Осы түні айтылатын арнайы дұғаларға келсек, Айша (р.а.) анамыз Пайғамбарымыздан (с.ғ.с) : "Уа, Алланың елшісі, Қадір түнінде қандай дұға жасайын" деп сұрағанда, Алла елшісі: " Уа Аллам! Сен кешірімдісің, кешіруді сүйесің, менің күнәларымды кешіре гөр", - деп дұға етуге кеңес берген.

Қадір түнінің құрметіне Жаратқаннан барша мұсылманның амандығын, өзара достық пен бауырмашылдықтың артуын, Ислам әлемінің біртұтастығы мен күллі адамзатты апаттардан сақта деп тілеген шарт.

kaz.nur.kz
31 мамыр 2019 ж. 861 0