Петропавл тұрғыны 6 жыл бұрын Қазақстан азаматтығынан айырылғанын кездейсоқ білді
Петропавл тұрғыны 6 жыл бұрын өзін Қазақстанның азаматтығынан айырғаны туралы аңдаусызда біліп қалған. Алайда барлығы биыл ғана анықталған екен. Салдарынан ер адам жұмысынан айырылып қалыпты. Михаил Дурягиннің сөзінше, ол ешқашан отанынан кету туралы ойламаған, деп хабарлайды КТК арнасына сілтеме жасап Stan.kz ақпарат агенттігі.
Михаил Дурягинның жұмыс берушісіне оның зейнетақы аударымдары қайтарылған кезде, ер адамның өмірі күрт өзгерген. Мән-жайды анықтамақ болған ол жағымсыз жайтқа тап болған.
«2012 жылдың 4 қаңтарында ресейлік азаматтық алғандықтан, Қазақстанның азаматтығынан айырылған екенмін. Алайда мен азаматтық алу үшін Ресей Федерациясының ешбір органына жүгінген емеспін. Қазақстаннан кету туралы ойым болған да жоқ», – дейді Михаил Дурягин.
Ер адамның азаматтығынан айырылғаны неліктен 6 жылдан кейін ғана анықталғаны белгісіз. Алайда мұнан кейін оның өмірі күрт өзгерген. Алдымен Михаил жұмысынан босатылған, артынша көші-қон полициясы қазақстандық жеке куәлігін алып қойыпты. Ендігі оның ешқандай мәртебесі жоқ. Қолында бар жалғыз құжаты – жүргізуші куәлігі.
«Қазіргі уақытта ақшам да жоқ. Көлігімді сатпақ болғанмын. Алайда жеке куәлігім болмағандықтан, сата алмадым», – дейді Дурягин.
Михаил Астанаға бару үшін жеке куәлігінің көшірмесі арқылы пойыз билетін сатып алғанымен, пойызға отыра алмаған. Нәтижесінде ол Ресей елшілігіне таксимен барыпты. Өз кезегінде ресейлік елшілік Дурягиннің Ресей азаматтығын ешқашан алмағаны туралы анықтама берген. Ендігі көші-қон полициясындағылар оның ресейлік азаматтық үшін емес, мемлекетте заңсыз тұрғаны үшін Қазақстан азаматтығынан айырылғанын айтып отыр.
«Ол 3 жылдан аса уақыт бойы Ресей Федерациясының аумағында тұрған. Бұл ретте консулдық тіркеуге тұрмаған. Соның негізінде Қазақстан Республикасының азаматтығынан айыру туралы шешім шығарылды», – дейді СҚО ІІД көші-қон қызметі басқармасының басшысы Бибігүл Әбділманова.
Бұл орайда қандай қателік жіберілгенін полицейлер де білмейді. Ал Дурягин Ресей мемлекетінің аумағында ешқашан тұрмағанын айтуда. Мұны нақтылау үшін ол жаққа сауал жіберілді. Алайда әзірге жауап жоқ.
«Мемлекет менімен не істеу керектігін шешуі тиіс. Мен бұл елдің азаматы саналмасам, мемлекет аумағында мұнан әрі қалай өмір сүремін? Маған жеке куәлік те, оның уақытша түрін де бермейді», – деп ашынады Михаил Дурягин.
Михаилдың өзі экстрадициядан мен учаскелік полицейден қорқып, саяжайда жасырынып жатыр. Ендігі қысқа қамдана бастапты.