Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » АЙБЫНДЫ АСТАНА, СЕРПІНДІ СЫРДАРИЯ

АЙБЫНДЫ АСТАНА, СЕРПІНДІ СЫРДАРИЯ


«ЕГЕМЕН ЕЛДІҢ ЕЛОРДАСЫ ДАМУДЫҢ БАРЛЫҚ САЛАСЫ БОЙЫНША ӨЗГЕ ОБЛЫСТАРҒА, АУДАНДАРҒА, АУЫЛДАРҒА ҮЛГІ БОЛУЫ ТИІС. АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ ӨРКЕНДЕУІНЕН, ЖАРҚЫН ЖЕТІСТІКТЕРІНЕН БАРЛЫҚ ӨҢІРЛЕР СЕРПІН АЛУДА. БҰЛ ЕЛ ТӘУЕЛСІЗДІГІНІҢ ЖЕМІСІ, АТА-БАБАЛАРЫМЫЗДЫҢ АРМАН-МҰРАТЫНЫҢ ОРЫНДАЛҒАНЫНЫҢ АСҚАҚ КӨРІНІСІ...».
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев,
Қазақстан Республикасының Президенті

«Астанам туған елдің жүрегісің,
Өзіңнен бастау алар келелі ісім...», – деп арқалы ақындар жырлағандай, республикадағы барлық өңір егемен елдің бас қаласына қарап бет түзейді. Ерке Есілдің жағасында болашақ мыңжылдықтарға батыл қадам басқан жаңа Астананың дамуы мен өркендеуінен серпін алады. Ал осы бейбітшілік пен рухани келісімнің алтын бесігіне айналған бас қаламен Сыр өңірі, оның ішінде серпінді Сырдария ауданының қаншалықты ұқсастығы бар, дамуындағы байланыс қандай? Міне, бүгін ауданның 90 жылдық мерейлі мерейтойы қарсаңында және Астана күніне орай осы тақырыпқа кеңінен тоқталмақпыз.
Астана туралы сөз қозғалғанда әңгіме төркіні Есіл өзенінен, ал Сыр өңірінде Сырдария өзенінен басталары анық. Өзендердің тау мен тасты жарып ағып, ел мен елді байланыстыратын Тәңірдің құдіреті екенін ескерсек, қос мекеннің табиғи жаратылысында өзіндік ұқсастық бар екенін ұғынамыз. Мәселен, Елорда ерке Есілдің жағалауында орналасса, Сырдария ауданына қарасты ауылдық округтер Сырдария өзенінің қос қапталынан орын тепкен. Астанада соңғы 5 жылдықта Есіл өзенінің оң және сол жағалауын дамыту, абаттандыру жұмыстары қарқынды түрде жүргізілгені белгілі. Бас қаладағы байыпты бастамаларға тең жүйелі жұмыс Сырдария ауданында да өз дәрежесінде үйлестірілді. Оған дәлел ретінде, Сырдария ауданының оңтүстік беткейіндегі елді мекендерінде атқарылған ауқымды жұмыстарды айтсақ болады. Сонымен бірге, кенттің кіреберісінен бастап анық аңғарылатын оң өзгерістер нәтижелі еңбектің негізі болып табылады.
Бас қаланы қарқынды құрылыстың алаңы ретінде қарастырсақ, бұл бағытта да Сырдария ауданының айшықты жетістігі бар. Оған соңғы 5 жылда ауданда жүргізілген құрылыс жұмыстары дәлел бола алады. Атап айтқанда, 2014 жылы Сырдария өзенінің үстінен жүргізілген алып көпір құрылысы пайдалануға берілді. «Ғасыр құрылысы» атанған жоба қазіргі таңда аудан орталығы мен шалғай елді мекендерді жалғап, экономиканың күретамырына айналды. 2015-2016 жылдары аудан орталығы мен барлық ауылдық округтерде әлеуметтік нысандар бой көтерді. Нысандар аудан тарихында тұңғыш рет аудандық бюджет есебінен салынды. Бұл игі іс Президент Әкімшілігі тарапынан жоғары бағаға ие болып, өзге өңірлер серпінді Сырдариядағы жасампаз жұмысты өз тәжірибелеріне енгізуде. Бұрнағы жылы бұрынғы СПТУ жатақханасына қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, агро-техникалық колледж жатақханасы 30 пәтерлі тұрғын үйге, 68 орындық жатақханаға лайықтандырылды. Мұнан бөлек, өткен жылы Тереңөзек кентіне қарасты О.Мәлібаев елді мекенінде жаңа 10 тұрғын үй салынып, отбасылар қоныс тойын тойлады. «Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Сырдария ауданы бойынша Тереңөзек кентіндегі №3 24 пәтерлі тұрғын үй және №4 18 пәтерлі тұрғын үй құрылыс жұмыстарына республикалық бюджеттен 345520,0 мың теңге және облыстық бюджеттен 29647,0 мың теңге қаржы бөлініп, бүгінгі күнге республикалық бюджет қаражаты есебінен 73600,0 мың теңге игерілді. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жыл соңына дейін тағы да осындай 2 тұрғын үйге қаржы бөлінеді деп күтілуде. Бүгінде тиісті министрлікке құжаттар өткізілді. Жалпы, аталған маңға алдағы уақытта Тереңөзек кентінің бас жоспарына сәйкес барлығы 9 үй салынады. Тұрғын үй кварталының ішінде сонымен бірге жылу қазандығы және трансформаторлық подстанция бар. Тұрғын үй салу жөніндегі бас қаламен байланыс алдағы уақытта да кезең-кезеңімен іске аспақ.
Ел Астанасында білім және мәдениет саласына тиесілі жүргізілген құрылыс жұмыстарының көрсеткіші де көз сүйсінтіп, көңіл қуантады. Былтырғы жылы қалада 10-ға жуық мектеп пен балабақша салынған. Бұл көрсеткіш соңы серпілістерге толы Сырдария ауданында да жоғары. Мәселен, соңғы 3 жылда Шіркейлі ауылында 600 орындық және Шаған ауылында 900 орындық жаңа білім ордалары пайдалануға берілді. Аудандық бюджет есебінен С.Сейфуллин ауылында 150 орындық клуб, 90 орындық балабақша құрылысы және №137 орта мектептің акт залы мен кітапхана құрылысы аяқталды. Сонымен бірге, Қалжан ахун ауылындағы «Гүлдер» балабақшасы, Қоғалыкөл ауылындағы балабақша ғимараты қайта жаңғыртудан өтсе, Тереңөзек кентіндегі №6 «Ботакөз» балабақшасын қайта жаңғыртуға 30 миллион теңге бөлініп, жұмыстар 100 пайызға аяқталды. Сондай-ақ, Іңкәрдария мен Айдарлы ауылдарында да жаңа әкімшілік ғимаратымен бірге, 150 орындық клуб ел игілігіне берілді. Соның нәтижесінде аудан мектептерінің білімді, өнерлі оқушылары облыстық, республикалық, халықаралық жарыс жеңімпазы атанып, өңірдің ғана емес, егемен еліміздің абыройын асқақтатуда. Бұл білім саласына бағытталған қолдаудың жемісі.

Жақында Астанада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен салынған жаңа мешіт жамағатқа есігін айқара ашты. Ал, мұндай са­уапты жұмыс Сырдария ауданында аудан әкімі Ғанибек Қазантаевтың бастамасымен бюджеттен тыс қаржы көздерінен 2014 жылы іске асты. Имандылық үйі бүгінде бір мезетте 300 адам құлшылық ете алатын руханият ордасы саналады. Мешіт жанынан ашылған құдайы-ас өткізуге арналған асхана да тұрғындар үшін қызмет көрсетуде. Сонымен бірге, бас имамның жұмыс бөлмесі, құран оқу бөлмесі, дәрісхана бар. Бұл жүйелі жұмыс та бас қала мен серпінді Сырдарияны байланыстырады.
Тұрғындар үшін ең қажетті дүниенің бірі жол екені анық. Жол сондай-ақ, халықтың қарым-қатынасы мен барыс-келісінің арқасында дамитын әлеуметтік-мәдени байланыстардың алтын арқауы болып табылады. Бұл бағытта Астананың жолдары, көшелері мен аулалары туралы айтудың өзі артық. Өйткені, бас шаһарда инфрақұрылым 100 пайызға өз шешімін тапқан, ешқандай мәселе жоқ. Ал Сырдария ауданында 2017 жылы соңғы 10 жылдан бері өзекті мәселеге айналған Іңкәрдария елді мекенінің кіре беріс автомобиль жолын күрделі жөндеуге облыстық бюджеттен 223 млн. теңге бөлініп, жұмыстары сапалы, уақытылы аяқталды. Сонымен бірге, Тереңөзек кенті, Қоғалыкөл, Жетікөл, Айдарлы елді мекендерінің 17 көшесіне орташа жөндеуге 163 млн.теңге қаржы бөлініп, Қоғалыкөл, Жетікөл, Айдарлы елді мекендері бойынша жұмыстар жүргізілді. Аудандық бюджет есебінен Тереңөзек кентінің 10 көшесін орташа жөндеуге 55 млн.теңге, А.Тоқмағанбетов ауылындағы 2 көшені орташа жөндеуге 41 млн. теңге қаржы бөлініп, Тереңөзек кентінің 7 көшесін және А.Тоқмағанбетов ауылындағы 2 көшені орташа жөндеу жұмыстары толығымен атқарылды. Сонымен қатар, аудандық бюджет есебінен 7,5 млн. теңгеге И.Тоқтыбаев көшесі абаттандырылды. Сондай-ақ, Тереңөзек кенті бойынша 3 көшенің жол құрылысына және 8 көшені орташа жөндеуден өткізуге жоба-сметалық құжат дайындауға бөлінген 9 млн.теңге қаржы толығымен игерілді.
Елбасы халыққа арнаған Жолдауында «Бәріміз біріміз үшін, біріміз бәріміз үшін» қағидатын ұстануды ұсынған болатын. Демек, дағдарыс кезеңінде қоғамдағы әлсіз топтарға барынша көмектесу – біздің әрқайсымыздың азаматтық парызымыз. Осы орайда 2015 жылы Астана қаласында республика бойынша бірінші рет мыңдаған адамды қамтыған қамқорлық акциясы өткенін білеміз. Ал Сырдария ауданында аз қамтамасыз етілген отбасыларға көмектесу мақсатында ел өңірлері арасында ең бірінші «Әлеуметтік дүкен» ашылды. Нақтырақ айтқанда, аудан әкімі Ғанибек Қонысбекұлы бастамашы болып, кент орталығында «Әлеуметтік дүкен» ашу жөнінде ұсыныс жасады. Бұл идеяны аймақ басшысы, ауданның зиялы қауымы, үкіметтік емес ұйымдары, ақсақалдар, ақ жаулықты аналар түгел қолдады. Осылайша, республика бойынша негізгі тірегі қаланған жасампаз жұмыстардың бірі Сырдария ауданында іске асты. Ал, «Әлеуметтік дүкеннен» 7 және одан да көп баласы бар, күнкөрісі нашар, үйіне ешқандай табыс көзі кірмейтін отбасылар 50 пайыз жеңілдікпен күнделікті аса қажетті 5 түрлі азық-түлік өнімдерін алуда. Қазіргі таңда «Әлеуметтік дүкеннен» 127 отбасыға, яғни 628 адамға көмек көрсетілуде. Бұл да ауданның берекелі, ынтымақты іске бейім екенін айшықтайды.
Елбасы бастамасымен Астана қаласындағы Тәуелсіздік алаңынан Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі ашылғаны белгілі. Орталық Азияда баламасы жоқ бірегей музейде Қазақстанның ерте ғасырдан бүгінгі күнге дейінгі археологиялық, этнографиялық жәдігерлері мен мәдени ескерткіштері жинақталған. Осы ретте, біздің ауданымызда да жаңадан «Еңбек Даңқы» музейі бой көтергенін айтуға болады. «Еңбек даңқы» мұражайында Сырдария ауданының Тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктері, ауданнан шыққан қоғам қайраткерлері мен ардагерлердің, түрлі салада жетістікке жеткен үздік қызметкерлердің өмірбаяндары топтастырылған. Ал, «Еңбек Даңқы» музейінің жанындағы ауданның «Құрметті азаматтарының» аллеясының тақтасына саналы ғұмырын ауданның дамуына, өсіп-өркендеуіне үлес қосып «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атағын алған мемлекет және қоғам қайраткерлерінің есімдері жазылған. Сонымен бірге, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атағын иелеген тұлғаларға берілетін төсбелгінің белгісі қойылған.
Қорыта айтқанда, Астана ең алдымен, еліміздің ертеңін айшықтап тұрған Елбасының ерекше назарындағы қала. Елордада атқарылып жатқан жұмыстарды қай қырынан алсақ та ауқымды. Сондықтан бас шаһар – еркіндік аңсаған тәуелсіз елдің құтты тұғыры. Ал адымы алымды, дамуы қарқынды Астанаға қарап бет түзеу, Елбасының тікелей назарындағы қаланың гүлденуінен тың серпін алу Сырдария ауданының басты бағыты. Жасай бер, айбынды Астана, серпінді Сырдария!

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
«Сыр үміті» жастар сыйлығының иегері
10 шілде 2018 ж. 1 048 2

Гость JeaOrer от 24 ақпан 2019 03:07
Viagra Kamagra Gut viagra Il Viagra Scade Cialis Dosis Cialis 20 Mg Compra

Гость JeaOrer от 13 наурыз 2019 04:58
Levitra Horsturz Cialis Diario Prospecto viagra prescription Xtane