Мемлекеттік рәміздер – ұлттың рухы
Тәуелсіздіктің алтын діңгегі саналатын мемлекеттік рәміздер – еліміздің негізгі атрибуттарының бірі. Кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін рәміздерге құрмет – елге, тарихқа, болашаққа деген патриоттық сезімнің белгісі. Рәміздердің орындалу, орналасу, құрмет көрсетудің негізгі жолдары бар.Мемлекеттік рәміздердің насихатталу және қолдану жай-күйіне қадағалау жасайтын арнайы мамандар бар. Елдің негізгі нышанына айналған рәміздерді қалай болса солай пайдалануға тыйым салынады. Негізінен мемлекеттік нышанды мемлекеттік органдардың, ұйымдар мен мекемелердің, сондай-ақ білім беру орындарының ғимаратында, олардың басшыларының қызмет бөлмесінде, мәжіліс залдарында, сот мәжіліс залдарында, ҚР мемлекеттік және үкіметтік наградалары тапсырылатын залдарда, бала туу мен некені тіркейтін үй-жайда, сондай-ақ мемлекеттік заңды тұлғалардың, ұлттық басқарушы және ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың ғимаратының бір бөлігінде міндетті түрде және тұрақты негізде орнату көзделеді.
– Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы кабинеттерде лауазымды тұлғаның жұмыс орнының арт жағындағы қабырғаға, залдарда төрағалық етуші отырған орынның арт жағында орналастырылады. Ал мемлекеттік Ту Елтаңбаның сол жағында орналасуы шарт. Ғимараттарға тұрақты орналастырылатын мемлекеттік рәміздерге тәуліктің қараңғы мезгілінде де жарық түсіп тұруы тиіс. Туларды бір уақытта көтергенде де өзіндік ереже негізге алынады. Бұл ретте Қазақстан Республикасының Туы басқа тулардан төмен яки көлемі кіші болмауы тиіс. Осындай сияқты ережелер Елтаңбаның орналасуы, Гимн орындалуы тұсында да көрініс береді. Сонымен қатар ұлттық стандартқа сәйкес келуі тиіс. Мемлекеттік Ту мен Елтаңба, сондай-ақ олардың бейнелері ұлттық стандартқа сәйкес келмеген жағдайда олар арнайы бекітілген қағидада мазмұндалған тәртіпте ауыстырылуы және жойылуы керек. Жыл сайын аудан орталығы мен ауылдық округтерде осы мәселе төңірегінде зерделеу мониторинг жұмысы тұрақты түрде жүргізіліп отырады. Зерделеу барысында заң бұзушылық орын алса, тиісті шара көріліп, түсіндірме жұмысы жүргізіледі, – дейді аудандық қоғамдық даму бөлімінің бас маманы Тұрар Нұрмағанбетов.
Айта кетейік, Мемлекеттік рәміздерді және олардың бейнелері бар материалдық объектілерді жою оларды қайта қолдану мүмкіндігін болдырмау мақсатында өртеу, балқыту, ұсақ бөлшекке майдалау, ұсақтау, қалыпсыз массаға немесе ұнтақ күйге айналдыру жолымен жүргізіледі. Тиісті стандарттарға сәйкес келмейтін мемлекеттік рәміздерді ауыстыру және жою жөнінде арнайы комиссия құрылып, тұрақты жұмыс жасап отырады.
Жалпы бұл мақаланы жазуға жақында әлеуметтік желіде жарияланған бейнежазба себеп болды деуге негіз бар. Бір топ адамның Туды өртеп, Елтаңбаны бөлшектегені көрініс беретін жазбаға көпшілік түрлі көзқарастағы пікір білдірген. Арандатушылар жайсыз ақпарат таратып, көпшілік арасында түсінбеушілік туындағаны белгілі. Кейін белгілі болғандай, бұл видео Павлодар қаласындағы мектептердің бірінде түсірілген. Яғни жарамсыз деп танылған мемлекеттік рәміздерді жоспарлы түрде жою шарасы болған. Рәміздерді өртеу және бөлшектеу рәсімі регламент талаптарына сәйкес құжатталған. Дегенмен бақылаудың әлсіздігінен видео ғаламтор желісінде кең тарап кеткен. Ал жауапты мамандарға тиісті шара қаралған.
Тәуелсіздік нышаны – мемлекеттік рәміздер. Дербес елдің символына айналған рәміздерге құрмет білімнен, елге деген сүйіспеншіліктен, жанашырлықтан бастау алады. Бұл ретте тақырыпқа қатысты жалған ақпарат, дүрлікпе пікір де жарға жығатынын айта кеткіміз келеді.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ










