Халық ақыны – Меңліаяқ Сәрменбайұлы немесе тарихи тұлғаның өмірі мен шығармашылығы туралы ізденіс
Ақын ұғымының ауқымы өте кең. Ал, «Халық ақыны» атану екінің біріне бұйыра бермейді. Халық әдебиетінің дәстүрін сақтаушы да, ертеңгі күнге аманаттаушы да ақындар деп жатамыз. Сондықтан ел-жұрт ерекше қабілетімен танылған дара ақындарды құрметтеп, қадірлеп, «Халық ақыны» деп атаған. Ежелгі Ақмешіттен шыққан тарихи тұлға, қуғын-сүргін құрбаны, есімі елеусіз болып келген Алаш азаматтарының бірі, халық ақыны Меңліаяқ Сәрменбайұлы туралы сөз қозғалғанда, болмысы бөлек тұлға бізге ақындық тереңдік пен шығармашылық биіктіктің өлшеміндей әсер етеді.Бір анық ақиқат бар. Қазақ халқы талай тарихи кезеңдерді бастан өткеріп, қиыншылықпен бетпе-бет келді. Біз бүгінде «Ұлы Даланың тарихи мұрагеріміз» деп мақтанып айтып жүрген ұран сөздің көңілімізге, жүрегімізге орнығуы жолында ата-бабаларымыз жан алысып, жан берісіп, ел үшін, жер үшін өмірін сарп етті. Ата-бабамыздың атақонысы болған осынау кең байтақ жерді білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғаған бабаларымыз екі ғасыр отаршылдықтың озбырын, жетпіс жыл бодандықтың қиындығын көрсе де ұлт мүддесін бәрінен жоғары қойып, қиын сәттерде де өнеріміздің туын биіктетіп, тарихымызды түгендеп, рухымызды аспандатты. Міне, бүгін біз сөз еткелі отырған Меңліаяқ Сәрменбайұлы – ел тарихында алар орны ерекше тұлғалардың бірі де бірегейі.
Меңліаяқ Сәрменбайұлы 1880 жылы дүниеге келген екен. Кіндік қаны тамған туған жері Қызылорда қаласына іргелес Сырдария ауданына қарасты ескіше атауы «Қырық байтақ» деп аталатын жердің «Бес көң» қыстағы. Бұл маңның тарихын тереңірек талдайтын болсақ, қала іргесіндегі Махамбетов, Бесарық, Қоғалыкөл, Н.Ілиясов ауылдары орналасқан аймақ ертеде «Қырық байтақ» деп аталған. Ал, «Қырық байтақ» Сабалақ, Кеңтүп болыстарына қараған. «Бес көң» – ақын әулетінің кіші Отаны, ескі қыстауы. Нақтырақ айтқанда, Бесарық ауылынан оңтүстікке қарай 30-35 шақырымдай жерде. Ақынның аты-жөні жазылған белгі тақта осы жерге орнатылған. Меңліаяқ Сәрменбайұлы айдаудан елге оралған соң осы маңда күн кешіп, күнелткен, еңбек еткен.
Жалпы, ақын Меңліаяқ Сәрменбайұлының өмірі, тағдыр жолы қиындыққа толы. Ол үш жасында әкесінен жетім қалған. Жетімнің хәлі белгілі емес пе... Жоқшылық, жетіспеушілік, таршылық... Бірақ тағдыр талайы салған сынды ептілікпен, тектілікпен еңсеріп, адал еңбекті ту еткен жан ағайындарының малын бағуды жөн көреді. Сөйтіп балалық шағы ауыр жұмысқа жегілумен өтіп жатады. Ерте тұрып, кеш жатып, табан ет, маңдай термен оң-солын танып, ер жетеді. Айта кету керек, қолынан іс келетіні қаршадайынан-ақ аңғарылған азамат еңбек ете жүріп, молдадан ескіше хат танып, сауатын ашады. Бұл оның білімге, ізденіске ынталы екенін білдірсе керек-ті...
«Болар бала бесігінен», «Болар жігіт он бесінде баспын дер» демекші, Меңліаяқ Сәрменбайұлының туабітті таланты ол он бес жасқа толғанда ашылып, есімі жұртқа таныла бастайды. Үлкенді-кішілі жиын-тойлар мен басқосуларда есімі жақсы жағынан айтылып, еңбегі мен шығармашылығы халықтың оң бағасына ие болады.
«...Мал бағып, оқу оқып, талап ойлап,
Он беске сүйтіп жүріп жасым келді.
Балалық бастан өтіп жас келгенде,
Ауасы жігіттіктің мені жеңді»
деп жырлаған ақын қисса-жырларды жатқа айтуымен де ерекшеленеді. Бұл сөзімізге ақынның «Қисса оқып, түрлі сөзді алдым жатқа, Үйрендім өлең жазып, қолым хатқа. «Айдарлы ақын» деген атым шықты, Атақты анам қойған жас уақытта» деп өлең өрнектеуі дәлел бола алады. Меңліаяқ Сәрменбайұлы тағы бір жырында «Қаумалап қатар-құрбым ортаға алды, Елендім ел аузында зор атаққа» деп өмірін өлеңмен өрнектейді. Сөз қонған, талант дарыған деген осы.
Дара дарын иесінің енді тегінен тін тартайық. Халық ақыны Жаппастың Қаракөз тармағының Сарыаяқ аталығынан тарайды. Ескі кітаптар мен деректерде, ауызекі тілде айтылған әңгімелерде Сарыаяқтың шын аты Сұлтанкелді екен дерек бар. Сарыаяқтың үш баласы болған. Олар – Малпақ, Кешкілі, Шаң. Осы үш баладан тараған ұрпақтар қазіргі Сырдария ауданы Н.Ілиясов елді мекенінде, Қызылорда қаласында және қалаға қарасты Абай, Қызылжарма, Наурыз ауылдарында тұрады. 1931-1933 жылдардағы ашаршылық, 1937 жылғы қуғын-сүргін кезінде оншақты атадан тарайтын ұрпақтар жойылып, қалғандары белгісіз, әр руға сіңісіп кеткен болуы да мүмкін. Сарыаяқ руына туысқан Қаракөзден тарайтын Наурыз, Достияр, Құрманай, Қараша, Өңгіт, Бесбалуан – барлығы бірге қыс қыстап, жаз жайлап өмір сүрген.
Жалпы, Жаппас ата ұрпақтарының бір шоғыры өмір сүрген, еңбек еткен өңір Сырдария өзенінің оң жағалауына орналасқан, дариядан алыс-жақынды бірнеше ауылдар екені тарихтан белгілі. Түптеп келгенде, көшпелі кезеңдерде Арқаға жайлауға барып, Қостанайды, Айт, Тобыл өзендерін, Бестөбе, Аман, Қазамбас, Мамыр, Шағыр көлдерін бөлініп жайлағаны да анық әрі дәйекті ақпарат. Қыста Сырды қыстап, жазда Қырды жайлап, мал жайында жүруі, егін егіп, шөп дайындап, еңбек етуі бұл елдің еңбексүйгіш екенін білдіреді. Міне, осындай тектен шыққан Меңліаяқ Сәрменбайұлы отызында орда бұзып, қырқында қамал алған тұлға. Бұлай деуіміздің себебі, жасы отыздан асқан кезінде әулеттің үлкендері о дүниелік болып, рулас туыстарының жағдайын жасау, қадағалау, жәрдем беру, басшылық ету деген шаруалармен айналысу Меңліаяқ Сәрменбайұлына жүктелген. Ағайынның сенімі – азаматты әрі шабыттандырады, әрі қанаттандырады. Ол бұл жауапкершілікті терең сезініп, балаларды оқыту үшін мектеп ашады. Даланың қыр-сырын түйсініп, адамның тілін, кәсіптің көзін тапқан азамат жан-жақтылығымен де дараланған.
«Жасымнан әуес қылып мылтық аттым,
Құс салып, ит жүгіртіп, ат жараттым.
Шежіре, ата текті түгел жинап,
Халыққа үлгі қылып сөз тараттым»
деген ақын бір кездері жоқшылық, жетіспеушілік, таршылық көрсе, енді жоққа жанашыр, мұқтажға демеу болып, арыстай азамат ретінде бір отбасының емес, ағайынның арқасүйері, тірегі болған.
Негізі Бақтыбайдан Дәрменбай, Сәрменбай, Әліпбай, Әлменбай және Сәрсенбай тарайды. Үйдің үлкені Дәрменбайдың Әлі деген баласы болған. Әліден Орынбасар, одан Тұрымтай, Тынымкүл есімді екі қыз, Аманкелді есімді бір ұл туады. Тұрымтай Қызылордада, Тынымкүл Ақтөбеде, ал Амангелді Қызылордада тұрып жатыр. Амангелді Дәрменбаевтан Айгүл, Ақылбек, Алданбек өрбісе, Алданбектен Серікбол мен Нұрбол деген ұрпақтар бар. Негізі, Орынбасар қырқынан шықпай жатып әкесі Әлі қайтыс болған. Сөйтіп Орынбасар Меңліаяқ ағасының тәрбиесінде өскен. Осы ретте Меңліаяқ ақынның немересі Қуанышкүл Меңліаяқова мен Амангелді Дәрменбаевтың халық ақынының өмірі мен шығармашылығын зерттеп, зерделеп, тарихи-танымдық мақалалар жазып, қала орталығынан бір көшенің М.Сәрменбайұлының есімінің берілуіне ұйытқы болып, баба рухын аспандатқанын айтып өткеніміз орынды. А.Дәрменбаев ақынның тұрған үйіне және Бес көң атты туған жеріне белгі тақта орнатып, қалада билбордтың ілінуіне бастамашы болған. Бүгінде сексен бес жастан асқан Амангелді Дәрменбаев әулет шежіресі, тек тарихы, бабалар аманаты мен өсиеті туралы бірнеше кітап, мақала жазған. Қазыналы қария «Жадында сақта, жас ұрпақ!», «Аманат», «Асқар тау әкем арқасүйер мақтанышым еді» атты кітаптардың авторы. Мұнан бөлек республикалық, облыстық газет-журналдарға мақалалары тұрақты жарияланып келеді. А.Дәрменбаев облыстық тарихи-өлкетану музейіне Меңліаяқ ақынның шапанын, қолданған бұйымдарын, домбырасын да өткізген.
Бақтыбайдың екінші ұлы – Сәрменбай. Сәрменбайдың әйелінің есімі Іңкәр болған. Міне, осы Сәрменбайдан жалғыз тұяқ Меңліаяқ туады. Әкесінен үш жасында жетім қалған ол өз еңбегімен еңсе тіктеп, талай кезеңдерді аман-есен еңсеріп, ұрпақ өрбітеді. Меңліаяқтың әйелінің есімі – Әнәпия. Меңліаяқ пен Әнәпиядан 1912 жылы Күләнда мен 1913 жылы Әбдіғаппар туған. Әбдіғаппар мен жары Амантайдан Қуанышкүл, Рыскүл, Тұрсын, Зікірия және Берік туады. Беріктен Айдос, Жандос, Мереке және немерелер өрбіген. Бақтыбайдың үшінші ұлы Әліпбайдан Кінәз, Рәз есімді екі қыз бен Сырлыбай, Мырзағали атты ұлдар туған. Кінәз бен Рәз ерте қайтыс болып кетсе, Сырлыбай мен Мырзағали соғысқа қатысқан. Сырлыбай соғысқа дейін үйленіп, Бектеміс есімді бала сүйсе, Мырзағали жас кеткен, одан ұрпақ жоқ. Бүгінде Уфа қаласында Мырзағали Әліпбайұлының жерленген жеріне арнайы белгі қойылған, ол мемлекет қорғауына алынған. Кінәз бен Рәз Қызылорда төңірегінде тұрып, еңбек етіп, ел дамуына үлестерін қосқан. Бектемістен Гүлдарай, Ғалия, Қайыржан, Қайыржаннан Әйгерім, Айдана, Бексұлтан, Анеля тарайды. Бақтыбайдың төртінші ұлы Әлменбайдан Жүніс, Меңлібай, Бәтима туған. Жүністен Бәкір есімді бір ұл және Нұркен, Мәлике, Күлзипа деген үш қыз тарайды. Жүністің ұлы Бәкір 1922 жылы туып, 1949 жылы қайтыс болған, соғысқа қатысып, майданнан жеңіспен оралғаннан кейін ел басқару ісіне белсене араласқан, қалалық атқару комитетінде жауапты қызметтерді абыроймен атқарған. Бір өкініштісі, Бәкірден ұрпақ қалмаған. Ал, Нұркеннің ұрпақтары Жезқазғанда, Мәликенікі Қызылорда қаласында, Абай ауылында, Күлзипаныкі Қызылордада тұрып жатыр. Әлменбайдың Жүністен кейінгі ұлы Меңлібай 1928-1930 жылдардағы қуғын-сүргін кезінде Өзбекстанға кетіп, сол жақта қайтыс болады, артында ұрпақ қалмаған. Бәтима Кентау қаласына тұрмысқа шыққан, ұрпақтары сол жақта тұрып жатыр. Бақтыбайдың кенже ұлы Сәрсенбайдан Қалыбай, Есет, Әріпбек, Әлима туған, бұлардың бәрі ертерек қайтыс болып кеткен.
Енді халық ақыны Меңліаяқтың өмір тарихына қайта оралайық. Қазақ жеріне большевиктер келіп, олардың ықпалы артып, орныға бастаған кезде Меңліаяқтың шаруасы шалқып, ол Сыр бойындағы белгілі, абыройлы, белсенді тұлғалардың бірі болған. Жергілікті үкімет оған сенім артып, жауапты қызметтер ұсыныпты. Алайда, осыдан жүз жыл бұрын Ақмешіт Қазақстанның астанасы болып, Қызылорда атанып, қазақтың бетке тұтар азаматтары осы өңірге шоғырлана бастаған уақытта белсенді, абыройлы, ел арасындағы қадірлі қазақ азаматтарына құрық сала бастаған кезде Меңліаяқ та қудалауға ілінген. Бұл туралы ол өз өлеңінде:
«Аянбай қолдан келген қызметті,
Қол қойып талай іске талаптандық.
Ат қойып «Әлді шаруа» белсенділер,
Босанып әр қызметтен шығып қалдық»
деп келтіреді. Содан оның мал-мүлкі тәркіленіп, 1930 жылы жазықсыздан жазықсыз сотталып, 1936 жылы мерзімін бітіріп, елге оралған соң, 1937 жылы «Халық жауы» деген жаламен Краснояр өлкесінің Канск қаласындағы лагерьде жазасын өтеп, 1943 жылы жүдеп-жадап елге жетеді. Бұл бір адамның басына татырлық мұң, ауыртпашылық. Бірақ тегеуріні мол текті азамат жазықсыздан жазықсыз жапа шексе де елге келген соң қайта еңсе тіктеп, Сыр елінің ертеде өмір сүрген ақын-жырауларының еңбектерін, фольклорлық мұраларды, өлең-хикаяларды жинақтаумен айналысады. Атап айтқанда, бірнеше шығыс оқиғалары желісімен жазылған хикаяларды, «Үш жігіттің хиқаясы», «Төрт өнерпаз», «Ертеде өткен екі қудың аңызы», «Шаһзада балуан», «Сүлеймен Әзіретінің халқымен кеңесі», «Ақыл егесі адамның қаны туралы хикая», «Шодадтың өлмеске ой шашқан хикаясы» және Сыр шайырларының шығармалары «Шәкейсал мен ақындар айтысы», «Жаппас Кеңшімбай мен жетіру Жағалбайлы Ақсұлудың айтысы», Даңмұрынның, Тұрмағамбеттің, Шораяқтың Омарының, т.б. ақындардың өлеңдері мен айтыстарды дәріптейді. Сонымен қатар түркістандық Сәли қожа мен қыпшақ Кенжебайқызы Ғайнижамалдың айтысын, Айыш ақын мен Төлеу жыраудың жұмбақ айтысын, түркістандық қызбен Сырдың он бір ақынының айтысын, Қарақалпақ Дәмежан мен Сыр сүлейлерінің айтысын насихаттайды. Бұл кезде ол жетпісті алқымдап қалған еді. Меңліаяқ қазақ халқының ауыз әдебиеті мұраларын жинаумен қатар толғау-өлең, хикаялар шығарған. Оның шығыс әңгімелерінің желісімен жазылған «Үш жігіт», «Екі қудың әңгімесі», «Төрт өнерпаз», т.б. поэмаларымен қатар «Бастан өткен өмір» «Жаңа әкім», «Әбділдаға көңіл қос» сонымен қатар «Жас туралы» пьесасы, «Қуанышты күн тоғызыншы май», «Кенесары – Наурызбайдың қысқаша тарихы», «Жасауыл қырғыны мен Айсарының жоқтауы», «Жанғабыл батырдың өлімі» атты деректі әңгімелері бар. Меңліаяқ Сәрменбайұлының тағы бір ерекше атап өтерлік еңбегі – Мырқы қажы Жарасбаевтың Меккеден әкелген құнды шежіресі негізінде қазақ рулары жайлы мәліметті толықтыруы. Мұнан қоса қарт ақынның қолжазбалар жинап топтастыруын, Кете Жүсіп, Қаңлы Жүсіптің өлендерін қағазға түсіруін, ұлт руханияты үшін тарихи мәні зор деректерді 1952 жылы Алматыдағы Ғылым Академиясының қолжазба қорына өткізуін жоғары бағалауға болады.
Бұл еңбегі туралы ақын:
«…Аяңдап жетпіс келді осы кезде,
Бөгет боп тоқтау салды көрер көзге.
Аяқ-қол, бел мен тізе бәрін жайлап,
Ұмытшақ, олақ болдық айтар сөзге.
Шаш-сақал, тіс пен түстен бейне кетіп,
Салсаң да түзелмейтін болды тезге.
Қарттықты қабыл алып жайға отырсақ,
Не керек мұнан басқа енді бізге.
...1952 жылы сапар қылып,
Себеппен Алматыға бардым анық.
Тапсырған бір аманат кітап жазып,
Беріп ем егесіне алып барып.
Жайымды жігіттері естіген соң,
Шақырды кеңсесіне хабарласып.
«Бізге де осы түрлі сөз керек» деп
Өтінді жазыңыз деп ортаға алып» деп жырмен өрнектейді. Бұдан біз ізденісті серік еткен қарт ақынның халық үшін жасаған еңбегіннің мәні терең екенін ұғынамыз. Түптеп келгенде, ұлт руханияты үшін тарихи мәні зор деректерді Алматыдағы Ғылым Академиясының қолжазба қорына өткізу арқылы Меңліаяқ Сәрменбайұлы ұлт ұпайын түгендеуге де зор еңбек сіңірді. Бұл деректер бүгінде талай зерттеушілер үшін құнды мәлімет ретінде тарихтан да, бүгінгі қоғамнан да өз бағасын алуда. Ерекше айта кететін жайт, артында іздеушісі болмаса әлгіндей құндылықтар ешкімге белгісіз болып тарихтың түкпірінде шаң басып жата беретіні анық. Ұрпақтары архивтен қолжазбаларын іріктеп, арада 50 жылға жуық уақыттан кейін, яғни 2000 жылы баспадан «Меңліаяқ ақын мұрасы» атты кітап шығарған. Бұл кітапты құрастыруға филология ғылымдарының докторы Тынысбек Әуелбекұлы Қоңыратбаев пен белгілі әдебиеттанушы, ақын Серікбай Қылышбайұлы Қосанов үлес қосқан. Ал, ақынның немере қызы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Қуанышкүл Меңліаяқова баспа шығындарын төлеп, «Меңліаяқ ақын мұрасы» атты кітапты құрастырып, баба рухын жаңғыртқан.
Меңліаяқ Сәрменбайұлы көптеген Сыр сүлейлерімен қадамдас, қоныстас болып, олармен жиын-тойларда, астарда бас қосып, тәлім алып, өнегелі өмір жолдарына куә болған. Сонымен бірге әйгілі Аманкелді, Кейкі батырлармен үзеңгілес қарым-қатынаста болған деген де дерек бар. Белгілі жазушы Әбділда Тәжібаевпен, жаппас Қалқаманның Жәдікбай тармағынан шыққан ақын Айыш қажы Шоқаманұлымен, ақын Нартай Бекежановпен аралас-құралас болған. Мұнан бөлек заманында ақыл-парасатымен, тектілігімен, білімділігімен танылған Битілеу Қожбанұлы мен даңқты майдангер, Кеңес Одағының Батыры Нағи Ілиясов әңгімесін тыңдап, өсиетінен өнеге алу үшін халық ақыны Меңліаяқ ақынға арнайы барып, әңгімесін тыңдап, батасын алып, құрмет көрсеткен. Бұл туралы Битілеу Қожбанұлы өз естелігінде жазған, ол кітапқа енген. Меңліаяқ Сәрменбайұлы туып-өскен, өмір сүрген өлкеде, қоғамда ақын, шежіреші, халқының жанашыры ретінде танылған тұлға деп айтуымызға толық негіз бар. Ол ұлтымыздың тарихына, әдет-ғұрпы мен сән-салтанатының сақталуына да аса мән берген, оны іс жүзіне асыруға қам жасаған. «Жақсының жақсылығын айт, мерейі тассын» дегендей Мейліаяқ ақын жайында ел арасында осы күнге дейін оның жасаған жақсы істері аңыз әнгімеге айналған. Түйіндей айтсақ, артында іздейтұғын ұрпағы, дәріптейтұғын халқы бар да өмірден өткеніне жетпіс жылдам астам уақыт өтсе де, таулардың алыстаған сайын биіктей беретіні секілді Меңліаяқ ақынның өмірі мен шығармашылығының мәні де, мазмұны да арта бермек. «Жақсының аты өшпейді» деген сөздің өміршеңдігі осы болар бәлкім. Айта кету керек, ақындығымен халыққа танылған халық ақыны Меңліаяқ Сәрменбайұлының 140 жылдығына орай 2020 жылы ақынның өзі ғұмыр кешіп, жұмыс істеген үйінің қабырғасына қала басшылығының қолдауымен және ұрпақтарының ұйытқы болуымен арнайы ескерткіш тақта орнатылған. Бүгінде Қызылорда қаласындағы үлкен көшенің бойында ақынның суреті мен аты-жөні жазылған үлкен билборд ілулі тұр. Бұл ақын рухына құрметтің, өнерлі елдің дарынды тұлғаға деген ықыласының белгісі. Бұл жолы біз өмірі қиындықпен өтсе де, талай сынақты сәттермен бетпе-бет келсе де мойымаған ақынның есімін тағы бір жаңғыртуды мақсат тұттық. Ендеше, ұрпағымен, ұлықтар халқымен Меңліаяқ ақын мың жасап, оның есімі ұмытылмайды деп айтуымызға болады. Өз заманындағы басқа да ақындармен айтысып, суырыпсалмалық өнерімен танылған, мұралары жинақталып, «Бабалар сөзі» көптомдығына енген және шығармалары ҚР Ұлттық кітапханасы мен ғылыми қорларда сақтаулы Меңліаяқ Сәрменбайұлының ақындық туындылары мен жырлаған қисса-дастандары халық ауыз әдебиетінің құнды үлгісі болып табылады.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
ақын, Қазақстан Жазушылар және
Журналистер одағының мүшесі










