Жаңа дәуірдің іргетасы: халықтық Конституция – қуатты мемлекет
«Руханият орталығында» аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың қатысуымен Республикалық референдум аясында «Халықтық Конституция – қуатты мемлекет» тақырыбында мәжіліс өтті. Жиынға аудан прокуроры Абай Әлімбаев, облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов, аудандық мәслихат депутаттары, ардагерлер, «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» аумақтық коалициясының мүшелері қатысты.Жиында аудан басшысы жаңа Конституция жобасындағы жаңашыл бастамалардың елдің орнықты дамуына және азаматтардың әлеуметтік кепілдіктерін нығайтуға бағытталғанын атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бұған дейінгі ауқымды саяси реформалардың жалғасы ретінде Конституциялық реформаға қатысты ұстанымдарын жеткізген болатын. Бұл – еліміздің кемел келешегі үшін өз таңдауымызды жасап, қастерлі Отанымыздың берік негізін қалауға берілген тарихи мүмкіндік. Конституциялық реформа – еліміздің саяси жаңғыруына, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын күшейтуге, қоғам мен мемлекет арасындағы өзара сенімді нығайтуға бағытталған. Жаңа Конституция жобасында Ұлы Даланың мыңжылдық тарихының сабақтастығы сақталып, мемлекеттің шекарасына, аумақтық тұтастығына қол сұғуға болмайтыны нақтыланған. Бірлік пен ынтымақтастық, ұлтаралық, дінаралық келісім Қазақстан мемлекеттілігінің негізі ретінде белгіленген. Жаңа Ата Заңның басты идеясы ретінде білім мен ғылым, мәдениет пен инновация анықталған. Елдігіміздің басты нышаны болып табылатын жаңа құжатта «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» қағидаты айқындалған. Жаңа Конституцияда Әділеттілік, Заң мен Тәртіп, табиғатқа ұқыпты қарау сияқты қағидаттар алғаш рет Конституция деңгейінде бекітілген. Алдағы референдум – қоғам үшін маңызды тарихи таңдау. Әрбір азаматтың белсенді қатысуы ел болашағын айқындауда айрықша рөл атқарады, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Жиында сөз алған аудан прокуроры Конституциялық реформаның құқықтық негіздері, «Заң мен тәртіп» қағидатының үстемдігі бойынша айтып өтті.
– Президентіміз Ұлттық Құрылтайда конституциялық, парламенттік және мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға бағытталған жаңа реформаларға ерекше тоқталып, ел болашағы үшін маңызды бағыттарды айқындап берді. Конституциялық реформа – мемлекеттің саяси-құқықтық жүйесін жетілдіруге бағытталған стратегиялық процесс. Оның басты мақсаты – билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті нығайту, адам құқықтарын қорғауды күшейту және құқықтық мемлекетті одан әрі дамыту, – деген аудан прокуроры заңдылықты нығайтуға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.
«Конституциялық реформаларды жүзеге асыру – тек биліктің емес, барша халықтың ортақ жауапкершілігі. Бірлік пен ынтымақ бар жерде ғана әділетті, қуатты және бәсекеге қабілетті мемлекет қалыптасады. Сондықтан осындай тарихи кезеңде баршаңызды бірліктің озық үлгісін көрсетуге шақырамын» деген облыстық мәслихат депутаты, аумақтық коалиция мүшесі Жұмабек Әшімұлы реформалардың түпкі мәні Тәуелсіздігімізді нығайту, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету және халықтың әл-ауқатын арттыру арқылы Әділетті, Қуатты, Таза Қазақстанды құру екендігін жеткізді.
Өз кезегінде «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы, аумақтық коалиция жетекшісінің орынбасары Ақтөре Ибрагимұлы, мәдениет саласының ардагері Сансызбай Сәдуақасов және аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Жанна Сәркеева сөз сөйлеп, Конституциялық өзгерістердің ел болашағы үшін маңызды екеніне тоқталды. Жаңа бастамалар құқықтық мемлекет қағидаттарын нығайтып, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға, әділетті қоғам қалыптастыруға негіз болатынын атап өтті.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ









