Ел болашағының негізі
Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, еліміздің жаңа Конституциясын қабылдау мәселесі бойынша 15 наурызда республикалық референдум өтеді. Жоспарлы жұмыстарды жүйелі жүзеге асыру мақсатында жалпыұлттық Коалиция құрылып, өз жұмысын жалғастыруда. Бұл орайда ауданға «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» республикалық коалиция мүшесі Мұрат Ергешбаев арнайы іс-сапармен келіп, аудан тұрғындармен кездесу өткізді.Келелі басқосуға аумақтық коалицияның жетекшісі Ержан Әжікенов, аумақтық коалиция мүшелері Жұмабек Ембергенов, Ақтөре Ибрагимұлы мен жастар қатысты. Ең алдымен, Халыққа қызмет көрсету орталығында тұрғындармен және сала мамандарымен кездесу өткізілсе, одан кейін «Руханият орталығында» аудан жастарымен пікір алмасу жүзеге асты.
– Конституциялық реформа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанда бір палаталы Парламент құру жөніндегі бастамасының негізінде туындады. Президент бұл идеяны 2025 жылғы 8 қыркүйекте халыққа арнаған жыл сайынғы Жолдауында жариялап, оның мақсаты саяси жүйені кешенді түрде жаңғырту және жасанды интеллект дәуірінде Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының одан арғы үдерісіне оң ықпал ету екенін атап өтті. Өз кезегінде белгілі заңгерлер, сарапшылар, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар фракцияларының өкілдері бар жұмыс тобы Конституцияның жаңа жобасын жазып шықты. Азаматтар да e-Otinish және eGov порталдары арқылы өз пікірлері мен ұсыныстарын жолдап, талқылауға белсенді қатысты. Жаңа Конституция жобасы көпшілік назарына бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ұсынылды. Өздеріңіз танысқан боларсыздар, Мемлекетіміздің басты құжаты 80 пайызға жуық жаңартылғалы тұр. Жаңа Конституция жобасы – елдегі саяси жаңғырулардың заңды әрі кезең-кезеңімен жүзеге асып келе жатқан реформалардың жалғасы. Бұл құжат мемлекеттілікті нығайтып қана қоймай, билік пен қоғам арасындағы өзара жауапкершілікті күшейтеді, азаматтардың шешім қабылдау үдерісіне белсенді араласуына жол ашады. Негізгі құндылық – адам және оның құқықтары мен бостандықтары. Сондықтан Ата Заң халықтың мүддесіне қызмет ететін, әділетті әрі ашық қоғам қалыптастыруға бағытталған нақты әрі тиімді тетіктерді қамтуы тиіс. Бұл бастамалар ел бірлігін бекемдеп, әлеуметтік тұрақтылық пен орнықты дамуға берік негіз қалайды. Біздің басты міндетіміз – осы өзгерістердің мәні мен маңызын өңір тұрғындарына жан-жақты түсіндіріп, олардың пікірін ескеру арқылы қоғамдық диалогты күшейту, – деді мәжілісмен.
«Тт» ақпарат











