Аудан әкімі тікелей эфирде сұхбат берді
Аудан әкімі Берік Сәрменбаев «Қызылорда» облыстық телеарнасында «Өзекжарды» бағдарламасында, тікелей эфирде сұхбат берді.Тікелей эфир барысында аудан әкімі ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, соңғы үш жылда атқарылған жұмыстар және алдағы жоспарлар туралы кеңінен баяндады. Сонымен қатар тұрғындарды алаңдатқан өзекті мәселелерге тоқталып, нақты жауаптар берді.
– «Соңғы жылдары ауданда жол жөндеу, газдандыру, ауыз сумен қамтамасыз ету, тұрғын үй құрылысы және инфрақұрылымды жаңғырту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Бұл бастамалардың барлығы тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған», – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Инфрақұрылым саласында атқарылған жұмыстар нәтижесінде 5 елді мекен газдандырылып, 6 елді мекеннің электр желілері толықтай қайта жаңғыртылды. Жол саласына бөлінген қаржы есебінен аудандық маңызы бар және елді мекен ішіндегі жолдардың сапасы айтарлықтай жақсарды. Қазіргі таңда аудан халқы 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілген.
Сұхбат барысында өңірде орын алып отырған су тапшылығы мәселесіне де ерекше назар аударылды. Мемлекет басшысының суды үнемдеу жөніндегі тапсырмасына сәйкес, аудан көлемінде лазерлік жер тегістеу технологиялары енгізіліп, нәтижесінде күріш шаруашылығында өнімділік артты.
Сонымен қатар білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларында да бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылып, әлеуметтік нысандар жаңғыртылғаны атап өтілді. Қоғамдық қауіпсіздікті күшейту мақсатында аудан орталығы мен елді мекендерге бейнебақылау камералары орнатылғандығын атап өтті.
Тікелей эфир барысында тұрғындар тарапынан жол, тұрғын үй, газдандыруға қатысты сұрақтар қойылды. Аудан әкімі әрбір сұраққа нақты жауап беріп, көтерілген мәселелердің кезең-кезеңімен шешілетінін айтты.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі










