Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сырдария ауданында инфрақұрылымдық жобалар жүйелі жүзеге асуда

Сырдария ауданында инфрақұрылымдық жобалар жүйелі жүзеге асуда

Мемлекет басшысының халыққа қажетті инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Сырдария ауданында құрылыс, жол және коммуналдық салаларда ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мәселен, өткен жылы ауданда 27,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, жоспар 101,5 пайызға орындалды. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Сырдария ауданының әкімі Берік Сәрменбаев мәлімдеді.

– Өткен жылы ауданда құрылыс жұмыстарының жалпы көлемі 28,5 млрд теңгені құрады. Сонымен қатар, құны 186,5 млн теңге болатын Нағи Ілиясов ауылындағы жаңа қоныстану аймағына инженерлік-инфрақұрылымдық желілер тарту жұмыстары басталып, аталған жоба биыл толық аяқталады. Жол саласы да аудан дамуының басым бағыттарының бірі болып қала береді. Аталған салаға өткен жылы 1,4 млрд теңге бөлініп, 13 жоба аясында ұзындығы 30 шақырымды құрайтын автомобиль жолдары жөндеуден өткізілді. Аудандық маңызы бар «Қызылорда – Әуежай – Қоғалыкөл – Шіркейлі» автожолының қалған 10,2 шақырымы толық аяқталып, сондай-ақ Шіркейлі, Шаған және Сәкен Сейфуллин елді мекендеріндегі 12 көше күрделі жөндеуден өтті. Бұдан бөлек, Тереңөзек кенті, Жетікөл, Амангелді, Ақжарма ауылдарындағы 17 көшеге және Іңкәрдария ауылындағы «Мүлкілан баба» кесенесіне апаратын жолға аудандық бюджеттен 137 млн теңге бөлініп, қиыршық тас төсеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде аудандық маңызы бар жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 99 пайызға, ал елді мекендер ішіндегі жолдардың үлесі 87 пайызға жетті. Сонымен қатар, биыл жалпы құны 3 млрд теңгеден асатын 10 жобаға бюджеттік өтінім ұсынылып, оның ішінде Тереңөзек кенті мен Шаған ауылындағы 13 көшені күрделі жөндеуге 527 млн теңге бөлінді. Аймақ басшысының қолдауымен Тереңөзек кентінде заманауи талаптарға сай жаңа теміржол вокзалының құрылысы жүргізілуде. Аталған нысан жақын айларда пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Коммуналдық салада да нақты нәтижелер бар. Қазіргі таңда аудан халқы 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілген. Өткен жылы «Сыр суы» өндірістік бөлімшесі арқылы 138 млн теңгеге Айдарлы, Жетікөл, Қоғалыкөл, Шіркейлі, Ақжарма, Іңкәрдария және Қалжан ахун елді мекендеріндегі ауыз су жүйелеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал биыл Тереңөзек кенті мен Аманкелді, Бесарық, Шаған, Асқар Тоқмағанбетов және Сәкен Сейфуллин ауылдарының ауыз су жүйелерін қайта жаңғырту жоспарланып отыр, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Ауданда елді мекендерді газдандыру жұмыстары да кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Өткен жылы бұл мақсатқа барлығы 4 млрд теңге қаржы бөлініп, Нағи Ілиясов пен Шаған ауылдары табиғи газға қосылды.

– Ақжарма ауылын газдандыру жобасы бойынша республикалық бюджеттен тиісті қаржы бөлініп, қазіргі таңда газ құбырларын тарту жұмыстары жүргізілуде. Аталған ауыл тұрғындары биыл көгілдір отынның игілігін көреді деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар, жалпы құны 3,3 млрд теңгені құрайтын Шіркейлі, Қоғалыкөл және Бесарық ауылдарын газдандыру жобаларына бюджеттік өтінім ұсынылды. Бүгінде Шіркейлі мен Қоғалыкөл ауылдарына газ тарту жұмыстарын бастау үшін республикалық бюджеттен 720 млн теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жуық арада басталады. Нәтижесінде ауданды газбен қамту деңгейі 80 пайызға жетеді деп күтілуде. Электр желілерін жаңғырту бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соңғы жылдары Айдарлы, Жетікөл, Аманкелді, Қоғалыкөл және Шаған ауылдарының электр желілері толық қайта жаңғыртылды. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында құны 490 млн теңге болатын Қалжан ахун ауылын электрмен жабдықтау жобасы өткен жылы басталып, биыл аяқталады. Нәтижесінде электр желілерінің тозу деңгейі 67 пайыздан 62 пайызға дейін төмендейді. Ал биыл жалпы құны 5,4 млрд теңгені құрайтын Тереңөзек кенті, Нағи Ілиясов, Асқар Тоқмағанбетов және Сәкен Сейфуллин ауылдарының электр желілерін қайта жаңғыртуға жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, қаржыландыруға бюджеттік өтінім жолданды, – деді Берік Сәрменбаев.

Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

26 қаңтар 2026 ж. 86 0