Дарынды болу ізденіспен келеді
Жақында Асқар Тоқмағанбетов атындағы №135 орта мектепке арнайы барған аудандық білім бөлімінің басшысы Еркебұлан Жақып дарынды оқушылармен кездесу өткізді. «Дарынды оқушы – ұлт мақтанышы» тақырыбында жүзеге асқан кездесуде білім бәсекесінде топ жарған асқарлық оқушылар ауданның бас ұстазымен еркін форматта пікір алмасты.Ең алдымен, мектеп директоры Зәуре Білісбаева ғылыми жоба, сондай-ақ спорт, ән, сурет байқауларынан жеңімпаз атанған біршама оқушының жетістігін бөлім басшысына таныстырды. Ал жас технологтардың еңбегі жоғары бағаланды.
– Білім саласының күрделі екенін сарапшылар айтып келеді. Құрылымдық жағынан ауқымды бұл саланың өркендеуіне барымызды саламыз. Мектептегі әрбір кадр баланың сапалы білім алуына жағдай жасауы тиіс. Өз басым, оқушының талапты болуымен қатар, тереңнен іздене білуіне аса көңіл бөлемін. Сіздердің жетістіктеріңіз тек мектептің, ауылдың ғана емес, аудан білім саласының мерейін тасытады. Қазіргі уақытта жасанды интеллект күн санап дамып келеді. Жаңашылдыққа бет бұрған әр білім алушыға мүмкіндік жеткілікті. Алдағы уақытта мамандықтан жаңылыспау үшін өз ісінің білгірі болуға мектеп жасынан ұмтылуымыз керек. Дарынды оқушыны тану, қолдау және бағыттау – ұстаз бен ата-ананың ортақ міндеті. Дұрыс бағыт беріліп, еркін ойлауына мүмкіндік жасалған жағдайда, бүгінгі дарынды оқушы – ертеңгі білікті маман, ел тірегі болары сөзсіз, – деді Еркебұлан Төлепбергенұлы.
Кездесу барысында дарынды оқушылар білім алудағы озық технологиялардың мүмкіндіктерін жан-жақты айтып берді. Еркін ойын жеткізген бірнеше оқушыдан білім бөлімінің басшысы осы уақытқа дейін жинақтаған тәжірибелерімен бөлісуді сұрады.
– Қазіргі уақытта жаңа көзқараспен қарайтын жалынды жастар еліміздің жаңару үдерістеріне белсене қатысуда. Мектеп оқушылары арасында толағай табысқа жеткен жандар аз емес. Күнделікті ұстаздар қауымы оқушының қабілетін арттырып, биік шыңдарды бағындыруға тәрбиелеуде. Кез келген пән бойынша жаңашылдық енгізіп, дарынды оқушылар қатарын көбейту – басты мақсатымыз. Бүгінгі дарынды оқушылар ғылым мен білімге ғана емес, өнерге, спортқа, шығармашылыққа да бейім. Олар ерте жастан зерттеу жұмыстарына араласып, жобалар жасап, түрлі олимпиада мен байқауларда ел намысын қорғап жүр. Интернет пен цифрлық кеңістікті тиімді пайдаланып, өз қабілетін дамытудың тың жолдарын таба біледі, – деді мектеп директоры.
Еркін форматта жүзеге асқан кездесуде бірнеше оқушы марапат төрінен көрінді.
Б.ҚАРАМАНТЕГІ











