Адалдық пен әділет – мәңгілік елдің мәйегі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында жемқорлықпен күресті басты бағыттардың бірі ретінде атап өтті. Ол бір сөзінде: «Сыбайлас жемқорлықпен күрес – әрбір мемлекеттік органның, әрбір шенеуніктің қасиетті борышы болуы тиіс» – деп қадап айтты. Бұл үндеу – жай сөз емес, ұлт болашағы үшін алаңдаған көшбасшының терең ойы, айқын бағыты.
Бүгінгі таңда жемқорлық тек мемлекеттік билік саласында ғана емес, қарапайым халықтың өмірінде де көрініс табуы жиілеп барады. Парақорлық, таныстық, тамыр-танысқа жол ашу – ел ішіндегі әділеттілікке деген сенімді сетінетіп отыр.
Бұл – жай ғана статистика емес, рухани апаттың белгілері. Өйткені, халықтың билікке деген сенімі төмендеген жерде заң үстемдігі де әлсірейді. Президент бұл орайда былай деген еді: «Жемқорлық – мемлекет тұтастығына қарсы жасалған қылмыс. Онымен күрес – баршамызға ортақ міндет».
Елімізде бұл бағытта бірқатар жүйелі шаралар атқарылып келеді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі құрылып, ашықтық пен есептілік қағидаттары негізінде мемлекеттік қызмет жүйесіне жаңаша серпін берілуде. «Ашық бюджет», «Цифрлы Үкімет», «Адал ұрпақ» секілді жобалар арқылы халықтың қатысу мүмкіндігі кеңейіп, билік пен қоғам арасындағы сенімді диалог орнауда.
Алайда ең бастысы – санаға сілкініс керек. Қоғамның барлық мүшелері, әсіресе жастар – адал еңбектің, заңды жолдың қадірін түсінгенде ғана, бұл дерттен арылуға болады. Бұл ретте Ел Президентінің мына сөзі ерекше мәнге ие: «Жемқорлықпен күрес – тек жаза берумен шектелмейді. Ең бастысы – адалдық идеологиясын орнықтыру». Иә, бұл – ұзақ жол. Бірақ бұл жол – Мәңгілік Ел болуға ұмтылған мемлекет үшін жалғыз дұрыс бағыт. Бұл жолда білім мен тәрбие, ар мен ұят, ұлттық намыс пен азаматтық жауапкершілік қатар жүруі тиіс.
Халық даналығында: «Аталы сөзге арсыз жауап қайтарады», – дейді. Біз арлы қоғам құруға ұмтылсақ, аталы сөздің қадірін арттырып, жемқорлық атаулыға қарсы тұрарлық рухани иммунитет қалыптастыруымыз керек.
Сыбайлас жемқорлықсыз қоғам – жай арман емес, ол – жүйелі еңбекпен, адал ұрпақпен, әділетті заңмен және биік сана-сезіммен жетуге болатын шындық. Ендеше, ел болам десек – ең алдымен, адал болайық!
Диас ӘЛЖАНОВ,
аудандық спорт клубының директоры
Фото: Н.Нұржаубай