Облыстық мәслихат төрағасы конституциялық реформаларға арналған кездесу өткізді
Бүгін облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетовтің қатысуымен Конституциялық реформаларға арналған кездесу өтті.Жиынға облыстық мәслихат депутаттары, аудандық мәслихат төрағалары мен депутаттары қатысты.
Жиынды ашқан облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов жаңа Конституцияның мән-маңызына тоқталып, оның қоғам мен мемлекет үшін қаншалықты маңызды екенін атап өтті.
- Бастапқыда парламенттік реформа аясында Ата Заңның шамамен 40 бабына өзгерістер енгізу көзделгенімен, талқылау барысында реформаның ауқымы әлдеқайда кең екені айқындалды.
Конституцияда Әділеттілік, Заң мен Тәртіп, бірлік пен келісім, тәуелсіздік пен аумақтық тұтастық өзгермейтін құндылықтар ретінде бекітіліп, білім мен ғылымға, адами капиталға, цифрландыруға айрықша мән берілген. Отбасы институты, неке, әйелдердің құқықтары, зайырлы мемлекет қағидаттары Ата Заң деңгейінде қорғалып, азаматтардың цифрлық ортадағы құқықтары алғаш рет нақты айқындалды. Сонымен қатар, жаңа Парламент – Құрылтайдың құрылуы, Халық кеңесі мен вице-президент институтының енгізілуі халық пен билік арасындағы байланысты күшейтіп, «Еститін мемлекет» қағидатын іске асыруға жол ашады.
Сондықтан да, Президентіміздің бастамасымен қолға алынған Саяси-конституциялық реформа ел дамуының жаңа тарихи кезеңінің бастауы болады деп сенеміз, - деді мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов.
Сондай-ақ, жиын барысында облыстық мәслихат депутаты Мақсұт Нәлібаев, онлайн байланыс арқылы қатысқан Қармақшы аудандық мәслихат төрағасы Әділ Қошалақов сөз алып, Конституциялық реформалардың елдің саяси жүйесін жаңғыртудағы және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын кеңейтудегі мән-маңызына тоқталды.
Жиын соңында облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов аталған реформаларға қолдау білдіру – әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі екенін айтып, алдағы кезеңде де қоғаммен ашық диалог жалғаса беретіндігін жеткізді.










