Әділетті қазақстанның өзегі – «заң мен тәртіп»
Конституциялық комиссияның бейсенбі күні өткен кезекті отырысында жаңа Ата Заң мәселесін қарау ұсынылды. Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Дания Еспаеваның айтуынша, жекелеген түзетулер емес, жаңа Конституция қажет. Ал депутат Айдос Сарым пропорционалды жүйенің мажоритарлық жүйеге қарағанда айтарлықтай артықшылықтарға ие екенін айтты.«Конституция жобасында отбасы мен балаларды қорғау күшейтіліп, неке институтын нығайтуға бағытталған жаңа нормалар көзделген», – деп атап өткен Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева, «Қазақстандағы білім және тәрбие беру жүйесі зайырлы екенін Конституцияда бекіту қажет», – деген Қолданбалы экономикалық зерттеулер орталығының ғылыми жетекшісі Жақсыбек Құлекеев өз пікірлерін ортаға салды.
Мәжіліс депутаты, Amanat партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев Халық Кеңесі Құрылтайдың баламасы еместігін, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Конституцияға «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Заң мен Тәртіп» және «Таза Қазақстан» идеяларын енгізуді атап өтті.
«Қазақстан заңгерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Серік Ақылбай адвокатураның мәртебесіне қатысты нормалар әлі де нақтылауды қажет ететініне, Мәжіліс депутаты, «Ауыл» партиясы фракциясының жетекшісі Серік Егізбаев бүгінгі реформа тек білімді ғана емес, елдің болашағы үшін жауапкершілік алатын саяси мінезді талап ететініне тоқталды.
Әділет министрі Ерлан Сәрсембаевтың пайымдауынша, Конституцияда соттың санкциясынсыз ұстау мерзімдерін белгілеу қажет емес. Отырыста депутат Снежанна Имашева жаңа Конституцияны қабылдау неліктен орынды екенін түсіндірсе, Сенат депутаты Нұрлан Бекназаров Құрылтай мен Халық Кеңесі халықтың даусын билікке жеткізетін алтын көпір болатынын, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов шығармашылықты қорғау жаңа Конституциядағы маңызды норма екенін атады. Комиссияның басқа да мүшелері Ата Заңға енгізілетін өзгерістерге орай ой-пікірлерін айтты.
Кезекті отырыста Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия мүшесі, Қызылорда облыстық мәслихатының төрағасы Мұрат Тлеумбетов жергілікті өкілді орган – мәслихат төрағаларының атынан сөз сөйледі.
– Әділетті Қазақстанның өзегі – «Заң мен тәртіп» қағидатының Конституциямызда көрініс табуы туралы ұсыныс өзекті. «Заң мен тәртіп» – әр адамның өзіне тиесілі негізгі құқықтарын пайдаланудың қажетті шарты. Заң үстемдігі мен тәртіпке конституциялық пәрмен берілуі – елімізді жаңғыртудың жаңа кезеңіндегі мақсаттарымызға жетудің бірден-бір факторы. Ұлттық құндылықтарымыз бен елдің идеялық бағдарын Конституцияның кіріспесіне енгізу жөніндегі пікірлер орынды деп санаймыз. Конституция жобасындағы адамның ең жоғары құндылық екені, оның құқықтары мен бостандығы мақсатындағы жаңалықтарды қолдаймыз, – деді М.Тлеумбетов.
Мәслихат төрағасы неке және отбасы құндылығының Ата заң деңгейінде қорғалатынына, адами капиталды одан әрі дамыту бағыты кеңінен талқыланғанына, бұл заманауи цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні игерген адами капиталға сүйенген инновациялық экономикаға кеңінен жол ашатынына тоқталды.
Еске салайық, аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшесі ретінде комиссия отырыстарына, жекелеген жұмыс секцияларындағы талқылауларға қатысуда.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі





