Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тереңөзектің бас ақыны атанған...

Тереңөзектің бас ақыны атанған...

Тереңөзек аудандық «Еңбек туы» газетіне арнайы жолдамамен келіп, қызметке тұрғаныма да биыл 60 жыл толмақ. Сол жылдарды еске алғанда редакциядағы екі кісі айрықша еске түседі. Бірі – сықақшы Сұлтан Қожаниязов, екіншісі – ақын Мұхтар Сақтапов.

Редакция кеңсесі барақ типтес үйде бірнеше мекемемен бірге орна­ласқан. Көршілеріміз – аудандық оқу, мәдениет бөлімдері. Редакцияда бар болғаны 4-5 бөлме. Қасымызда аудан­дағы ең ірі дүкендер орналасқан. Дүкен меңгерушілері Балаш пен Мәуия болатын. Мұхаң оларға арнау, әзіл өлең­­дерін жолдап тұратын. Мұхтардың арқасында шай ішіп келеміз.

Газет редакторы Болатбек Аман­баев­­­­тан кең­дік­ті, орынбасары Бәкір Өтеповтен тәртіптілікті, Сұл­тан (Сұлте­кең) Қожаниязовтан батыл­дықты, тап­қырлықты, Мұхтар Сақтапов­тан адам­дармен жанасуды үйрендім десем болар. Басшылар редакцияға жас маман келді деп қуанса, көпшілігі сыни көзбен қарады-ау деймін.

Алғашқы редакцияның тапсырмасымен Қараөзек совхозының мал азығын дайындау туралы ісса­парда болдым. Ол кезде Қараөзек өзен­шеден паром арқылы өтетін. Сөйтіп шабындықтағы қызу еңбекті көріп келіп, «Еңбек туы» газетінде алғашқы мақалам жарияланды. Газеттің лездемесінде С.Қожаниязов, М.Сақтапов тағы басқа­лар оң пікір айтып, мені қуантып тас­тады. Бұл кезде газет жұмысына төселмеген кезім болатын. Міне, сол 1969 жылдың қыркүйек айынан бастап Мұхтар Сақтаповпен таныс-біліс болдым. Әзіл мен анекдотты бірсыдырғы айтатын. Біраз жыл қызметтес, дастарқан­дас болдық. Қарым-қатынасымыз жайлы Мұқан менің 70 жылдығымда бірге болып, маған былайша өлең арнаған:

Айнымадық аға-інілік жолдан біз,
Арман қуып, өсіп-өніп толғанбыз.
Бойымызға бір ұжымнан құт дарып,
Бір ананың баласындай болғанбыз.
Кейде отырып есіме алсам өткенді,
Көз алдыма елестейді көп белгі.

Мұхаң жазғандай бүгінде көп нәрсе естелікке айналды, көбісі ұмытылып та барады.

М.Сақтаповпен бірге бір-екі сықақ­ты бірге де жазғанбыз. Одан елді елең етерлік «Қараманов қайта үйленді», «Қарыз берген қайнаға» атты сықақ мақалалары оқырманға үлкен ой салды. Әттең жоғары оқу орнында оқымаған. Өзінің зеректігі мен зейіні арқасында бір кездегі «бала ақын» бүгінде «бас ақын» аталып, көптеген шә­кірт­терге жол көрсетіп, баулып жүр.

Мұхаң көпшіл болды. Оның бөл­ме­сінен ауданның беткеұстар азаматтары Бодан Есенов, Мырзабек Оразаев, Мұзаппар Байқожаев, Нағыман Абдул­лаев, Мұса Сексенбаев, Бекнияз Шертаев, Сергей Тоқсанбаев, т.б. кел­генде, бүркітше қомданып алып, әңгіме-дүкен құратын. Облыс, аудан басшыларының қызметтері жай­лы болжам жасап, оны схемамен жазып, сызып көрсететін. Көбіне Мұхтар айтқан болжам дұрыс шығып жататын. Мұның өзі оның саясатпен айналы­сатынын көрсетеді.

Мұхтар аға ұшқан алтын ұясы жайлы зерделесем, бүгінде бір қауым ел «Топан әулетіміз» дейді. Соның басында 1867-1868 жылдары есімі архив құжатына түскен Топан баба. Бұдан басқа ел әңгімелерінде Топанның Әбді­халық батырмен бірге ауылын қорғап, Қоқан және Хиуа бектерінің озбырлығына қарсы күрескені айтылады. Мұхаң батыр тұлғалы, мүмкін Топан бабасына ұқсаған болар. Менің архивімде Барат Топанов пен оның балалары Бұхар, Омарәлінің деректері сақталған. Сол құжатта Бараттың (1892) 42 жаста екені жазылған. Олай болса Барат Топанов 1849-1850 жылдары туған болады. Ал оның әкесі Топан шамамен 1870-1871 жылдары өмірге келген болып шығады. Топан ұрпақтары Перовскі уезінің Көткеншек болысында тұрған. Олардың қыс қыстауы Тораңғыл арық, тағы басқа жерлер. Топан бабаның бір баласы Сақтап, одан – Серке, Жаналхан, Шобдар, Иманәлі, Жүнісбайлар өмірге келген. Жаналханнан – Мұхтар, Марат.

Жаналхан Сақтапұлы 1897 жылы туып, 1973 жылы Тереңөзекте өмірден өткен, жаназасына қатыстық. Жаналхан ата да колхоз құрылысына қатысқан кісі. Ол 1933-1934 жылдары №7-ші ауылдың азаматы Әжібай мұраппен бірлікте отырып, Шіркейліден саға алып, алтыншы, жетінші ауыл ортасынан үлкен арық қаздыруға қатысқан (он шақырым болатын арық). Сондай-ақ 1920-1922 жылдары Шымкентте шығатын «Ақ жол» газетінің оқырманы болыпты. Тіпті оның қызметін сынап жазғаны осы газетте жарияланған. Ескі де, жаңа да білім алған. Тереңөзекте аудандық меке­мелерді басқарған. Соңғысы комхоз болған. Балалары Мұхтар мен Маратты оқытқан. Кенжесі Марат – жоғары білімді, ғалым, агроном. Тереңөзек ауданында бас агроном, совхоз директоры, басқа да қыз­мет­тердің тізгінін ұстады.

Мұхаңның анасы Бибіайша Аман­қожа­қызы 1906 жылы өмірге келіп, 1964 жылы дүниеден озған. Тереңөзектегі орталық қорымға жерленген. Мұхтар 1936 жылдың 5 ақпанында 6-шы ауылда дүние есігін ашып, сондағы мектепте алғашқы білімін алады. Сол кездегі (сол тұстағы) 6-шы, 7-ші ауылдарда негізінен қожа әулеттері тұрған. Бұл қазіргі Шіркейлі мен Қоғалыкөл ауылдары.

Мұхтар ағаның еңбек кітапшасында пионерлер үйінің директоры, мәдениет үйі және қырық бес жылдан астам үзіліссіз еңбек еткен Тереңөзек аудан­дық газеті. Газетте тілші, бөлім басшысы, жауапты хатшы сияқты жауапты қызмет атқарды. Газеттегі еңбегін айрықша атауға тиіспіз. Зейнетке шық­са да ауданның талантты, талабы бар жастардың қаншасына ұстаз болды. Әрбірін журналистика деген үлкен жолға салды десеңізші. Кеңестік кезеңде аудандық партия, кеңес орган­дарының «Құрмет» грамотасымен ма­дақ­талып, поселкелік кеңестің депутаты болып сайланды. Тәрбиелеген шәкірттерін атап өтсем, республикаға белгілі қаламгерлер Қайырбек Асанов, Жадыра Дәрібаева және жергілікті ақын Ақтөре Ибрагимұлы. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, облыстың «Құрметті журналисі», Сырдария ауданының құрметті азаматы, Сырдария ауданының бас ақыны Мұхтар Сақтаповтың 2008 жылы «Көңіл шуағы», 2013 жылы «Қайырлы таң, туған жер!» атты өлеңдер жинағы жарық көрді. Мұхаңның кітаптарын оқырмандар жылы қабылдады. Осы мақа­ланың жазылуына ақынның қызы Света Мұхтарқызының да үлесі бар.

Осы тұста Мұхтар ағаның осынау жетістіктерге қол жеткізуіне құдай қосқан қосағы Несібелі Жалтырқызы Қалниязованың еңбегі ұшан-теңіз демек­пін. Мұхтардың түзу жүріп-тұруына, балаларының өсіп-өнуіне апа­мыздың үлесі зор болды. Ауылдағы күйбең тіршілік болмағанда, Мұхтар есімі республикаға танымал, ірі ақын­дар қатарында болар еді. Ақын өзінің туған жері Тереңөзек өңірінде қызмет жасауды таңдады. Бұл да ақынның өз туған жеріне деген махаббатын, адал­дығын айқын көрсетеді. 1964-1965 жыл­дардың бірінде жаңақорғандық Адырбек Сопыбековпен айтысты.

Топан әулетінің бүгінгі ақсақалы да, қариясы да – Мұқаң. М.Сақтапов 6 баласынан 17 немере, 29 шөбере сүйіп отырған үлкен отбасы басшысы. Балаларының бірі – зейнеткер, екіншісі – белгілі басшы-ұстаз, үшіншісі – музыкант, төртіншісі – әке жолын қуған республикалық телеарна журналисі.

Сонау 1970-1971 жылдары жа­зыл­ған «Тереңөзек» атты өлеңі бүгін­нің тілімен айтқанда «хит» болған дүние.
Осы өлеңнің соңғы шумағынан үзінді:
Тереңөзек – терең жатқан жер төсі,
Тереңөзек – Сырдың сұлу еркесі
Тереңөзек – ән мен жырдың отауы
Тереңөзек – таланттардың өлкесі.
Шағын шумақтың өзінде қаншама сыр, жыр жатыр. 90 жасына қадам басқан қызметтесім болған Мұхаң (Мұхтар Сақтапов) нағыз талант иесі, халық құрметтеген ақсақал демекпін.



Тынышбек ДАЙРАБАЙ,
Сырдария ауданының
құрметті азаматы,
ҚР еңбек сіңірген қайраткері,
«Құрмет» орденінің иегері
31 қаңтар 2026 ж. 83 0