Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Amanat: Бірлік күні аясында волейбол турнирі өтті

Amanat: Бірлік күні аясында волейбол турнирі өтті

«AMANAT» партиясының қолдауымен және Бесарық ауылдық округінің ұйымдастыруымен Сырдария ауданының Бесарық ауылында волейболдан ашық біріншілік өтті.

Турнирдің ашылу салтанатына «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай, Қызылорда қаласының, Сырдария ауданының Құрметті азаматы, «Абай-Дәулет» серіктестігінің директоры Мұрат Сәрсенбаев, «AMANAT» партиясы Сырдария аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы, Сырдария аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Әйгерім Мешітбаева және ауыл ардагерлері, спортшылар қатысты.

Жарыстың ашылу салтанатында облыстық партия филиалының төрағасы Жандос Базартай құттықтау сөз сөйледі.

– Құрметті қауым, ең алдымен баршаңызды Бірлік күні мерекесімен құттықтаймын! Бұл мәні мен маңызы терең жалпыхалықтық мейрам. Мереке аясында сіздермен спорттық іс-шарада бас қосып тұрмыз. Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде бұқаралық спортты дамыту бағытында нақты жұмыстар атқарылуда. Ел Үкіметінің және облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың қолдауымен аймағымызда да спорт саласы қарқынды түрде дамуда. Бұл жұмыстар «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы мен партиялық жобаларында да көрініс тапқан. Мәселен, Бесарық ауылындағы спорт кешені партияның сайлауалды бағдарламасы аясында пайдалануға беріліп, бүгінде спорт нысанында жүздеген ауыл баласы спортпен шұғылдануда. Бүгінгі турнирге де 12 команда, 150-ге жуық спортшы қатысуда. Жарысқа қатысушыларға жеңіс пен сәттілік тілеймін, – деді Жандос Нұртайұлы.

Өз кезегінде Қызылорда қаласының, Сырдария ауданының Құрметті азаматы, «Абай-Дәулет» серіктестігінің директоры Мұрат Сәрсенбаев жарысқа қатысушыларды мерекемен құттықтап, тілектестігін білдірді.

Жарыстың ашылу салтанатында «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы мен партиялық жобаларын жүзеге асыруға қосқан айрықша үлесі мен Бесарық ауылының әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында сіңірген еңбегі үшін бірқатар азамат «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының, «Абай-Дәулет» серіктестігінің Алғыс хатымен марапатталды.

02 мамыр 2026 ж. 52 0