Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мұқаңның әзіл-қалжыңдары

Мұқаңның әзіл-қалжыңдары

Ақын ағамыз Мұхтар Сақтапов 40 жылдай аудандық газетте үзілізсіз жұмыс істеді. «Мұхаң айтыпты» деген кейбір әзіл-қалжыңдарын бүгінгі мерекелік санға ұсынғанды жөн көрдік.

«Мен Мұрынбаевпын»...

Аудандық газеттің келесі санын әзірлеп жатқан Мұхаң­ның қасында әдеби қызметкер Тыныштық Мұрынбаев отырған көрінеді. Кенет телефон шылдыр етіп, арғы жатқан аудандық партия комитетінің екінші хатшысы Файзулла Көзбаевтың өктем дауысы естіледі. Мұхаң трубканы Тыныштыққа ұстата қойды.

– Алло, бұл кім, Мен Көзбаевпын.

– Мен Мұрынбаевпын.

– Әй, оңбаған, кімді мазақтап тұрсың? Қазір әкеңді танытамын. Маған редакторды жібер, –дейді хатшы.

Содан редактор барып, барлық жағдайды түсіндіріпті. Түсіндірген соң ашулы Көзбаев сабасына түсіпті.

«Мияның іші кеңсе екен»...

Баспахананың директоры Еңсеп Ізбасханов деген кісі өте кішіпейіл, қарапайым адам екен. Бірде екі ұжым шөп шабуға совхозға жүргелі жатады.

Мұхаң Еңсептің қолдорбасына екі шыны арақты салып жатқанын көріп қалады. Шабындық басына келген соң әлгі арақты қалай ішудің жолын іздейді. Еңсеп қалың шөптің арасында көлеңкелеп, демалып жатқанда қасына Мұхаң келіп :

– Мияның іші кеңсе екен,
Деп жүрме біздің Есекең?!
Шалқайып жата бергенше,
Бірнәрсе тауып берсе екен?!
Інілерін қуантып,
Орталай бөліп берсе екен?! – деп өлеңдетеді.

Сонда Еңсеп:

–Ту, антұрған-ай қолдорбадағы екі көкмойынды көріп қойған екенсің ғой, ә. Ал, келіңдер, ішіңдер,– деп қолдорбасын қозғай бастапты.
«Бұл райфодан ғой»...

Ауылдың белсенді тілшісі Байназар Сүлейменов ағамыз әуелі мақаласын хатқа салып, соңынан іле-шала телефон соғып хабарласады екен. Әбден мезі болған Мұхаң телефонда Байекеңнің дауысын тани қойып:

– Бұл райфодан ғой,– дейтін көрінеді. Байекең қайта телефон соғады: «Прокуратура тыңдап тұр» – дегенде, ол кісі: – Ойбай, кешір інім, мен редакцияны сұрап едім, мына оңбаған қыздар сіздерге қосыпты-ау,– деп қиналатын көрінеді.

Кейін мән-жайды білген соң Байекең Мұхаңа:

– Әй, інім-ай, мені Шағанның телефоншы қыздарымен қырғи қабақ етіп қойдың-ау,– деп өкпесін айтыпты.

«Қазантаевтан да қорықпаймын»

Бірде кеңседе Сұлтекең (Қожаниязов) жігіт­терге: – «Мен ешкімнен де қорық­пай­мын, керек болса Қазантаевтан да», – дей берген көрінеді.

Кенет телефон шылдыр ете қалып, ар жағынан Қонекеңнің дауысы естіл­ді. Мұқаң трубканы Сұлтекеңе ұстата салады.

– Да, да-ие тыңдап тұрмын,– деп Сұлтекең дауысын мәнерлеп, өнер­леп соза сөйлейді.

– Мен Қазантаевпын, редактор қайда?,– дейді Қонекең зілді дауыспен.

– Ойбай, Қоныс­бекжан-ай, масқара болды-ау, мына иттер, мені, ту, кешір айналайын?! – деп әбден абыржиды.
Сонда Мұқаң:

– Сұлтеке, жаңа ғана «Қазантаевтан да қо­рық­паймын», деп едің, бұл қа­лай болды?! – деп қуақылана күліпті де әрі қарай бөлмеден шығып кетіпті.

Бұл жағдай біразға дейін редакцияда айтылып, талқыланған екен...

Шапанның шарапаты

Боксшы Бақтияр Артаев Олимпиа­да чемпионы атанып, аудан, ауыл аралап, жұртшылықпен кездеседі. Спортшы сапары Сырдария ауданында да ұйымдастырылады. Іс-шарада аудан әкімі сөз сөйлеп, ел мақтанышына құрмет көрсетіп, иығына шапан жабады деп жоспарланады. Бірақ қапелімді жақсы шапан табылмай әрі қалаға барып келуге де уақыт тапшы болып, аудан әкімдігінде еңбек ететін азаматтар Мұхтар Сақтаповта шапан көп болады деп, ардагерге қолқа салады да бір шапанын 10 мыңға сатып алып, ақынды іс-шараға қатысуға шақыра­ды.

Іс-шара орталық алаңда ұйым­дастырылып, халық көп жиналады. Әуелі аудан әкімі құттықтау сөз сөйлейді, спортшының иығына қазақы үрдіспен шапан жабады. Сосын Мұхтар Сақтапов арнау өлең оқиды. Мұнан кейін кезек жас әрі чемипон спортшыға беріліп, ол халыққа алғысын айтады. Боксшы Бақтияр Артаев өзінің жас екенін, әлі талай биікті бағындыратынын айта келе, иығындағы шапанды шабытпен өлең арнаған ардагерге жауып, ілтипат көрсетеді. Сөйтіп ақынның өз шапаны өзіне қайта бұйырады. Бірақ мұны бұл кезде ақынның өзі мен қалаға барып келуге уақыты тығыз болғандықтан шапанды ақыннан сатып алып кеткен әкімнің орынбасары ғана білетін-ді...
29 маусым 2024 ж. 132 0