Алаш және Түркістан автономиясы: тарихи таңдау
1917 жылдың соңында қазақ қоғамы тек патшалық билікті құлату мәселесін ғана емес, кім болып қаламыз, қалай өмір сүреміз, кімге сүйенеміз деген сұрақтарды алға қойды. Осы кезеңде ең күрделі әрі даулы мәселенің бірі – Алаш автономиясының Түркістан автономиясына қосылу-қосылмауы немесе Түркістандағы қазақтарды Алашқа қосу мәселелері негізге алынды. Е-history.kz1917 жылы жалпықазақ сиездерінен кейін «Қазақ» газетінде Түркістандағы қазақтарды Алаш автономиясына қосу жайлы: «Түркістан қазақтарын Алаш автономиясына қосу жайынан сөйлесуге Алаш ордасы тарапынан жіберілуге тағайындалған Бақыткерей Құлманов, Міржақып Дулатов, Тұрағұл Құнанбаев Түркістан шаһарында болатын Сырдария қазақтарының облостной сиезіне баруға 30 декабрьде жүріп кетті», - деп жазылады. Осындай мәселелер Орталықта, Батыста да жүріп жатты.
Ырғыздағы қазақтардың Алаш және Түркістан деп екіге бөлінгені жайлы «Қазақ» газетінде ашық жазылады. Бұл жайлы «Учитель Алман» бүркеншік есімімен былай жазады:
«28 декабрде Ырғызда автономия хақында жиылыс боды. Әр боылстан да ақсақалдар келді. Орынборда болған жалпы қазақ сиезі туралы доклад жасалды. Ондағы зиялылардың әртүрлі пікірлері айтылды. Барлық қазақ-қырғыз болып Алаш туын көтеріп, өз алдына бөлек автономия болмаққа қаулы болыпты. Мұнан соң уезный комиссар Теміров тұрып сөз бастады: «Алашорда» өз алдына автономия бола алмайды. Себебі мынау: әуелі шаруалығымызға жайсыз, екінші, Әлиханға ерсек, ол Севр автономиясына қоспай қоймайды. Севр деген жазалы, айыпты адамдардың жайы. Жер байлығы шамалы: алтыны аз, ағашы азған, елі қырық ру...», - дейді.
Теміровтің «Алаш автономиясы өз алдына өмір сүре алмайды» деген пікірі Алаш идеясының әлсіздігін дәлелдейтін уәжден гөрі, сол тұстағы қазақ қоғамында кең тараған күмән мен қорқыныштың айқын көрінісі болды. Ол қазақ даласының шаруашылық тұрғыдан артта қалғанын, жер байлығының аздығын, елдің рулық жіктелуін алға тарта отырып, ұлттық дербес автономияға сенбейтінін білдірді әрі Әлихан Бөкейханның есімін әдейі даулы ұғымдармен байланыстырып, халық санасында үрей туғызуға тырысты.
Ғабдолла Теміровтың Түркістан автономиясы жайлы ойы мүлде бөлек. Ол Түркістан автономиясына Алаштың қосылуын қалайды.
«Алашорда» бөлінбестен Түркістан автономиясына қосылу тиіс. Себебі мынау: Түркістан өсіп-өнген жеріміз, Түркістан жері нұрлы: ағаш, егін, мақта жақсы бітеді. Ар жағы Қытай, мына жағы Стамбул, Иран, Ауған, Хиуа, Бұхара – осылармен астарласып, әуелі дінімізді, екінші, дүние талабымызды жүргізіп, халық қатарына қосылып, күшейеміз. Жәнеде бір тарихтан оқып көріп едім: бір әулие адам айтып кетіпті-мыс. Адам баласы күншығыста өсіп-өніп, күнбатысқа қарай бетін түзеп, бірнеше жылдан соң, күнбатыстан күншығысқа қарай, баяғы өсіп-өнген жеріне қайтады деген екен. Сол айтқан заман болды ма деп, ойлаймын деп комиссар сөзін аяқтады», - дейді.
Түркістан автономиясын бай, қолайлы, сыртқы тірекке ие құрылым ретінде көрсетуі тәуекелге толы ұлттық жолдан гөрі, дайын саяси кеңістікке сүйенуді дұрыс көрген әкімшілік-прагматикалық ойлаудың белгісі еді. Осы тұрғыдан алғанда, Теміровтің сөзі Алашқа қарсы салмақты дәлел емес, керісінше қазақтың өз болашағын өзі айқындауға дайын не дайын емес екендігін айқындап берген тарихи күйге шекара іспетті болды.
Бұл шешімге байланысты Ырғыз жұрты екіге бөлінеді. Ол жайлы газетте былай жазылады: «Бұл пікірге қарсы, оқыған жастар мынау түрде өз пікірлерін айтты: Түркістан автономиясына қосылуымыз пайдасыз, адассақ Алаш ұранды қазақпен бірге адасайық. Түркістанға ұлы жүз һәм орта жүз қазағы қосылмайды. Кіші жүз болып, бірігіп Түркістан автономиясына тағы кіре алмаймыз. Себебі мынау: Бөкейік Орал облысы, Ақтөбе үйезі бұл қаулыға кірмес. Олар Алаш азып, бытырау жағына жүрмес. Егер олар Алаш ұранынан шықпаса, сонда ат төбеліндей Ырғыз үйезі не қылмақшымыз? Алаш деген ұранымыздан шығып, ордамызды бұзып, бытыратып, кіші жүзден бөлініп қайда бармақшымыз? Өзімізден көш төмен сартқа барып қол қусырып, тағзым етпекшіміз бе? – қой, бұл ақымақтық! Кешегі Орынборда болған қаулы дұрыс, мұнан бөлініп кете алмаймыз деген сөз айтылды. Мұнан басқада әртүрлі толық дәлелдер көрсетілсе де, қара халық көнбей, адасқанның алды жөн деген мысал, тіпті Ырғыз үйезі болса да, бөлініп Түркістан кетеміз деген пәтуаны қолданып, жіберетін адамдарын дайындады. Барлығы он бір адам: басы Теміров, Жаманмұрынов, Шектіден үшеу: Наурызбай, Сағынай, Алдасүгір; Төртқарадан: Байқабыл, Кенжеәлі, Түлкібай; Шөмекейден: Тұрмұхамет, Назар, Оразымбет молла», - дейді. Учитель Алман болса, « Оқыған жастар аз болып, бүктемеде қалды. Бұл қалай? Ел түзейме деген комиссарымыз, елді бұзуға айналдырды. Біз мұнысын Әлиханмен бәсекесі бар шығар деп жорыдық. Әйтпесе, бір төре қырға тартқанда, екінші төре Сырға тартып, Алаштың арасын ірітіп, шірітіп, бытыратып, бірлігін кетіру жағына дем беріп, от жағу Алаш ұлына жаны ашитын адамның істейтін ісі емес деп білеміз. Теміровтың көңіліне келетін шығар. Анаугіде құрылтай сайлауының списогынде депутаттық орнымды сыртымнан билеп, Ақтөбеге алып беріп еді. Енді Алашордасына сайланып, өзгелер айына 6-7 жүз сом жаловония алып, министр дәрежесіне жетіп жатқанда, мен неге қатардан қалып қойдым деп. Қой, қазақ! Біз ешкімнің жоғары шығуына жұмсайтын басқышы емеспіз, қалай болса, солай жетектеуіне ере беретін мал емеспіз. Бастаймын деген адам Алашты алаламай, тұтас бастасын. Бақ-береке бірлікте. Бірлігімізді бұзып, бытырату бізге достық емес. бізге шын жаны ашитын адам басымызды құрауға сөз сөйлеп, іс қылуы керек. Қалай айтса, олай айтсын, Алаш ұлы болып, Алашордасынан қашамыз деуіміздің жөні жоқ. Ешкімнің алдау-арбауына түспелік, азбалық-тозбалық, береке бірлікте екенін ұмытпалық, Алаш болып бірігелік», - деп өзінің ішкі күйін ашық жеткізеді. Ғабдолланың Ырғыздағы ой-пікіріне «Қазақ» газетінің басқармасы да, «Әуелі, Ғабдолла Теміров Алаштың атынан бездіріп, қазақты қашыра сөз айтқанына ғажаптанамыз, үйткені, қазақты қанша анайы, ақымақ деп ойлағанда да, «Алаш!» деп айқай салғанда қазақ баласы ұранына жиылатынын Теміров білсе керек еді. Екінші, Севрді жазықты, айыптылар тұратын жайы деп, атынан шошыта сөз айтқанына ғажаптанамыз, үйткені, осы өзгеріс болып, ұлаққандар үйірін табатын күн туғанша, Ғабдолла Теміров Севрде тұрған адам еді һәм біздің білуімізше жазықты я айыпты болып тұрған емес, чиновник болып тұрған жері еді. Олай болса, Севр өңшең жазықты, айыпты бұзақылардың тұратын жайы деп түсіндіруін һәм сондай жерде өзінің баяғыдан бері тұруын қалай түсіну керек. Севрге қосылу деген, Алаш автономиясы аталмай тұрған кезде сөйленіп, бұл күнде әңгімеден шыққан мәселе. Оныс сөйлеп, енді ауызды ауыртпасақ та болар. Ендігі сөз Алаш ұлын біріктіруде. Алаш туын көтергенде Алаш ұлы адасып, бытырамауында», -деп жауап береді. Алайда, Қоқан (Түркістан) автономиясы 1918 жылы ақпан айында құлады. Ол небәрі бірнеше ай ғана өмір сүріп, саяси тұрғыдан толық қалыптасып үлгермей жатып, күшпен таратылды. Автономияның біртұтас әскери күші мен орталықтанған билік жүйесінің болмауы, ішкі алауыздық пен ұйымдасу әлсіздігі оның тез күйреуіне әкелді. Қоқандағы қанды оқиғалар Түркістан автономиясының сыртқы қысымға төтеп бере алмайтынын айқын көрсетті. Осы жағдай ұлттық автономия тек ниет пен ұранға емес, саяси бірлікке, нақты құрылымға сүйенуі қажет екенін дәлелдеді. Сондықтан Қоқан автономиясының 1918 жылғы құлауы Алаш қайраткерлерінің сақтықпен, дербес әрі тұтас ұлттық негізде әрекет ету ұстанымының тарихи тұрғыдан негізсіз болмағанын айқындап берді.










